Бәйдібек ауданының тарихы тым тереңде жатыр. Ауданда көне ғасырлардан бері келе жатқан көптеген мекендер бар. Мұнда бірнеше мыңжылдықтың құпиясы ашылмай жатыр десек болады. Зерттеуші ғалымдардың айтуына қарағанда, Қазақстанда 140-тан астам үңгір бар екен. Солардың басым бөлігі, дәлірегі 80-ге жуығы Қаратау жотасында орналасқандығы анықталды. Бұдан бөлек үңгірлерді Талас Алатауы, Өгем жоталары, Үстірт пен Маңғыстауда, Сарыарқа мен Алтайда, Тарбағатай мен Жетісу Алатауында кездестіруге болады.
Үңгірдің пайда болуы спелеология ғылымында «жер асты суларының әрекеті нәтижесінде утас, доломит, тас тұзы, гипс сияқты тез еритін шөгінді жыныстар тараған ауданда, таулы-тасты жерде пайда болады» деп түсіндіріледі. Үңгірлердің ұзындығы ондаған, жүздеген метрден, кейде бірнеше ондаған километрге дейін жетеді. Жер асты және тау беткейлеріндегі үңгірлердің бір немесе бірнеше ауыздары жер бетіне шығып жатады.
Қазақстан жеріндегі ежелгі үңгірлердің бірі Бәйдібек ауданында орналасқан. Таңғажайып табиғатымен ерекшеленетін Тұттыбұлақ сарқырамасының маңындағы үңгір өткен ғасырдың орта тұсында табылған болатын. «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің қорғау аймағындағы Тұттыбұлақ үңгірі қазіргі таңда өзіне күллі әлемнің назарын аударып отыр. Қойнауы қазына мен жұмбақ-сырға толы бұл мекеннен қазып алынған артефактілер тас ғасырына тиесілі. Күнделікті еңбек құралы ретінде қолданылған қырғыш, тас табақ сияқты тағы басқа да заттар Германиядан сараптамадан өткен соң құнды жәдігерлердің 48 мың жылдық тарихы бары анықталды. Бұл - тарих үшін сенсациялық жаңалық.
Тұттыбұлақ үңгіріндегі археологиялық зерттеу жұмыстары ХХ ғасырдың ортасында басталған. «Үңгірдің қойнауына жасырған тарихи сыры барын білген Қазақстандағы тас дәуірі археологиясының негізін қалаушы, алғашқы қазақ археологтарының бірі, ғалым, менің ұстазым Хасан Алпысбаев 1959 жылы бұл орынды тапқанымен қазуға мүмкіндігі болған жоқ. Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге тұтастай топ атсалысуы тиіс. Сондықтан, бұл жұмыс кейінге қалып, ұстазымыздың бастамасын біз жалғастырудамыз, - дейді жобаның қосалқы жетекшісі - музейдің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, академик Жәкен Таймағамбетов.
Көп жылғы ізденіс тиісті нәтижесін берді. Ұлттық музей мен Германияның Тюбинген университетімен жасалған халықаралық келісім-шарт негізінде 2017 жылдан бері Palaesilkroad жобасы бойынша Қазақстан аумағындағы палеолит ескерткіштерін іздестіру мақсатында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Соңғы кездері ғалмыдардың назары – Тұттыбұлақ үңгірінде. Халықаралық қазба жұмыстарына Германия, Греция және Испания елдерінен археологтар тартылды.
Үңгірлерді зерттеу - археология үшін аса маңызды жұмыс. Өйткені мұндай жерлерде адам мен жан-жануарлардың қалдықтары жақсы сақталады. Бастапқыда іші кісі бойына жететін құм топырақ болған жерде археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатыр. Бұған дейін қазақ-орыс, қазақ-неміс, қазақ-жапон халықаралық экспедициялары жұмысының нәтижесінде Қаратау жотасынан бұрын-соңды белгісіз боп келген палеолит дәуіріне тиесілі үңгірлер анықталған. Осы орайда, шетелдік ғалымдармен бірлесе отырып заманауи технологиялар арқылы Бәйдібек ауданына қарасты Боралдай тауындағы Тұттыбұлақ үңгіріне сканерлеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде орта тас дәуіріне жататын күлдің қалдығынан әлемде сенсация ретінде қабылданған жаңалықтар ашылды.
Бұған дейін Тұттыбұлақ үңгірінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында тас құралдары мен қырғыштар, адамның жақ сүйегі табылған болатын. «Экспедиция 4 тас құрал тапты. Олардың әрқайсысы бөлек шикізаттан жасалған. Кварц – Тұттыбұлақ өзенінен табылған материал. Бұл үңгірдің маңайында мұндай шикізат көп емес. Соған қарамастан, адамдар өздеріне қажетті материалды тауып, осы кварцты таңдап, одан тастан жасалған құралдарды жасады. Бұл жағында кішкентай табақтар бедерленген. Ал бұл жағында әлдебір тұғыр бар», – дейді зерттеуші-археолог Абай Нәден.
Қазба жұмыстары таңғы сағат 8-де басталып, кешкі сағат 17.00-ге дейін жалғасады. Қазылған топырақ електен өткізіледі: қазба кезінде табылмаған жәдігерлерді тарихшылар қосымша тексеру кезінде таба алады.
–Үңгірлерді зерттеу біз үшін өте маңызды. Үңгірлерде адам мен жан-жануарлар қалдықтары жақсы сақталады. Біз сол жерден алынған үлгілер арқылы дезоксирибонуклеин қышқылына сараптама жасаймыз. Осылайша онда қандай адамдар өмір сүргенін анықтаймыз. Қазақстандағы үңгірлер қаншама тарихты қойнауына жасырып жатыр десеңізші! Бір ғана Қаратау жотасының әрбір тасы тұнған тарих. Үңгірдегі қазба жұмыстары біткен бойда бәрін қайтадан көмеміз. Бұл болашақ ұрпақ үшін, басқа зерттеушілер үшін өте маңызды. Өйткені, бізден кейін де археологтар келіп, бұл жерді зерттеп, тіпті басқа да құнды жәдігерлерді таба алады», – дейді «Palaesilkroad» жобасының жетекшісі Раду Йовица.
Зерттеушілердің айтуынша, Тұттыбұлақ Қазақстандағы жәдігер табылған алғашқы үңгір. Бұл әлемдік сенсация – қазақ ғалымдарының үлкен жетістігі. Табылған жәдігерлер бір жылға жуық зерттеледі. Олардың жасын және нақты дәуірін анықтау қажет.
– «Табылған жәдігерлер, егер олар тіс болса, зертханада зерттеледі, оған бір жылдай уақыт қажет, өйткені табылған заттың қай дәуірге жататынын анықтау қажет. Ал мұны археологтар емес, палеоантропологтар жасайды. Бұл кімнің гомо сапиенс немесе неандерталь екенін анықтауы керек», - дейді Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Жәкен Таймағанбетов.
Осы үңгірден алынған топырақ пен күл қалдықтарын ғалымдар бастапқыда 41 мың жыл деп топшыласа, Германияда жүргізілген зертханалық сараптама нәтижесінде оның 48 мың жылдық тарихы нақтыланды. Бұл көрсеткіш әлемдік сенсациялық жаңалық әрі қазақ археологтарының нағыз ғылыми жетістігі деуге болады. Оған себеп, ерте дәуірдегі топырақ қалдықтарының жасын цифрландыру тәжірибесі әлемде ең алғаш рет жүзеге асты. Осындай ауқымды археологиялық ізденістердің нәтижесінде Тұттыбұлақ Қазақстанда алғашқы қауымдық құрылыс адамдары тіршілік еткен ең көне үңгір екені дәлелденіп отыр. Осы сенсациялық жаңалықты жария ету үшін биыл ҚР Ұлттық музейі Боралдайдағы Тұттыбұлақ үңгіріне баспасөз-турын ұйымдастырып, оған Бәйдібек ауданы әкімдігі қолдау танытты. Аудан әкімінің орынбасары Бақыт Қырғызәлиев тарихи, киелі орындарға бай ауданның туристік бағыты алдағы уақытта тағы да бір жаңа орынмен толығатынына сенім білдірді.