Жастар кәсіпкерлігіне қолдау көп

image.png

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіпкерлік саланы дамытуға ерекше назар аударды. Қазіргі таңда елімізде жастарды кәсіпкерлікке тарту өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны рас. Жастардың жеке кәсіп ашып, жұмыспен қамтылған жағдайда, мұның ел экономикасына қосар үлесі орасан зор болатыны сөзсіз. Алайда, жастардың көпшілігі кәсіпті неден және қалай бастарын білмейді. Ал, бизнесті дөңгелетіп әкетуге ниеті бар, бірақ, қолында қаржысы жоқ жас не істеуі керек? Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында жастарға жан-жақты қолдау көрсету мемлекетіміздің басты міндетінің бірі екендігіне тоқталды. Бұл кәсіп ашамын деген жастарға мемлекет тарапынан беріліп отырған үлкен мүмкіндік болмақ. Мұндай мүмкіндіктерді жас буын қалт жібермеуі керек. Мемлекет басшысы жалпы жастар саясатына, жұмыссыздық мәселеліне аса ден қойып отыр. Бұған дейін де жастаға әртүрлі жұмыс беру мүмкіндіктері ұсынылса, бұл жолғы қолдаудың жөні тіптен бөлек болғалы тұр.  

«Жас кезде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дегенді ұстанатын  қазіргі жастардың арасында  бизнесті неден, қалай бастауды білмей жүргендер бар.  Мұндайда олардың  Кәсіпкерлер палатасына жүгінгені жөн. Ол жерде бизнестегі перспективалық бағыттар, мемлекеттік қолдау құралдары туралы кеңес алып қана қоймай, кәсіп ашу үшін қандай қадамдар жасау керектігін үйретеді. Палатаның әрбір облыста филиалдары бар. Сонымен қатар, Түркістан қаласында жастарды қолдау мақсатында Жастар орталығы жұмыс атқарады. 

Реті келгенде айта кетейік, Түркістан қаласында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы қарқынды түрде қолға алынды. «Бүгінге дейін аталмыш бағдарлама аясында 4844 адам жұмыспен қамтылды», -- дейді сала мамандары. Тарқатып айтар болсақ, қазіргі таңда 2500 адам тұрақты жұмыс орындарына, 26 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 804 адам қоғамдық жұмыс орындарына жолдама алды. 363 жас маман жастар практикасымен жұмысқа орналасты. 24 тұрғын мемлекеттік грантқа ие болып, өз кәсіптерін ашуға кірісті. 35 адамға алғашқы жұмыс орындарына жолдама берілді. Сонымен қатар, 992 адам бастау бизнес жобасына қатысқан.

Соңғы уақытта дәл осы бизнес бастау жобасына көптеген өзгерістер енгізілуде. Солардың бірқатарына тоқталсақ. Мәселен, сала мамандары мемлекеттен қайтарымсыз 1 миллион  200 мың теңге алудың жолдары жеңілдегенін айтады. Кәсібін ары қарай дөңгелеткісі келетін  азаматтар бұдан былай 21 күн емес, бар болғаны 1 аптаның ішінде "Бастау бизнес" жобасы аясында білім ала алады. Сондай-ақ, оларға енді  құжат арқалап кеңсе аралаудың қажеті жоқ. Мұндай шаралардың барлығын бизнес.enbek.kz порталы арқылы онлайн форматта, үйден шықпай-ақ атқаратын болады. Содан кейін кәсібін ашқысы келетін дәрістеріне де онлайн қатысып, мамандардан кеңес ала алады. Оқуды аяқтағандар тест сұрақтардың 70 пайызына дұрыс жауап беретін болса, 3 жылға жарамды сертификатты иеленеді. Ал, бұл сынақтан өте алмай қалғандарға 1 жыл ішінде тесті қайта тапсыруға мүмкіндік бар. 

Түркістан қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ақмарал Жолаеваның мәлімдеуінше, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 298 азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды, 256 азаматқа қайтарымсыз мемлекеттік грант қаражаттары ұсынылды. Ал биылғы жылы кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі жоспар көрсеткіші еселеніп, 360 азаматты онлайн форматында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту және 273 азаматтың бизнес идеяларын қаржыландыру көзделіп отыр. Яғни, биыл жыл соңына дейін 273 адам кәсіпкерлік бағытта білім беріліп, мемлекеттік грантты қалай қатысуға болатыны жөнінде кеңес айтылады. Үміткерлер үшке бөліп оқытылады. Жобаға қатысуға 29 жасқа дейінгі жастар, аз қамтылған отбасы мүшелері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, мүгедектер, өзге өңірден қоныс аударушылар мен асыраушысынан айырылғандар өтініш бере алады екен. 

– «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді», - деді Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы 1 қыркүйектегі Жолдауында.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер