Түрік компаниясы Түркістанда екі ірі зауыт салуды көздейді

image.png

Бүгінде түрленіп, тотыдайын таранып, жан-жақты дамып келе жатқан Түркістан қаласына инвестиция тартуға ниетті отандық және шетелдік кәсіпкерлердің қатары күн санап артып келеді. Олардың қатарында әсіресе түрік бизнесмендерінің үлесі басым. Жақында қалаға «Sembol Construction» компаниясының қаржы жөніндегі Атқарушы Кеңесінің мүшесі Октай Горгул келіп, басшыларға өз ұсынысын жеткізді. Аталған компания Түркістанға кезекті инвестициясын салып, ауқымды жобаларды жүзеге асырмақ. Атап айтсақ, өңірде кабель және керамикалық өнімдер мен сантехника шығаратын зауыт ашуға ниетті. Ол үшін кәсіпкерге арнайы экономикалық аймақтан жер, инфрақұрылым ұсынылатын болды. 

Октай Горгул Түркістан қаласын аралап көргенін, серіктестерімен бірге зерттей келе қалаға инвестиция салу жөнінде шешімге келгендерін айтты.

– Біз ұсынып отырған екі жоба жүзеге асса, өңір экономикасына оң серпін береді деп ойлаймын. Бірінші жобамыз – кабель шығаратын зауыт. Оның инвестициялық құны – 84 миллион АҚШ доллары. Кабель өнімдері мен түрлері шығарылатын зауытта түркістандықтар жұмыспен қамтылады. Жылына 12 мың тонна өнім шығарамыз деген жоспар бар. Екінші жоба – керамика өнімдері мен сантехника шығаратын зауыт. Зауыттың жылдық қуаттылығы – 6 миллион шаршы метр. Инвестициялық құны – 150 миллион АҚШ доллары. Зауыт салу жұмыстарымен осы салада тәжірибесі бар түркиялық компаниялар айналысады, – деді түркиялық инвестор.

Керамикалық өнімдер шығаратын зауытта Италияның құрылғылары орнатылмақ. Соңғы технологиялар қолданылады. Аталған зауыттарда 1000-ға жуық жұмыс орны ашылмақ. Бүгінде Қазақстан кабель мен керамикалық өнімдердің басым бөлігін шетелден импорттайды. Нақтырақ айтсақ, елімізге 150 миллион долларға керамикалық плиткалар, 37 миллион  долларға санфаянс, сондай-ақ 236 миллион долларға кабельдер мен сымдар тасымалданған. Бұл зауыттар арқылы отандық өнімнің үлесі артатын болады.

Айта кетейік, Қазақстан-Түркия ынтымақтастығының Түркістан қаласында дамуында ерекше маңызы бар.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер