Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Түркістан шаһары ежелден-ақ сауда-саттықтың орталығы болған. Яғни қалада келім-кетім көп болған. Бұл дәстүрінен Түркістан қазір де жаңылған жоқ.
Былтыр түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін ресми түрде алған Түркістанда туризмді дамыту бағытында ірі жобалар қолға алынуда. Бұл бағыттағы жұмыстар жеміссіз емес. Қасиеті қалаға ағылған туристердің саны уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Енді алдағы уақытта Түркістанда туризмді дамытудың жаңа жоспары жасалмақ. Туристерді тартатын көптеген іс-шаралар ұйымдастырылмақ.
Салаға жауапты мамандардың айтуынша, өңірде туристер санын арттыру бағытында жан-жақты зерттеулер, сараптамалар жасалып, жұмыстар атқарылуда.
Түркістанның басты бренді әрі құндылығы – Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі. Бүгінде зиярат етушілері саны артып келеді. Дегенмен туризм өңірге нақты табыс әкелуі үшін саяхатшылар Түркістан шаһарында кем дегенде 2-3 күн аялдайтын жағдай жасау қажет. Бүгінде осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. 2021 жылы Түркістандағы кесенеге 1,4 миллион адам зиярат етсе, орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген келушілер саны қалада 100 мыңға жуық адамды құраған.
Алдағы уақытта шаһарда инфрақұрылымды жақсарту, туристік аймақтарға жол салу, Түркістан өңірінің ерекшелігіне сәйкес жаңа құндылықтар мен брендтер қалыптастырып, Наурыз мерекесін, көкпар бәсекелерін, қызғалдақтың гүлдеу сәтін туристерге ыңғайлап, тартымды іс-шараларын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен бірге шығыс базарының жұмысын жандандырып, қолөнершілер мен жергілікті кәсіпкерлердің мүмкіндігін тиімді пайдалану жолдары да қарастырылмақ
Туризм саласында кәсіби мамандарды даярлау, сервистік қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында Түркістан қаласында ашылған Халықаралық туризм және меймандостық университетінде 2 мыңға жуық жас білім алуда. Университ студенттері халықаралық үлгідегі екі диплом алады. Бұл оларға өз мамандығы бойынша әлемнің кез келген нүктесінде кедергісіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді.