Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударды.
- Ең алдымен, жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тарту үшін заңнаманы және рәсімдерді барынша жеңілдету керек. Геологиялық ақпарат туралы бірыңғай мәліметтер банкін құру жұмысын аяқтау қажет.Үкіметке индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырамын.Былтыр менің тапсырмам бойынша барлық арнайы экономикалық аймақтың тиімділігі бағаланды. Соның нәтижесінде түйткілді тұстарды анықтап, тың тәсілдерді ойластырдық. Енді арнайы экономикалық аймақтарды дамыту үшін мүлде басқа саясатқа көшкен жөн.Қазіргі таңда шетел компаниялары Қазақстанға көше бастады. Сондықтан, бұл мәселе тіпті өзекті болып отыр, -- деді Президент.
Айта кетейік, Түркістан қаласында биыл шетел инвесторлары есебінен 7 жоба іске асырылып, 278 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұйыртса, алдағы 5 жылда 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Тарқатып айтар болсақ, оның ішінде 2025 жылға дейін инвесторлар есебінен тұрғын үйлер құрылысын жүзеге асыру көзделген. Ал, 2023 жылы Шейх Халифа бен Заид Аль Нахайянның қоры «Ана мен бала» орталығының құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыратын болады. Сонымен қатар келер жылы «House Development» ЖШС «5000 адамға арналған» мешіт құрылысын бітіретін болады. «BN2» ЖШС-і де бес жұлдызды қонақ үйдің құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр.
Мұнан бөлек, 2023 жылы «Интерстрой» ЖШС сауда ойын-сауық орталығының құрылысын аяқтау жоспарланған. 2023 жылы «Қылует» қайырымдылық қоры «Қылует» рухани-мәдени орталығын ашпақ. Осы жылы «Бозарық АБЗ» ЖШС «Асфальт-бетон шығаратын зауытын және битум қоймасының терминалын ашу көзделуде. Келер жылы «BAZIS-A» ЖШС-і «Yassy tower» бизнес орталығының құрылысын, «ATM TURKISTAN HOSPITAL» ЖШС-і 570 койкалық көппрофилді медицина орталығының құрылысын, «Shуmkent Triumph Construction» ЖШС-і сауда ойын-сауық орталығының құрылысын аяқтау жоспарланған.
- Арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру керек. Неғұрлым көп ақша салсаң, соғұрлым көп жеңілдік аласың деген ұстаным басты қағида болуы қажет. Жұмыс істейтін саласы негізгі бағыт болмаса да, маңызды индустриялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар бар. Оларға салық және кеден жеңілдіктерін ұсынбай-ақ, жер телімдерін беруге болады.Барлық инвестициялық міндеттемесін адал орындайтын кәсіпорындар да бар. Оларға арнайы экономикалық аймақтан жер телімін жеке меншікке беру мәселесін шешу қажет.Жалпы, инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі. Келесі мәселе. Бұған дейін айтылғандай, мемлекет өзінің экономикаға араласуын біртіндеп азайта береді.«Самұрық-Қазына» қоры экономиканың басты салаларына бақылау жасауға ғана мүмкіндік беретін мажоритарлы үлесі бар инвесторға айналады. Қордың басқа активтері мен акцияларын жекешелендіру керек. Оны жүзеге асыруға «Халықтық ІРО» тәсілін де қолдануға болады. «Самұрық-Қазына» қоры жеке инвесторлар дербес жүзеге асыра алмайтын аса маңызды жобаларға инвестор ретінде қатыса алады. Мұндай жобаларды Президент анықтайды, -- деді Мемлекет басшысы.
Түркістанда «Turkestan» индустриялды аймағын дамыту бағытында көптеген жұмыстар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда аталмыш индустриялды аймақтың қолданыстағы 40 гектар аумағын алып жатқан жер 190 гектарға ұлғайтылды. Инфрақұрылымын жүргізу жұмыстары қолға алынған. Айта кетейік, мұнда 2016-2022 жылдар аралығында 1330 жұмыс орыны ашылып, 27 кәсіпорын іске қосылды. Оның ішінде атап айтар болсақ 2021 жылы 4 жоба іске қосылып, 557-дей жаңа жұмыс орны ашылды.
Бүгінде 3 кәсіпорын, яғни асфальт-бетон, газоблок және газобетон шығаратын зауыттарды іске қосу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұйыртса, аталған зауыттар іске қосылатын болса, 54 жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.«Тurkistan» арнайы экономикалық аймақты дамыту бағытында қалада 4 аймақ жұмыс істеуде. Оның ішінде әкімшілік-іскерлік орталық аумағы 1578,64 гектарды, әуежай аумағы 967 гектарды, тарихи мәдени орталық аумағы 861,75 гектарды, өндірістік аймақ аумағы 180 гектарды алып жатыр. 2019-2023 жылдарға арналған жоспар бойынша 3,5 мыңға жуық жұмыс орындары ашылуы көзделген болатын. Сондай-ақ, 67 жоба жүзеге асырылуы жоспарланды. Бүгінгі 20 жоба іске қосылып, 1590 жұмыс орыны ашылды.
Биыл жыл соңына дейін 244 жаңа жұмыс орнын ашу және 16 жобаны жүзеге асыру көзделген. 180 гектар өндірістік аймақта қолға алынатын жобалар қаладағы үздік жобалардың бірі болмақ. Өйткені, бұл жерлерге инвесторлар тарапынан сұраныс жоғары. Алдағы уақытта мұнда замануи технологиялармен жабдықталған 50 астам кәсіпорын іске қосылатын болады.