«Түркістан – Атажұртымыздың алтын қазығы. Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Осы өңірде халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы барынша сақталған. Бір сөзбен айтқанда, Түркістан –халқымыздың қаймағы бұзылмаған қасиетті мекені. Қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыз осында жерленген. Былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілді. Бұл Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді деген сөз. Ал, біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан, Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді».
Биыл қыркүйекте Түркістан жұртшылығымен кездескен Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев осылай деген болатын.
Қасиетті қала бүгінде туризмнің орталығына айналып келеді. Шаһардағы туристер аялдайтын нысанның бірі-"Этноауыл".
Ортағасырлық шығыс базары, шеберлер көшесі, көшпенділер ауылы, хан ордасы, көшпенділер асханасы және сарбаздар ауылы. Бұл кереметтің барлығын Түркістандағы жаңадан салынған этноауылдан көруге болады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанынан бой көтерген «Этноауыл» алаңы. Мұнда орта ғасырдан бастап, көшпенділер дәуірі, қазақ хандығы мен кешегі ХІХ ғасырға дейінгі қазақ халқының өмір сүру салты мен тұрмыс-тіршілігі толық көрініс тапқан.
"Этноауыл" 7 бағыт бойынша орналасқан. Алғашқысы көшпенділер ауылы, шеберлер көшесі, шығыс базары, көшпенділер асханасы, сарбаздар ауылы және хан ордасы сияқты жеке-жеке алаңдардан тұрады.
Аталмыш бағыттардың бірі ортағасырлық шеберлер ауылында 40-қа жуық ағаш ұсталары мен темірден түйін түйген шеберлер, тері илеп, кілем тоқитын ісмерлер отырады. Олар келген қонақтарға ұлттық бұйымдардың қалай жасалатынын көрсетіп, технологиясымен таныстырады. Ал көшпенділер асханасында халқымыздың ғасырлар бойы тұтынып, бүгінде ұмыт болған тағам түрлері қайта жаңғыртылып, халыққа ұсынылады. Көшпенділер тұтынған тағам түрлері мен олардың жасалу жолдары этнограф-ғалымдардың көмегімен қалпына келтірілмек.
Жоба ұйымдастырушысы А.Төкеннің айтуынша мұнда көшпенділер тұтынған тағам түрлерімен танысуға болады. Олар қандай ас ішті, қалай тамақтанды? Бүгінге дейін ұмыт болған 80-нен аса тағам түрі ұсынылады. Сондай-ақ хан ордасы мен сарбаздар ауылында көшпенділердің салт-дәстүрі дәріптеліп, ат құлағында ойнаған батырлардың қалай шыныққаны көрсетіледі. Ал шығыс базарында шеберлердің қолынан шыққан дүниелер саудаға шығарылады. Бірегей жоба келген қонақтар мен шетелдік саяхатшылар үшін тарихы терең қазақ мәдениетімен толығырақ танысуға мүмкіндік береді.
Бірегей жоба қалаға келген қонақтар мен шетелдік саяхатшылар үшін тарихы терең қазақ мәдениетімен толығырақ танысуға жақсы мүмкіндік береді. Көне ғасыр мекенінде саз балшықтан үйлер тұрғызылып, ағаштан құрастырылған қоршаулар мен көпір, өткелдер орнатылған.
Мәртебелі меймандар мен сырттан келген шетелдіктер мұнда көне ғасыр кейпіндегі үйлерді аралап, сол дәуірдің асханаларынан дәм татып, шеберлер көшесі мен ертегілер мекені, сарбаздар ауылы және шығыс базарының үлгісін өз көздерімен тамашалай алады. Наурыз мерекесі күндері бабалар дәуіріне саяхат жасататын көшпелі ауылда киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ойнатылады.