«Түркі әлемі орталығы» салынады

727bb3f526e4950004aa4f974cdcfe46.jpg

2021 жылдың сәуірінде «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті бейне¬конференция арқылы өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен кездесуге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы  Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан Республикасының Президенті  Ильхам Әлиев,  Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Түркия Республикасының Президенті ¬Реджеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымухаммедов және Мажарстанның Премьер-Министрі Виктор Орбан, сондай-ақ Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев қатысты. 

Мемлекет басшысы осы өңірде ғұлама ұстаз Қожа Ахмет Ясауиден бабаларымыздың діни білім алып, түркі-ислам мәдениетін әлемге таратқанын, түркілер Кіші Азияға бет бұрғанда бұл құндылықтар түп-тамырымызды сақтап, бірлігімізді бекем ұстауға негіз болғанын атап өтті. «Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз. Сол себепті бүгінгі саммит «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деп аталып отыр» деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласы түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болғанына тоқталды. Қазақстан Президенті бүкіл әлем теңдессіз сын-қатерлермен күресіп жатқан қазіргідей қиын уақыттың өзінде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы бәсеңдемегенін ерекше атап өтті. Алайда күрделі кезеңдегі қарым-қатынасымызға тың серпін беру жолдарын бірлесіп ойластыруы¬мыз қажет екенін жеткізді. Осы мақсатта бірнеше мәселе бойынша ойымен бөлісті. 

Президент: «Біздің елдеріміз үшін алыс-берісті ұлғайта түсу – басты міндеттің бірі. Осы орайда тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор. Оның қомақты табиғи ресурсын, адами капиталы мен туристік әлеуетін ескеріп, Түркістан өңірінде түркі елдерінің бірлескен «Арнайы экономикалық аймағын» құруды ұсынамын» деп атап өтті.

Білім беру саласындағы ынтымақтастық – болашақтағы табысты серіктестіктің негізгі факторы. Президенттің пікірінше, оны «Ұлы түркілер» білім беру қорын құру арқылы жүзеге асыруға болады. Қор университеттер арасында академиялық ұтқырлық, тағылымдамадан өту, біліктілікті арттыру ісін үйлестіреді. Мемлекет басшысы бауырлас елдердің жас¬тары үшін Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде бакалавриат бағдарламасы бойынша 50 грант бөлуге дайынбыз деді. Бұл 50 грант «Ясауи степендиясы» деп аталатын болады. Қазіргі заманда гуманитарлық және академиялық ықпалдастықтың өзектілігі артып келе жатқанын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев, іргетасы орта ғасырда қаланған Түркістан шаһарының археологиялық және ғылыми тұрғыда әлі толық зерттелмегенін атап өтті. «Сондықтан ТҮРКСОЙ мен Түркі академиясының Түркістан өңірінде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге баса мән беруі өте орынды. Бұдан бөлек тамырластық символы ретінде Түркістанда халықтарымызға ортақ сәулет нысанын салсақ, құба-құп» деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті Кеңестің мәртебесін арттырып, институционалдық құрылымын нығайту мақсатында оны толыққанды ұйымға айналдыратын уақыт келгенін айтты. Мемлекет басшысы осы ұсынысты саммит қорытындысы бойынша қабылданатын Түркістан декларациясына енгізіп, бекітуді ұсынды.

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақ¬тастық кеңесінің бейресми саммитінің қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданған болатын. 

Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлыжан Букебаев 9 айдың есептік қорытындысында жоғарыда аталған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  бастамасы бойынша Түркістан қаласында түркі халықтартына ортақ -«Түркі әлемінің орталығы» нысанына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында түркі халықтарына ортақ сәулет нысанын салу туралы айтқан болатын. Аталған жобаны іске асыру мақсатында биыл 26 қыркүйек күні «Түркі әлемі орталығы» нысанының концепциялық тұжырымдамасына республикалық байқау өткізілді. Алдағы уақытта түбі бір түркітілдес мемлекеттердің басын қосатын ортақ нысан жаңа технологиялармен қамтылып, талапқа сай салынады. Аталған байқаудың қорытындысы бойынша, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, ғимараттың салынатын орны қайта қарастырылуда. Сондай-ақ, екінші кезеңде сәулетшілер арасында кездесулер ұйымдастырылып, тағы да пысықталады, - деді Нұрлыжан Маратбекұлы.

Спикердің сөзінше, өңірде тағы да жаңа нысандар ашылмақ. Рухани астанада достық үйі, қолөнершілер саябағы салынып, аудандарда оқушылар сарайы бой көтермек. Ал Ескі Сауран қалашығының маңайын кешенге айналдыру жоспарлануда. Жібек жолының бойынан туристерге арналған жаңаша стильдегі қоржын үйлердің құрылысы басталады.

Түркістан қаласында оқушылар сарайының жанында, бульвардың бойынан «Достық үйін» салу үшін нысанның эскиздік жобасы әзірленіп, бекітілу үстінде. Жоба бойынша ғимарат төрт қабаттан тұрады және құрамында мәжіліс залы, этнос өкілдерінің орталықтары орналасады. Жоба бекітілгеннен кейін нысанның құрылысы басталады.

Сондай-ақ, облысқа қарасты аудан, қала орталықтарында оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында оқушылар сарайының жобасы бойынша бірнеше ұсыныстар дайындалып, өңір басшысының қадағалауымен талқыланып жатыр. Ұсыныстар бекітілген жағдайда құрылысы жүргізіледі. Нысан құрамында спорт, ұлттық өнер, музыка және т.б. үйірмелер ашылады.

 «Түркі әлемі орталығы» нысанының концептуалдық сәулетшілер байқауының 2-ші кезеңі халықаралық деңгейде өтпек.

Зерттеушілердің айтуынша, Түркістан еліміздегі ең көне қалаларының бірі болып табылады, оның аумағында ЮНЕСКО-ның қолдауымен көптеген көрікті жерлер (кесенелер, мұражайлар, қорықтар, қабірлер, мешіттер) сақталған.

Былтыр Түркістан облысының туризм саласына 102 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы Республика көлемінде 1 орында. Туристік нысандардың басым бөлігі Түркістан қаласында салынды. Атап айтқанда Керуен сарай көпфункционалды туристік кешені, «Ramada», «Emir Plaza», «Rich Hotel», «Grand Villa», Этнопарк Ресорт туристік объектілері пайдалануға берілді. Әлемнің көптеген мемлекеттеріне танымал Izi.Travel мобильді қосымшасына облыс аумағындағы 100 туристік нысанның аудиоақпараттары және координаттары туристік картаға енгізілді. 

Түркістанда туристерге қызмет көрсетету сапасы да артып келеді. Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын  іске асыру шеңберінде Түркістан қаласының аумағында "туристік қызметті реттеу орталығы" КММ базасында "визит орталығын" ашылды. 

"Визит-орталық" - Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтарына қаланың туристік әлеуеті туралы кәсіби кеңестер береді. Нысанда reception-ақпараттық пост (онлайн төлем, гидтер, карталар, маршруттар), экспозиция – қазақ хандығы залы, мультимедиа – бейне роликтер көрсету және голографиялық үстел (3D), сoworking – қажетті уақытқа жұмыс орнын жалға алуға болатын орталық, кітапхана, кафетерия және кәдесыйлар дүкені орналасқан.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер