Түркістан – 2 мың жылдық тарихы бар көне қала. Бүгінде Түркі елдерінің рухани орталығына айналған шаһарда Қожа Ахмет Ясауи бастаған 21 хан, 56 баһадүр батыр мен әулие-әмбиелердің сүйегі жатыр.
Ұлт тудырған ұлы тұлғалардың мәңгілік мекені болған тарихи шаһар сонысымен де киелі һәм қасиетті. Түркі елдері тәу етіп, рухани бойтұмарына айналдырған аядай шаһар бүгінде бауырлас елдерге ғана емес, әлемге әйгілі әлеуетті қалаға айналып отыр. Елбасының Түркістан облысын құрып, оның орталығы етіп осы шаһарды белгілеуі қаланың ықылым заманнан бергі қасиетін арттырып, беделін биіктете түсті. Бүгінде Түркістан қаласында көптеген шаралар қолға алынған. Кәсіп бастаймын деушілерге де мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар көрсетілуде. Солардың бірі ретінде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетсек. Осы бағдарлама аясында қазіргі таңда қалада 6912 адам жұмыспен қамтылды. Олардың 3271-і тұрақты жұмыс орындарына жолданды. Ал, 272-і кәсәптік оқуға қатысты. 125 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. 501 жас жастар практикасымен қамтылды. 843 адам қоғамдық жұмыс орындарына жолданды. 24 адам мемлекеттік грантқа ие болды. 35 адам алғашқы жұмыс орындарына жолданды. 992 адам бастау бизнес жобасына қатысты. «Бастау бизнес» жобасы бойынша 1674 сертификат алып, 191 адамға мемлекеттік грант берілді.
Жалпы қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша 155 073 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер жұмыс жасауда. «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жұмыссыз азаматтарға арналған кәсіп ашу мақсатында 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз гранттар, жаңа бизнес идеяларды қолдау мақсатында 5 млн. тг дейінгі қайтарымсыз гранттар және кәсіп ашу немесе бар кәсібін дамыту мақсатында жеңілдетілген несиелер қарастырылған. Сонымен қатар, Агронесиелік корпорациядан, «Ырыс» микроқаржылық ұйымынан пайызы жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі бар. Краудфандинг алаңын қолдана отырып инвестиция тартуға да болады», -- дейді сала мамандары. Сонымен қатар, Түркістанда инвесторлардың көмегімен микробизнесті, стартаперлерді, «Бастау Бизнес» түлектерін қолдау мақсатында алғаш рет «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы ұйымдастырылған. Бұл алаңда мол табыс табудың қыр-сырын үйретіп, кәсіптің өркендеуіне үлес қосуға өңір кәсіпкерлері қолдау көрсетеді. Қазіргі таңда, аталған жобаның 3 маусымы өтті. 88,3 млн. теңгеге 23 жоба кәсіпкерлер тарапынан қолданып отыр.
Айта кетейік, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында екінші деңгейлі банктерден 6% несие алу мүмкіндігі бар. «Алайда, білесіздер, банктер жекеменшік болғандықтан, өздерінің белгілі тәуекелдері болады. Сол себепті, несие беру үшін банктер жылжымайтын мүлікті кепілге қоюды сұрайды. Соңғы жылдарғы табысыңызды есептейді, несие тарихыңызға мән береді. Жоба аясында «Микро және шағын кәсіпкерлікті қолдау» бағыты бойынша инвестициялық мақсаттарға 20 миллион теңгеден аспайтын, айналым қаражатын толықтыруға 5 миллион теңгеден аспайтын несие алуға болады (ломбардтардың, микроқаржы, факторингтік ұйымдардың және лизингтік компаниялар, сауда саласын қоспағанда (тамақ өнімдерін сатуға жол беріледі) салалық шектеусіз жүзеге асырылады). Кепілге қойылатын мүлік құны жетпеген жағдайда Даму қорынан 50-85%-ға дейін кепілдік алуға болады. Мысалы, үйіңізді 20 млн. теңгеге есептесе, үйдің материалдарына, ахуалына қарай банк есептелген мүлік құнының 50-70% несие ретінде береді. Ұсынып отырған несие сомасы 10 млн. теңгені құрайды, ал сізге 20 млн. теңге қажет. Ол үшін Даму қорынан қажетті 10 млн. теңгенің кепілдігін алуға болады», -- дейді сала мамандары.
Мұнымен қоса, аталмыш жоба аясында «Кәсіпкерлер/индустрия-инновациялық қызмет субъектілерін қолдау» бағыты бойынша ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге 360 млн. теңгеге дейін бизнесі бұрыннан бар кәсіпкерлерге 1 млрд. теңгеге дейін мөлшерде несие алу мүмкіндігі бар. Аталған несиелерді РБК Банк, Форте банк, Еуразиялық банк, Жусан банк, Халық банктерінен қарастыруға болады. 2022 жылдың қаңтар айынан бастап 385 жобаға 12,7 млрд. теңгеге несие берілген. Ағымдағы жылы 218 кепілдендіру келісім-шартқа (сомасы 1,6 млрд. теңге) қол қойылған. Дамудың ашық деректеріне сәйкес, кепілдендіруге 2,3 млрд. теңге қаражат беріледі. Ал несие пайызын субсидиялауға 252,6 млн. теңге қаражат қаралған.