«Turkistan» АЭА – жетекші экономикалық аймақтың бірі

image.png

Бүгінде кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан барлық тиімді жағдайлар жасалып келеді. Әсіресе кәсіпкерлік нысандарды бір орталыққа шоғырландыруға аса мән берілуде. Мұндай индустриалды, экономикалық аймақтар бизнес өкілдеріне көптеген мүмкіндіктер ұсына алады. Айталық дайын инфрақұрылым, салықтық жеңілдіктер т.б 

Осыған дейін облыс орталығы Түркістан қаласында кәсіпкерлік, өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға бағытталған «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы құрылған болатын. Бұл аймақ әу баста облыстың қаржылық әлеуетін арттыруды, кәсіпкерліктің тынысын кеңейтуді, ауыл шаруашылығы мен көлік-логистика қызметтерінің сапасын жақсартуды басты мақсат тұтты. Turkistan АЭА-сын құру мен дамыту жоспары 2043 жылға дейін жасалған. Межелі мерзімге дейін аты аталған аймаққа 1,2 миллиард теңге тарту көзделген. Үкімет қаулысы бойынша, Turkistan АЭА-ға бөлінетін қаржыландыру сомасының 60 пайызы шетелдік инвесторлардың үлесінде болады. Әу бастағы жоспар бойынша, 2023 жылға дейін тауар өндіру көлемі 98,3 миллиард теңгеге жетеді. Мұндағы отандық үлес 40 пайыз болады делінген еді. 

Қазіргі таңда «Turkistan» арнайы экономикалық аймақтың инженерлік инфрақұрылымның құрылысының екінші кезеңі жүзеге асуда.  Оранғай ауылында орналасқан экономикалық аймақта қазіргі таңда газ, жол, су, жылу мен кәріз жүйесінің құрылысы жүруде. Мұнда өрт сөндіру депосы, байланыс жүйесі, бақылау өткізу бекетінің құрылысы жоспарланған. 23 шақырым газ құбыры жүргізіліп, жұмыстар жалғасуда.  Сонымен бірге абаттанттыру жұмыстарын жүргізіледі. 

Айта кетейік, «Turkistan» арнайы экономикалық аймағының құрылу мақсаты - Түркістан қаласын жедел дамыту еді. Және де Түркістан қаласының туристтік әлеуетін арттыру және Түркі әлемінің рухани астанасы ретінде одан әрі қалыптасуы және туристтердің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және қанағаттандыруға қабілетті тиімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті туристтік инфрақұрылымды дамыту,  туристтерге қызмет көрсетуге арналған бірыңғай ақпараттық база құру болды. АЭА аумағы 1938,0 гектарды құрайды. АЭА аумағының құрамына 4 қосалқы аймақ кіреді: ауданы - 188,0 гектар тарихи орталық, ауданы - 1350,0 гектар әкімшілік-іскерлік орталық, ауданы 365 гектар және 35 гектар өндіріс аймақтары.

АЭА аумағындағы қызметтің басым түрлері - туристтерді орналастыру орындарын, санаториялық және сауықтыру нысандарын салу және пайдалануға беру, инфрақұрылым нысандарын, әкімшілік және тұрғын үй кешендерін салу және пайдалануға беру, ауруханаларды, емханаларды, мектептерді, балабақшаларды, мұражайларды, театрларды, жоғары және орта оқу орындарын, кітапханаларды, оқушылар сарайларын, спорт кешендерін салу және пайдалануға беру, өндіріс және қайта өңдеу нысандарын салу және пайдалануға беру, құрылыс материалдарының өндірісі, өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісі, дайын металл бұйымдарының өндірісі.

АЭА аумағындағы салықтық жеңілдіктер кәсіпкерлерге мол мүмкіндіктер береді. Айта кетсек, корпоративтік табыс салығы (КТС), жер салығы, мүлік салығы, қосылған құн салығынан жеңілдіктер жасау (ҚҚС) әжептеуір көмек. 

АЭА аумағындағы қатысушыларға ұсынылатын кедендік жеңілдіктер де бар. Нақтырақ тоқталсақ, АЭА аумағына тауарларды әкелу кезінде кедендік баждардан босату, 25 жылға дейінгі мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) жер учаскелерін беру кез-келген кәсіпкердің аяқтан тұрып жұмысын жандандырып әкетуіне зор мүмкіндік екені айтпаса да түсінікті.

«Turkistan» арнайы экономикалық аймағы Financial Times «Global Free zones of the year 2019» халықаралық рейтингісінде жетекші экономикалық аймақтардың бірі болып танылды. Бұл жаңалық Түркістанның экономикалық тұрғыдан дамуына елеулі ықпал етті. Бұл типтегі жеңістер Түркістан қаласын өзіне лайық деңгейге көтерілуіне көмек беріп, халықаралық деңгейдегі инвесторларды тартуына мүмкіндік жасайтыны сөзсіз.

Тек 2018 жылы құрылған «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы әлемнің үздік экономикалық аймақтарына лайықты бәсекеге ие болды және үш номинацияда SME Winner –Asia-Pacific (ШОБ жеңімпазы - Азия-Тынық мұхиты өңірі), Editor ' s choice awards - Ones to watch (редакторды таңдау – назар аударуға лайықты), Bespoke awards – Marketing slogan (арнайы марапат – маркетингтік ұран) жеңіске жетті.

«Turkistan» арнайы экономикалық аймағының жеңісі бизнесті қолдау, брендті серпінді дамыту және жылжыту саласында инвестициялар тарту және де жеткен жетістіктер бойынша белсенді жұмысы үшін берілді.

Бұл нәтиже «Turkistan» арнайы экономикалық аймағының дұрыс даму стратегиясы мен басқару тиімділігінің сөзсіз көрсеткіші болып табылады. 

Түркістан – жан-жақты бағытта дамитын, болашағы жарқын қала.  Бүгінгі таңда шаһардың 167 мыңнан астам тұрғыны бар. Қала халқының саны 2035 жылы 350 мыңға, ал 2050 жылы 500 мыңға жетеді деп болжануда. Түркістанды дамыту бойынша барлық жоспарлар тұрғындар санының өсуі ескеріле-есептеле жасалған. Бұл орайда қала аумағы ұлғайып, 25 000 гектарға жеткізілмек. Жаңа құрылыстардың сәулет стилі жергілікті ұлттық салт-дәстүрге сүйенетін болады.

АЭА-дағы инвестициялық алаңдарға кеңірек тоқталып өтсек.

Тарихи мәдени орталық. Жалпы аумағы 188 гектарды құрап отырған тарихи-мәдени орталық көне шаһарға келетін туристер легінің санын күрт көбеюіне тікелей әсер етпек. Таяу жылдары Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын тұста теңдесі жоқ нысандар бой көтермек. Мақсат-маңызы да, сәулеттік шешімі де ерекше жобалардың әрқайсысы Түркістанға келуші туристердің қызығушылығын арттыра түсетіні сөзсіз. Жалпы құны 6 миллиард теңгені құрайтын  Ұлы Дала елі жобасының, әрқайсысы бір жарым миллиард теңгеге бағаланатын Қожа Ахмет Яссауи мұражайы мен туристік визит орталығы, сондай-ақ Шығыс моншасы мен амфитеатр, сазды су бұрқақтар мен аттракциондар саябағы – бұл жобалардың демеушілері анықталып, құрылысы қазірден басталды. Ал Шығыс базары, дендрарий саябағы мен қазақ драмалық театры – инвестицияларды қажет ететі жобалардың қатарында.  Инвесторлар үшін ерекше қызығушылық туғызатын нысандардың бірі – Шығыс базары болмақ. Нағыз ежелгі шығыс базарының үлгісінде салынатын бұл сауда кешені ерекше сәулеттік стилімен және келушілерге ұсынатын тауарлары және кәдесыйларымен ерекшеленіп тұр. 

Әкімшілік-іскерлік орталық. Жалпы аумағы 1350 гектарды алып жатқан бұл аумақ қаланың әкімшілік және әскерлік орталығына айналады. Онда облыстық әкімдіктің, басқармалар мен департаменттердің ғимаратының құрылысы басталып, Медиа және Сауда орталықтары мен көптеген заманауи әрі ыңғайлы тұрғын үй кешендерінің, Оқушылар сарайы мен спорт, мәдени кешендерінің, «Конгресс Холл» мен әлеуметтік нысандардың іргетасы қаланды. Ерекше жобалардың қатарында 7000 орындық стадионды, бассейіні бар спорт кешенін және Астана алаңын атап өтуге болады. Инвесторлардың назарына жаңа тұрғын үй және қонақ үй кешендері,   білім беру және фитнес орталықтары, сауда-ойын сауық кешендері мен бизнес орталықтардың құрылысы ұсынылады. Бұлардың әрқайсысы жоғары сұранысқа ие болатын, қайтарымы мол жоба ретінде бағалануда.

Түркістан еркін экономикалық аймағының құрамындағы өндірістік субаймақтың инвестициялық әлеуеті мол. Мұнда жалпы құны 37 миллиард теңгені құрайтын 15 әлеуетті инвестициялық жобаны жүзеге асыру  көзделіп отыр.  

Жалпы аумағы 400 гектарды құрайтын бұл аймақта ірі өндірістік жобалар негізгі үш бағыт бойынша жүзеге асырылмақ. 

- Құрылыс материалдарын өндіру

- Дайын металл өнімдерін шығару

- Және металл емес дайын минералды өнімдерді өндіру

Бұдан бөлек, өндірістік субаймақтағы жобаларға 181 миллиард теңгеден астам инвестицияны құюға дайын 9 ірі инвестор тартылуда. 

 Әсіресе электр энергиясын өндіруге қажетті құрал-жабдықтарды шығару бағытында бірқатар ірі жобалар іске асырылуда.  Әр жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. 

Қала экономикасы үшін айрықша маңызға ие инвестициялық алаң – Түркістан индустриалдық аймағы. Бастапқыда 40 гектар жерді құраған индустриалдық аймақтың аумағы кейін 7 есеге ұлғайып, бүгінгі таңда  350 гектарды құрап отыр. 

Аталған аймаққа   1 миллиард  40 миллион теңгеге  инфрақұрылым жүйелері жүргізіліп әрбір жоба темір жол тұйығымен байланыстырылған.

«Түркістан» индустриалдық аймағын дамытуда әлемнің ең үздік тәжірибесін енгізуге басымдық беріліп отыр.

Аймақты дамыту стратегиясына сәйкес, мұндағы жобалар негізінен бес бағытта жүзеге асырылатын болады. 

Олар -  Машина жасау саласы, Электр энергиясын шығаратын құрал-жабдықтар өндіру, Химия өнеркәсібі,  Өңдеу өнеркәсібі мен  Жиһаз жасау.  Бұл бағыттардың әрқайсысы бойынша қазірдің өзінде сәтті жобалар бар.    

Бұдан бөлек көптеген ілеспе бағыттар бойынша да нарықта сұранысқа ие   тауар түрлерін шығару жоспарланып отыр. 

Қазіргі таңда Түркістан индустриалдық аймағында 8  жоба  толық жүзеге асырылды. Жыл соңына дейін және  2 жаңа кәсіпорын өз жұмысын бастайды деп күтілуде.

 Түркістан қаласының аумағында туризм және агроөнеркәсіп бағыттарында бәсекеге қабілетті жобаларды дамытуға толық мүмкіндік бар. Туризм – шаһар экономикасының негізін құрайтын салалардың бірі болатындықтан, қонақтарға қызмет көрсету саласы, қонақ үй бизнесі өркендей түспек. Бұл тұрғыда инвесторлардың қызығушылығын туғызатын жобалар аз емес. 

Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу саласында да айтарлықтай мүмкіндіктер бар. Ал Түркістан қаласының тиімді географиялық  орналасуы зор  логистикалық мүмкіндіктерді беретіні атап өткен жөн. Сарапшылардың пайымдауынша, қысқа мерзім ішінде Түркістан еліміздегі ең ірі сауда-логистикалық орталықтардың біріне айналуға қауқарлы. 

Қала басшылығы өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру, логистикалық инфрақұрылымды дамыту, жүктердің еркін транзитін, көлік дәліздерін құру, көлік инфрақұрылымын басқару мәселесіне ерекше назар аударуда.  

Осы мақсатта сауда-логистикалық орталығын салуға жалпы алаңы 20   гектар жер телімі бөлінді.  Алдағы уақытта осы орталықт  жобалық құны 4 миллиард 792  миллион  теңгені құрайтын 10 жоба орналастыру жоспарлануда.  

Түркістан үшін аса маңызды жобалардың қатарына заманауи әуежайдың құрылысын атап өтуге болады. Түркиялық ірі инвестордың қатысуымен жүзеге асырылатын бұл жоба қаланың халықаралық маңызы мен мүмкіндіктері еселей түсетіні сөзсіз. «Ақылды қала» бағытында қолға алынған Смарт сити жобасының да инвестициялық әлеуеті зор. 

Қорыта айтқанда, Түркістан көптеген сала бойынша инвесторлар үшін мол мүмкіндіктерді ұсынуда.  Сәтті жобалардың мультипликативті әсері басқа да салаларға оң әсерін тигізіп, шетелдік инвесторлар үшін тартымды аймаққа айналдыратыны талас тудырмайды. Түркі әлемінің рухани орталығы мен ірі туристік аймақ ретіндегі даму жолына түскен Түркістан - инвесторлар үшін көрінген жаңа көкжиек болатыны сөзсіз.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды кәсіпкерлерді қорғайтын және дамытатын, өткізу нарығына жол ашатын, өнімділікті ұлғайтып, қазақстандық өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратын тиімді өнеркәсіп саясатын, сонымен қатар, ашық әрі прагматикалық салықтық-бюджеттік саясат қалыптастыру керектігіне назар аударды. Индустрияландыру картасы аясында экономикалық аймақтың табысты дамуына жаңа серпін беретін өнер­кәсіптер мен аймақтардың ин­фрақұрылымын жандандыру мәселелеріне басымдық беріледі. 

Бұл аймақтар – өндіріске инвестиция тартудың негізгі алаңдарының бірі. Себебі, оның аумағында орналасқан кәсіпорындарға мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер ұсынылады. Атап айтқанда, кәсіпорын ашу үшін инвесторға барлық инфрақұрылым желілері жүргізілген жер телімі тегін беріледі. Оған қоса мұндағы компаниялар жер салығы, мүлік салығы мен корпоративті табыс салығынан босатылады. АЭА аумағында тауар өндірушілерге электр қуаты арзандатылған тарифпен беріледі.

Сонымен қатар, экономика ғылымдарының кандидаты Мадияр Кенжеболат бұған дейін «Turkistan» АЭА туралы былай деп еді:

«Барлық арнайы экономикалық аймақтар үшін ортақ бір мақсат бар. Ол – Қазақстанның экспорттық әлеуетін көтеру және экспорттық тауарларды әртараптандыру. Біздің экономикамыз көбіне-көп шикізатқа арқа сүйеп келгендіктен, оған шектен тыс тәуелді болып қалдық. Мұнайдың бағасы құлдыраса, дағдарыс басталып кетуі мүмкін. Соңғы жылдары шикізаттың шылауынан шығып, тауарларды тереңдетіп өңдеуге, экономиканы барынша әртараптандыруға тырысып жатқанымыз осыған байланыс­ты. Бұл орайда басқа арнайы экономикалық аймақтармен қатар, «Turkistan»-ға да салмақты міндет жүктелуі тиіс. 

Оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстанның басшылығына жаңа президент келгеннен кейін мемлекет басқа елдерге есігін айқара ашты. Ал 30 миллион халқы бар ел – үлкен нарық. Егер «Turkistan»-да өндірілген өнімдер Өзбекстанға шығарылса, бұл үлкен жетістік болады. Оған қоса, біздің оңтүстік өлкеміздің өзінің халқы да 3 миллионнан асады. Еліміздегі халық саны ең көп аймақ – осы Түркістан облысы. Іргелес орналасқан Жамбыл, Алматы облыстарының, Алматы қаласының да айтарлықтай көп халқы бар, үлкен нарығы бар. Яғни, «Turkistan»-да өндірілген тауарларды тұты­натын халық жеткілікті. Осы жағынан алғанда, арнайы экономикалық аймақтың әлеуеті өте зор деуге болады». 

Дәл осылай деген ғалым арнайы экономикалық аймақтың болашағы зор екендігін нық сеніммен баяндаған еді. Расында да бұл жоба үмітті ақтады. Қазір «Turkistan» арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 650,772 миллиард теңге тұратын 91 жоба жүзеге асады. Бүгінде 65 жобаның іске қосылуынан 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Барлық жоба бойынша 8 мыңға жуық адам жұмысқа орналасады.

Аталған АЭА өзге өңірлердегі әріптестерімен ылғи әріптестік байланысты ұстап отырады. Мысалы, өткен жылы “Павлодар” АЭА бастамасымен Нұр-Сұлтан, Атырау, Қарағанды, СҚО, Тараз және Түркістан арнайы экономикалық аймақтарының (АЭА) басқарушы компанияларының жетекшілерінің қатысуымен елдің арнайы экономикалық аймақтарын дамыту бойынша семинар өткізілді.

Түркістандықтар Павлодар қаласының өнеркәсіп дамуының қарқынын байқап, жергілікті өнеркәсіптермен кездесу барысында, түрлі отандық шикізат көздерімен танысты. Оларды енді жергілікті өндірушілермен таныстырып, қарым-қатынасты дамытыуға әрекеттенетіндерін айтты.

Бұл іс-шаралардың негізгі мақсаты - еліміздің АЭА мәселелерін ашық, еркін, қысылмастан талқылау мүмкіндігі. Ал талқылануға тұрарлық мәселе аз емес. Бұл тізімде жоспарланып отырған жекешелендіру, инфрақұрылым үшін қаражат жетіспеушілігі мен заңнама қайшылықтары және өзге де мәселелер бар. Талқылаулар нәтижесінде  орталыққа жеткізетін арнайы ұсыныстар тізімі дайындалды. Бұл АЭА-дың кәсіби өсулеріне алып келеді. 

Бүгінде «Turkistan» арнайы экономикалық аймағында көптеген кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр. Соның бірі «Alageum Electric». Бұл кәсіпорын Қазақстандағы ең ірі электр компаниясы. Оған электр энергетикасы, электротехника және құрылыс саласында жұмыс істейтін 30-дан астам ірі кәсіпорындар мен зауыттар кіреді. Оның ішінде Кентау трансформатор зауыты, «Электромонтаж» АҚ мамандандырылған компаниясы, «Зауыт» Электротехникалық өнімдер» - кабельді бағыттау жүйелерін шығаратын Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын.

«Alageum Electric» өндірістік кешенінің флагманы «Кентау трансформатор зауыты» АҚ электротехника өнеркәсібіндегі қазақстандық көшбасшы және трансформаторлық жабдықтардың жетекші өндірушісі болып табылады. Кәсіпорын өнімдері ТМД және Таяу Шығыс елдеріне экспортталады. Компанияның жалпы сату көлеміндегі экспорт үлесі 50 пайызын құрайды.

Бұл компания «Turkistan» арнайы экономикалық аймағының 365 гектар индустриялық аймағының аумағында 2 өндірістік жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, шетелдік инвесторлардың ірі жобаларының қатарында қаланың тарихи орталығында қонақ үйлері, мейрамханалары, фуд-корттары, кинотеатрлары, сауда және ойын-сауық орталығы, ұшатын театры мен базарлары бар. Қаланың тарихи орталығындағы 12,5 гектар аумақтағы демалыс кешені «Керуен-сарайды» Sembol Construction холдингіне кіретін түріктің Turkistan Silkway Harbor компаниясы салды. «Turkistan» АЭА-ның мәліметі бойынша, инвестор осы кешенді салуға 88,5 миллиард жұмсайды. Sembol Construction Қазақстан үшін жаңалық емес. Ол «Риксос Ақтау» қонақүйін, «Алау» және «Астана Арена» мұз стадиондарын, Хан-Шатырды, Бейбітшілік сарайын (пирамида), Тәуелсіздік сарайын және басқа да көптеген көрікті нысандар салды. Тағы бір түрік компаниясы YDA Holding Әзірет Сұлтан халықаралық әуежайына 68 миллиард теңгеден астам инвестиция салған. Сондай-ақ, YDA әуежайға (15 км), Түркістан қаласының шығыс айналма жолына (30 км), сондай-ақ жоғарыда аталған көпсалалы ауруханаға кіретін жолды салды. Бұл компанияның Қазақстандағы қоржынына Ақтау әуежайы, Алматының қаржы орталығы, Нобель фармацевтикалық фабрикасы, елорданың мәдениет және демалыс саябағын қайта жаңғырту, ЭКСПО-2017 инженерлік желілері және басқа да инфрақұрылымдық нысандар кіреді. 

Швейцариялық MABETEX GROUP компаниясы «B&A contractors» ЖШС арқылы Түркістан қаласында 9,6 миллиард теңгеге көпсалалы Конгресс Холл концерттік залы мен 1,16 миллиард теңгеге Неке сарайын салды. Бұған дейін MABETEX GROUP инженерлік-құрылыс корпорациясы Қазақстан астанасында Ақорда президентінің резиденциясын, республикалық велотректі, «Қазақстан» кино-концерт залын және басқа да нысандарды салып қойған болатын. Екі ірі отандық құрылыс салушылар – BI Group және Bazis-A – Түркістанда 2019-2020 жылдары тиісінше жалпы сомасы 80 миллиард теңге және 60 миллиард теңгеден асатын бюджеттік келісімшарттарды жүзеге асырды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер