«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар арасындағы жұмыссыздықты жою, алдағы 5 жылда Қазақстанда беделді деген халықаралық 5 ЖОО филиалын ашу, халық тығыз орналасқан өңірлердің жастарына гранттар бөлу, әскери борышын өтеуге ынталандыру бойынша Үкіметке бірқатар тапсырмалар берген болатын.
Сондай-ақ былтыр нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы мен «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларын іске асыру мерзімі аяқталған болатын. Осыған орай, былтыр қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында түрлі бағытта жобалар кешені әзірленді. Соның бірі - Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы және «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, жаңа нишаларды қалыптастыруға, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталып отыр. Ағымдағы жылы жоба аясында республикада 443,8 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде бес жылда 995 мыңнан аса жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Бұл елімізде жұмыссыздықпен күрестің құралы әрі жастарға берілген үлкен мүмкіндік екенін естен шығармаған жөн.
Түркістан қаласында әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесіне аса ден қойылуда. Өйткені жұмыссыз жүрген жастар – халықтың ең әлжуаз, осал буыны, ол қоғам мен мемлекетке үлкен қауіп төндіруі бек мүмкін. Яғни, жұмыссыздық тек экономикалық тұрғыдан тиімсіз емес, сонымен қатар жастардың әлеуметтік жағдайына, психологиясына да кері әсер етеді. Міне, осындай жағдайлардың алдын-алу үшін елімізде жастарды жұмыспен қамту шаралары қарқынды жүргізіліп келеді. «Жастар практикасы» жобасы аясында бүгінде түркістанның талай жастары түрлі мекемеде жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап әрі қаржылық жағдайын реттеп отыр.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес, 2022 жылы Түркістан қаласында жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызға жеткен. Ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,6 пайы№зды құрайды. Түркістан қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұржан Қожақовтың айтуынша жұмыспен қамту шараларына біраз өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда «Жастар практикасы” бағдарламасының мерзімі бұрын 6 ай болса қазір 12 айға ұзартылды. Айлық жалақысы да біршама артып 91 899 теңгені құрап отыр. Бағдарлама талабына сай, қатысушының жасы 29-дан аспауы тиіс және «жұмыссыз» мәртебесі болуы шарт. Сонымен қатар, өз мамандығы бойынша соңғы үш жыл ішінде (2020-2022ж.) еңбек өтілі жоқ жоғарғы оқу орындары мен колледждердің түлектері қатыса алады.
«Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша биыл Түркістан қаласы бойынша 500 түлекті жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Оның жартысына көбі түрлі жұмыстарға жолданып қойған. Қалған азаматтар жыл соңына дейін жұмыспен қамтылатын болады
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жастар үшін «Алғашқы жұмыс орны», зейнеталды жастағы адамдар үшін «Күміс жас» жобасы жүзеге асуда. Әлеуметтік белсенділігі төмен NEET санатындағы жастарға арналған жұмыс орындары ашылып жатыр.
Спикердің сөзінше, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына жұмыс тәжірибесі жоқ, 29 жастан аспаған жастар қатыса алады. Субсидиялау мерзімі 18 ай. Жобаның түпкілікті мақсаты – тұрақты жұмыспен қамту. Басты ерекшелігі ешқандай дипломды қажет етпейді.
Сонымен қатар, «егде жастағы азаматтарды қолдау мақсатында «Күміс жас» жобасы қарастырылған. Жобаға зейнетке шығуына 2 жыл қалған азаматтар қатыса алады. Субсидия мөлшері 30 АЕК. Ұйымдастыру мерзімі 1 жыл. Содан соң, жұмыс беруші тағы 1 жыл тұрақты жұмыспен қамтуы керек. Жобаға қатысуға өтініштер Enbek.kz электронды еңбек биржасы арқылы қабылданады», – деп атап өтті Нұржан Достанұлы.
Жұмыссыздықтың басты себептерінің бірі мамандығының сұраныста болмауы не болмаса жұмыссыз адамның мүлдем мамандығының болмауы. Қазіргі таңда шаһардың экономикалық әлеуеті артып келеді. Қалада зауыт-фабрика, өндіріс орындары артуда. Бұл дегеніміз көптеген жұмыс орнының ашылуы және жаңа мамандықтарға деген сұранысты арттыратыны сөзсіз.