Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті.
Оның ішінде игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне кеңірек тоқталды. Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жердің мемлекетке қайтарылғанын және жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отырғанын айтты.
- Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын, -- деді Президент.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғанын ашық айтты.
- Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек, -- Мемлекет басшысы.
Реті келгенде айта кетейік, елімізде 2021 жылы бекітілген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының бір бағыты ел азаматтарын тұрғын үймен қамту және коммуналдық шаруашылықты дамыту жұмыстарына арналған. Осы орайда Түркістан қаласында тұрғындарды ауызсумен қамту жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанына тоқтала кетейік.
Қалада бас жоспарға сәйкес, мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу үшін бюджеттік несие беру, 16 мың шақырым ауызсу, су бұру желілерін жүргізу және жөндеу, 46 су құбыры желісін, коммуналдық сектордың 7700 шақырым желісін, 785 шақырым ирригация желілерін қайта жөндеу жұмыстары қарастырылған. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай ел тұрғындары толық ауызсумен қамтылып, инженерлік желілердің тозуы 12 пайызға дейін төмендемек. «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы да ауылдарда 12 мың шақырым инженерлік желі жөнделіп, үш жарым мыңнан астам елді мекеннің инфрақұрылымы жақсарады.
Түркістан облысындағы 831 елді мекеннің 86 пайызға жуығы ауыз сумен қамтылды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы С.Далиев: «Түркістан облысында 831 елді мекеннің 712-сі (7 қала, 705 ауылдық елді мекен) яғни 85,7 пайызы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, биыл ауыз сумен жабдықтау бойынша 53 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 26-сын осы жылы аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Ал, қалған 27 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі» дейді.
Басқарма басшысы Сәкен Шалабайұлының сөзінше, жыл аяғына дейін 13 елді мекенді (Сарыағаш-4, Келес-4, Қазығұрт-2, Ордабасы-3) ауыз сумен қамтамасыз ету, ал, 14 елді мекеннің (Сауран-1, Қазығұрт-1, Төлеби-5, Жетісай-2, Мақтарал-1, Ордабасы-1, Шардара-1, Түлкібас-2) тозығы жеткен су құбырларын жаңарту жоспарланған.
Сонымен қатар, орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 119 елді мекеннің 71-іне су құбырларын жүргізу, 48-іне блок-модуль кешенін (КБМ) орнату қажет. Өңірдегі елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2022-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспарын» бекітті.
Ал, Түркістан қаласы бойынша 38 820 абонент ішінде 37 655 абонент ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңға Кентау қаласындағы Біресек су кен орынынан 600 диаметрлік трубамен сағатына 1590 м3/сағ және Мырғалымсай ескі кен орнынан 800 диаметрлік құбырымен сағатына 3200 м3/сағ мүмкіндігімен қарастырылса, Шобанақ елді мекеніндегі 40 мың м3 резервуарға және Б.Майлина көшесі аумағында орналасқан 16 мың м3 су жинау резервуарына құйылып, су жинақталып, халыққа жеткізілуде.
Бұдан бөлек, жаз айларында Түркістан-Су мекемесінің меншігіндегі 21 су ұңғымасы арқылы және Арыс теміржолы ЖШС-нің меншігіндегі 14 су ұңғымасы арқылы қала ауыз сумен қамтамасыз етілуде. 2023 жылы 5 (Яссы және Шавгар, Мақтазауыт, Н.Тореқұлов, Орталық су қойма 5000 м3, 1,2 мөлтек аудандар.) нысанның құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Жалпы 5 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталған кезде 13961 абонент сапалы ауыз су жүйесімен қамтамасыз етіледі. Қаланың таза ауыз сумен қамтамасыз ету 98,5 пайызды құрап отыр.
Айта кетейік, Түркістан қаласында қуаттылығы тәулігіне 20 мың м3 сарқынды су тазарту имараты бар. Қабылданып жатқан сарқынды су көлемі тәулігіне 4500 м3.
Сонымен қатар, 127 шақырым сарқынды су жүйесі, 27 дана КНС бар. Түркістан қаласы бойынша орталықтандырылған сарқынды су жүйесімен қамтылу көрсеткіші 32,2 пайызды құрап, 12297 абонет пайдалануда.
Түркістан қаласын толық сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету үшін 15 нысанға бөлінген. Оның ішінде 3 нысан (Тұран-1, Отырар-1, Отырар ықшам ауданындағы көп қабатты тұрғын алаптан №21 канализациялық сорғы станциясына дейін ағын сулардың магистральды жүйесін салу) құрылыс жұмыстары аяқталып пайдалануға тапсырылған.
Қазіргі таңда 6 нысанның (Бірлік, Ортақ-1, Тұран-2, Бекзат, Отырар-2, Яссы және Ыждыхат) құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, республикалық бюджетке 4 нысан (Түркістан-Қызылорда тұрғын үй массиві, Алтын Шаршы, Ортақ-2, Яссы және Ыждыхат 2-кезең. ) қаржыландыруға ұсынылып, 2 нысанның (Ортақ-3 және Баянауыл аумағы) ЖСҚ рәсімделуде. Нәтижесінде 2025 жылы қала тұрғындары сапалы сарқынды су жүйесімен 95 пайыз қамтамасыз етіледі.
Орталықтандырылған кәріз жүйесімен Түркістан қаласының 12 297 абоненті қамтылған. 2021 жылы жоба бойынша қуаттылығы тәулігіне 20 мың м3 сарқынды су тазарту ғимараты іске қосылды. Қабылданып жатқан сарқынды су көлемі тәулігіне 4500 м3. Оның 72 шақырымы магистральды сарқынды су құбырлары қолданыста.
Биылғы жылы жалпы 15 жоба іске асырылуда. Қазіргі танда 3 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, 6 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қоса 4 нысан қаржыландыруға ұсынылып, 2 нысанның ЖСҚ әзірленуде. Нәтижесінде 2022 жылы кәрізбен қамту көрсеткші – 48,9%, ал 2023 жылы ұсынылған жобалар қолдау тапса көрсеткіш –80% қамтитын болады.
Орынтай Мүслімхан,
Түркістан қаласының тұрғыны