Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға Үкімет тарапынан барлық жағдай жасалған. Бүгінде Түркістан облысында 97,1 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде бірінші топтағысы – 7 709, екінші топта – 35 787, үшінші топта – 38 689.
Сонымен қатар, өңірде 14 916 мүгедектігі бар бала өмір сүреді. Олардың барлығы да мемлекетіміздің қамқорлығында. Елімізде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау ҚР Конституциясымен, «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңымен және өзге де нормативтік-құқықтық актілерімен реттелген. Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында көптеген шаралар қолға алынуда. Осы ретте аталған санаттағы адамдарды оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етілуіне тоқтала кетейік. Жалпы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту олардың тыныс-тіршілігінің шектеулерін еңсеруі үшін жағдайлар жасауға, әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруге, олардың әлеуметтік-тұрмыстық және қоршаған ортаға бейімделуіне бағытталған. Олар ҚР заңнамасына сәйкес оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша протездік-ортопедиялық, сурдо-тифлотехникалық, міндетті гигиеналық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторий-курорттық емдеумен, жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының қызметтерімен және басқа да әлеуметтік оңалту құралдарымен қамтамасыз етіледі.
Түркістан облысында биыл мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдауға барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 6,4 млрд. теңге қарастырылды. 1 қыркүйекке дейінгі мәлімет бойынша жеке оңалту бағдарламасының орындалу деңгейі 76,6%-ды құрады. 2021 жылғы қаңтардан бастап мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік қызметтер порталына толық көшу жүзеге асырылды.Порталға оңалту құралдары мен қызметтерін өз бетінше таңдау құқығы (олардың рейтингін, басқа пайдаланушылардың пікірлерін, құны мен сапасын ескере отырып), оларды алу мерзімдерін қысқарту, бизнес-процестердің ашықтығы, кең ассортимент және неғұрлым қымбат тауар үшін қосымша ақы төлеу мүмкіндігі берілген. «Бүгінде порталда 100-ден астам өнім беруші тіркелген. Осы талап тұрғысынан бұл бұрынғы тәсілге қарағанда анағұрлым тиімді» дейді сала мамандары.
Жүріп-тұруы қиын, кресло-арбамен және жеке көмекшінің қызметтерімен қамтамасыз етуге көрсеткіштері бар І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға қолдаудың қосымша шарасы ретінде «инватакси» қызметтері қамтылған. Облыс бойынша 35 инватакси және 42 әлеуметтік такси жергілікті бюджет қаражаты есебінен тасымалдау қызметін көрсетеді.
Реті келгенде айта кетейік, Түркістан қаласында да мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жүйелі түрде әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылуда. Биылғы жылы 9 айында 3716 астам мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетілді. Оның ішінде 380 адам протездік-ортопедиялық құралдармен, 400 сурдо – тифлотехникалық құралдармен, 285 адам қол арбамен, 304 адам жеке көмекшілер қызметімен, 541 адам шипажайға жолдамалармен, 198 адам инватакси қызметімен, 13 адам әлеуметтік такси қызметімен қамтылды. Бүгінгі атңда өңірде әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 3 бағытта жұмыс атқаруда. Олар: тең қоғам, белсенді ұзақ өмір және әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу.
Мүгедек жандар үшін барлығын қолжетімді етуде және кедергісіз орта қалыптастыруда мақсатында өңірімізде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Айталық, мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына кедергісіз кіруге конституциялық құқықтарын сақтау мақсатында облыста мүмкіндігі шектеулі адамдар жиі баратын объектілерде кедергісіз орта құру бойынша тиісті шаралар жүргізілуде. Сала мамандарының мәліметтеріне сүйенсек, облыста 2012-2020 жылдары 3 472 нысан паспортталды. Ал, биыл «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 516 нысанды бейімдеу жоспарланған. Бұл мақсатта жергілікті бюджет және демеушілер есебінен 177,7 млн. теңге қаралған. Мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді орта қалыптастыру шараларына зерделеу жүргізу мақсатында әр аудан, қала деңгейінде «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мониторингтік жұмыс тобы құрылды.
Тарқатып айтар болсақ, Кентау қалалық мониторингтік топ мемлекеттік және жекеменшік мекемелерге қолжетімді орта қалыптастыру және әдістемелік көмектер көрсетіп, қолданыстағы ережелер жиынтығының талаптарына сәйкестендіру туралы түсіндірме жұмыстарын қолға алды. Нәтижесінде, 27 мекемеге айыппұл салынып, түзету жұмыстары жүргізілуде. Қолжетімділік көрсеткіштерін жоспарлы арттыруды қамтамасыз ету үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бейімделген объектілер бойынша мәліметтер көрсетілетін «қолжетімділіктің интерактивті картасын» әзірлеп, іске қосты.
Бүгінгі таңда облыста 97,1 мың мүгедектігі бар адамның 58,3 мыңы жұмыс істеуге қабілетті. Бұл пайыздық көрсеткішпен есептегенде 60 пайызды жуықтайды. Осы ретте Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 сәуірдегі «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» заңының 31-бабына және 2016 жылғы 6 сәуірдегі «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңының 27-бабына сәйкес азаматтардың жекелеген санаттарын, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квоталар бекіту қарастырылған. Осыған орай 2022 жылғы 13 маусымдағы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің № 498 бұйрығымен ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыс орындары санын 2-ден 4 пайызға дейін көбейтуге квота мөлшері бекітілген. 2022 жылы мүгедектігі бар адамдар үшін жалпы облыс бойынша 227 мекемеден 278 адамға жұмыс орындарының квотасы бекітіліп, биылғы 1 қазанға дейінгі мәлімет блйынша нақты 106 адам жұмыспен қамтылған. Бұдан бөлек, «2021–2025 жылдары кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» шеңберінде 3 мың мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту шараларына жолдау жоспарланып, қазіргі кезеңге 3 810 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 1 012 адам тұрақты, 2 653 адам уақытша жұмыспен қамтылып, 126 адамға грант берілді. 19 адам кәсіптік оқуға жолданды. Мысалы, Жетісай ауданындағы үшінші топтағы мүгедектігі бар адам Б.Бейсенов биыл жаңа бизнес идеясы үшін грант алып, темірден есік, балалар алаңшасына ойын-сауық құралдарын жасайтын дәнекерлеу цехын ашты. Кентау қаласындағы осындай санаттағы Б.Байдүйсенов те грант алып, тез жиналмалы лего қабырға жасайтын цехты жетілдіру үстінде.
Түркістан қаласында да халықты жұмыспен қамту, аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі түрде атқарылуда.Ұлттық жобаның «Еңбек» бағыты бойынша 6 912 адам жұмыспен қамтылды. Айта кетейік, бұдан бөлек аз қамтылған азаматтарға 3 727 отбасыға 1144,8 млн. теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді.Атаулы көмек алатын отбаслырға, 3927 балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтықтары бар себет берілді.Түркістан қаласында 4 ҰОС ардагеріне 1 миллион теңгеден және409 тыл еңбеккерлеріне 30 мың теңгеден қаржылай көмек төленді.