Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Жолдауында алдағы реформалардың бағытын бес бағдар бойынша айқындап берді. Елімізде қоғамның барлық саласын жаңғырту осы ұстанымдар арқылы жалғасын табатын болады.
- Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс, -- деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Осы орайда, Түркістан қаласында аталған бес бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасына тоқталсақ. Алдымен Түркістан қаласының 22,4 мың гектар аумақты алып жатқанын айталық. 2022 жылдың 1 тамыз айында алынған есеп бойынша айтар болсақ, қалада халық саны 194 774 адамды құрады. Бұл көрсеткіштің өткен жылдың осы кезеңмен салыстырғанда, 5,6 пайызға артқаны байқалады. Қаланы мекен еткен тұрғындардың пайыздық үлесіне келер болсақ, қазіргі таңда қалада қазақтардың пайызды үлесі 72,1 пайызды құрайды. Өзбектер – 25,6, орыстар – 0,8, ал одан басқа өзге ұлт өкілдері 1,5 пайыз болып отыр.
Өткен жылы қаладағы өнеркәсіп саласы бойынша өндірілген өнім көлемі 14,8 млрд. теңгені құраған болатын. Ал, биылғы жылдың 9 айында өнеркәсіп саласы бойынша өндірілген өнім көлемі 15,4 млрд. теңгені құрап, бұл көрсеткіштің былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,8 пайызға артқаны байқалады.
Мемлекет басшылы Жолдауында «Жалпы, инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі», -- деп атап өтті. Сондықтан, реті келгенде Түркістан қаласында тартылған инвестициялар жайлы да айта кетейік. Ағымдағы жылы Түркістан қаласына 179,1 млрд. теңге инвестиция келуі жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда соның нақты орындалуы 192,1 млрд.теңгені құрады. Бұл пайыздық көрсеткіштен айтатын болсақ, көзделген жоспар 7,3 пайызға артығымен орындалды. Реті келгенде тілге тиек ете кетейік, қалада 2019-2023 жылдар аралығында 95 инвестициялық жобаны іске асыру мақсат етілген-ді. Соның нәтижесінде қалаға 761 млрд. теңге көлемінде инвестиция келеді деп күтілуде. Биылғы жылы шетел инвесторлары есебінен 7 жоба жүзеге асырылып, шетел инвесторларынан 6,2 млрд. теңге көлемінде қаржы түсті. 278 жаңа жұмыс орны ашылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Былтыр менің тапсырмам бойынша барлық арнайы экономикалық аймақтың тиімділігі бағаланды. Соның нәтижесінде түйткілді тұстарды анықтап, тың тәсілдерді ойластырдық. Енді арнайы экономикалық аймақтарды дамыту үшін мүлде басқа саясатқа көшкен жөн.
Қазіргі таңда шетел компаниялары Қазақстанға көше бастады. Сондықтан, бұл мәселе тіпті өзекті болып отыр. Арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру керек. Неғұрлым көп ақша салсаң, соғұрлым көп жеңілдік аласың деген ұстаным басты қағида болуы қажет. Жұмыс істейтін саласы негізгі бағыт болмаса да, маңызды индустриялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар бар. Оларға салық және кеден жеңілдіктерін ұсынбай-ақ, жер телімдерін беруге болады. Барлық инвестициялық міндеттемесін адал орындайтын кәсіпорындар да бар. Оларға арнайы экономикалық аймақтан жер телімін жеке меншікке беру мәселесін шешу қажет», -- деді.
Осы орайда, «ТURKISTAN» индустриалды аймақты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысына да тоқтала кетейік. «TURKESTAN» индустриялды аймағы қолданыстағы 350 га аумақты алып жатыр. Қазір бұл жер инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуде. Жалпы айтар болсақ, мұнда 13,1 млрд. теңге қаржы тартылып, 1330 жұмыс орыны ашылды. Алдағы уақытта тағы да 27 кәсіпорын іске қосу жоспарланып отыр. Статистикалық көрсеткіштерге сүйенер болсақ, мұнда 2016-2022 жылдар аралығында 8,6 млрд. теңгені құрайтын 19 жоба іске қосылды, қосымша 857 жаңа жұмыс орны ашылды. Сала мамандары: « 2016-2023 жылдар аралығында өндірілген өнім көлемі 10,9 млрд. теңге болса, ал салық түсімі осы уақыт аралығында 1 млрд. теңге құрайды», -- дейді.
Ағымдағы 2022 жылы 900 миллион теңгені құрайтын 3 кәсіпорын іске қосылады деп күтілуде. Олар: «Асфальт бетон» зауыты, «Газоблок» зауыты және «Газобетон» зауыты. Аталған кәсіпорындар іске қосылатын болса, қалада қосымша 54 жаңа жұмыс орыны ашылатын болады.