Тарихы терең Түркістан шаһарындағы «Қуаныш» базарының «ғұмыры» біз бен сіз ойлағаннан да ұзағырақ. Мұрағаттық құжаттар көрсеткендей талай жан нәпақасын тауып отырған базар 1961 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. Қазіргі таңда бұл базар қаланың экономикасының дамуына, сауда-саттықтың өркендеуіне мол үлес қосып отырған кәсіпкерлік нысандардың бірі. Ғасыр куәсі болған «Қуаныш» базары қазіргі таңда заманға сай жабдықталған. Мұндағы кәсіп иелеріне барлық жағдайлар жасалған. Базар бастығы , Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Инара Намазбаеваның айтуынша қазіргі таңда арнайы келісім-шартпен жұмыс жасап отырған кәсіпкерлердің саны екі мыңға шамалас. «Оның сыртында осы «Қуаныш» базарының ішінде қырыққа жуық жекеменшік иелері бар. Барлығын-дағы сауда жасап жатқандарды қосқанда екі мыңнан асады. Бес-он жыл бұрын қандай болды дегенге келер болсақ, даму бар.
Түркістанның облыс орталығы мәртебесін алуы тұтынушылардың өскелең талабына сай болу үшін, бізге үлкен жауапкершілік пен міндеттер жүктеді. Біз өзіміздің түскен пайдамыздың есебінен базарға жылда жаңғырту, күрделі жөндеу жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеміз. Кәсіпкерлерімізге барынша жайлы болуы үшін жылда инвестиция құямыз. Табысымыздың кем дегенде 30 пайызына дейін осы мақсатқа жұмсаймыз. Бұл Әбдіғаппар әкеміздің белгілеген жоспары. Сол ізбен жүріп, даму жұмыстарын кезең-кезеңімен атқарып келеміз. Бір кездері ғимараттардың ішінде жылу да болмады. Бірінен кейін бірін табиғи газға қостық. Бізде әлі күнге дейін барлық ғимараттар ауа баптағыш, желдеткіштермен 100 пайыз толық қамтылмаған. Шешілмеген мәселелеріміз көп. Бәрі де рет-ретімен, кезең-кезеңімен атқарылып келе жатыр»,- дейді базар басшысы.
Түркістандағы ірі базардың бірі саналатын «Қуанышта» кәсіпкерлердің қауіпсіздігіне аса мән беріледі. Базардың өн бойы бейнебақылау жүйесімен қамтылған. Ол тәулік бойы жұмыс істейді. Мұнда күзет агенттігі бар. Базар басшылығы күзет агенттігімен келісім-шарт бойынша жұмыс жасайды.
Бір айта кетерлігі мұнда кәсібі атадан балаға өткен, бүгінде сауданың көззін тапқан жандар да жетерлік. «Мұнда отыз жыл бойы бір орыннан тапжылмай табандылық көрсетіп, қаншама қиындықтарды бірлесе көтерген апа, көкелеріміз бар. Олардың арасында 90-шы жылдардан бұрын келгендері де бар. Киім, ет, азық-түлік саласында жетістіктерге жеткендері көптеп саналады. Олардың ішінде кәсібін отбасылық бизнес етіп, бала-шағалары жалғастырып жатқандары да жеткілікті. Мұны біз қазір «Дәстүр сабақтастығы», «Ұрпақтар сабақтастығы» деп атап жүрміз. Атасынан бастап, баласы жалғастырып, қазір немересі сауда жасап жатқандары да бар. Осы жерден зейнеткерлікке шығып, бизнесін ұлына, қызына қалдырғандарын немерелері жалғастырып жатқандары кездеседі. Тәлім-тәрбие үйретіп жатқандары мол. Мен бұған қуанамын. Себебі, өзім де әкемнің бизнесін жалғастырып келемін»,- дейді Инара Әбдіғаппарқызы.
Базар әкімшілігі жалға беру бағасына сақтықпен саралап, талдап таразылап барып, шешім қабылдауға келгенде үлкен жауапкершілікпен қарайды. Мәселен, доллар бағамы көтерілді. Мұнай бағасы өсті. Соған байланысты орынды жалға беру бағасын көтермеді. Себебі, базар басшылығы жылдың басында 1-ші қаңтарда әрбір кәсіпкермен келісім-шартқа отырады. Оны жыл бойы 31-ші желтоқсанға дейін бұзбайды. Жалға алу сомасы сол күйінде қалады. Бұған кепілдік пен сенім бар. Арадағы 30 жыл бойына базарда осы тәртіп қатаң сақталып келеді. «Әкем бұл мәселеге өте үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Халық-қа барынша қолайлылық, жайлылық жасау ол кісінің ұстанымы еді. Біз үшін халықтың сенімі үдесінен шығу парызымыз»,- дейді базардың иесі.
Қазір күн санап тұтынушылардың талабы күшейіп келе жатыр. Осыған байланысты базарда аумағында көкөністі бақылайтын токсикологиялық зертхана бар. Ет, сүт өнімдерін тексеретін сол павильонда ветеринарлық зертхана жұмыс істейді. Зертхана мамандары тексерулерін дербес өткізіп, сатуға тиісті құжаттарын береді. 1990 жылдан бері базарда барлық өнімдерді өткізудің талаптары, стандарттары сақталып келеді. Кәсіпкерлер де өз кезегінде көтерме саудаға шығаратын мекемелерден, өндіріс орындарынан сертификатын, керекті құжаттарын талапқа сай етіп алады. «Бұл клиент келесі жолы да азық-түлік өнімдерін етті, сары майды, ірімшікті келесі жолы да менен сатып алсын» деген кәсіпкер халыққа сапалы өнім ұсынып, қалтқысыз қызмет көрсетуге тырысады. Себебі, қала тұрғындарының денсаулығы оның атқарған қызметіне қатысты екендігін терең сезінеді.