Түркістанда тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 94 пайыз болды

Биыл Түркістан облысында газдандыру деңгейі 67,2 пайызға жетті. Бұл өңірде 1,4 млн адам көгілдір отынға қол жеткізді дегенді білдіреді. ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәлімдеуінше, энергетика министрлігінің бюджеттік бағдарламасы бойынша жергілікті әкімдікке 2021 жылы газ инфрақұрылымының 55 жобасын іске асыруға 7,9 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. 

Screenshot_104.jpg

Бөлінген қаражат есебінен 2021 жылы 5 жоба аяқталған. 

«Бұл 7 елді мекенді, шамамен 18 мың адамды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Елді мекендерді көгілдір отынға қосу жұмыстары Министрліктің ерекше бақылауында екенін атап өткім келеді», - дейді Болат Оралұлы.

Сонымен қатар, өңірді газдандыруды жалғастыру үшін 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 23,3 млрд теңге көлемінде қаражат көзделген. Бекітілген бюджетке сәйкес, 2022 жылы 10,2 млрд теңгеге 39 жобаны іске асыру қарастырылған, оның ішінде биыл 24 жобаны аяқтау жоспарланып отыр екен. Бұл газға қосымша 31 елді мекен, яғни 41 мыңнан астам адам қол жеткізеді деген сөз.

Айта кетейік, Түркістан облысында жалпы қуаты 220,07 МВт болатын қолданыстағы 20 ЖЭК нысаны бар.  2025 жылға дейін 11 ЖЭК нысанын іске қосу жоспарлануда. Электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифтің шамамен 60 пайызын энергия өндіруші ұйымдардан отын сатып алуға және тасымалдауға, импорттық материалдарды, қосалқы бөлшектер мен жабдықтарды, салық төлемдері мен экологиялық алымдарды сатып алуға байланысты шығындар алады. Бұл ретте ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті - мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады. Заңға сәйкес, халыққа электр энергиясына баға белгілеу, сондай-ақ электр энергиясын беру тарифтерін («KEGOС» АҚ-ның) Комитет реттейтін болады. 

Реті келгенде айта кетейік, қазіргі таңда облыста газбен қамтамасыз етілген елді мекендердің жалпы саны 457-і құрауда. Яғни, газбен қамтамасыз етілген тұрғындардың саны 1 млн 374 мың адам немесе 67,2 пайызға жетті деуге болады. Биыл 50 нысанның құрылысы жүргізілуде, 33 400 тұрғыны бар 15 елді мекен мен 4 мөлтек ауданды (Шардара қаласы) газға қосу жоспарланған. Нәтижесінде, 472 елді мекен немесе 1 млн 407 мың адам көгілдір отынды пайдалануға мүмкіндік алады.

14 АГРС салынды, оның ішінде 10 нысан жұмыс істеп тұр. Үшеуі биыл қосылады. Олар Қызыләскер, Ескі Иқан, Тоболин елдімекендерінде орналасқан. Біреуі (Шанақ) келесі жылы пайдалануға беріледі. Жалпы 2025 жылдың қорытындысы бойынша қосымша 250 елді мекенге газ құбырын тартып, газбен қамтамасыз етуді 722-ге (1 791 мың адамға), қамту көрсеткішін 87,6 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. 

Айта кетейік, бүгінде Түркістан қаласында газдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Сала мамандарының берген мәліметтеріне жүгінсек, қалада бүгінде 42 422 абонент газбен жабдықтау желілеріне қосылды. Дәл қазір көгілдір отынды 38 648 абонент пайдалануда. Тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 91,1% құрады.

2022 жылы жаңадан қоныстанған, жер телімдерін екіге бөлген, жер құжаттарын енді ғана заңдастырған 380 тұрғын үйді табиғи газбен қамту мақсатында, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жыл соңына дейін жеке тұрғын үйлерді газбен қамту нәтжесінде 1229 абонент табиғи газға қосылып, қамту көрсеткіші 94 пайызға жететін болады.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер