«Театр – киім ілгіштен басталады» деген сөз бар. Ал кез-келген мемлекет, өңір, қала, тіпті кішігірім ауданның келбеті ол әуе жай және темір жол вокзалынан басталады. Себебі сол өңірге келген қонақ, туристердің барлығы қаламен сол табалдырықтан бастап танысады. Қызмет көрсетуден бастап, жергілікті тұрғындардың қарсы алуы – қонаққа сол қала туралы алғашқы түсінікті қалыптастырады. Сол себепті мұндай объектілерің тек қызмет көрсетуі сапалы болуымен қатар қызметкерлердің сыпайылығы және сол маңның таза әрі көрікті болғаны аса маңызды.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістан қаласының темір жол вокзалы бір ғасырдан астам уақыт бұрын салынған. Қабырғалары арнайы күйдірілген кірпіштермен қаланған және Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген. Ғасыр куәсі болған нысан осы күнге дейін Түркістан шаһарын өзге аймақтармен байланыстырған негізгі қатынас құралы болып, қаланың экономикасына, сауда-саттықтың дамуына үлесін қосып келді. Бұл қызметін әлі де жалғастыруда.
Түркістан облыс орталығы статусын иеленген уақыттан кейін қала вокзалына ерекше көңіл бөліне бастады. Аталған тарихи нысан аумағында аяқжолдар төселіп, жарықшам, орындықтар, қоқыс жәшіктері орнатылып, жасыл желектер егіліп, жан-жағындағы дүңгіршектер мен нысандардың сырт келбеті шығыс үлгісінде қапталды. Сондай-ақ пойыз қызметіне жүгінетін мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау мақсатында өтпе көпір мен пандустар жасалған. Сонымен қатар, қалаға келетін қонақтар бірінші аяқ басар Теміржол вокзалы аумағында құрылыс жүргенімен, тарихи келбетін сақтап қалды. Түркістанның бас қақпасы саналатын теміржол вокзалының қала әкімдігінің балансына өтіп, бас кеңсені күрделі жөндеуден өткізу, барша техникалық қызметтер көрсету жайы жақсарған. Түркі жұртының рухани астанасына айналып келе жатқан Түркістанның жасарып жаңғыруына теміржолшылар да сүбелі үлестерін қосып келеді. Түркістанға ат басын бұрған жолаушыны киелі шаһардың вокзал ұжымы қонақжай пейілмен қарсы алады.
Қазақстан темір жолы мемлекет экономикасының күре тамыры болып есептеледі. Халыққа қажетті қаншама жүктер осы темір жол арқылы тасымалданады. Сол секілді Түркістан темір жол вокзалының да бұл ретте өзіне жүктелген мінеттері бар. Күзде бидай көп тасымалданатыны белгіл. Осы және халыққа қажетті тауарлар, құрылыс заттары секілді жүктердің барлығы осы темір жол арқылы Қазақстанның түкпір-түкпіріне жеткізіледі. Одан бөлек, Қазақстан темір жолы Орта Азия мен Еуропа арасындағы алпауыт мемлекеттермен де байланыс орнатып, алыс-берісті жақындатып келеді. Сондықтан еліміз арқылы Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан секілді көрші мемлекеттерге жүк тасымалдайтын пойыздар транзит арқылы өтеді. Қазіргі таңда «Шығыс Қытайдан-Батыс Европа» жолымен контейнер пойыздар жүруде. Контейнерлік пойыздар қазір дамып кетті. Мемлекетке одан түсіп жатқан кіріс орасан зор болып табылады. Тәулігіне 1250 шақырымнан 7 күнде Қытайдың арғы шығысынан Еуропаға жетіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда Қазақстан темір жолының елімізге берер пайдасы ұшан теңіз.
«Біздің міндет транзиттік, жолаушы және жүк тасымалдайтын пойыздарды кесте бойынша уақытымен күтіп алып, өз уақытымен жіберу болып табылады. Оның ішінде адам, жүктің, қозғалыс және басқа да қауіпсіздіктер бар. Жолаушылар пойызын сумен қамтамасыз ету, тепловоздарды уақытылы жіберу, ағытылған вагондарды уақытылы тіркеу. Жүк пойыздарының ішінде 10-20 минут, 40 минут, 1 сағат тұратын пойыздар бар. Соған біздің барлық қызметкерлер, соның ішінде, машинистер, вагоншы, күзетшілер, бағдаршамды қадағалайтын механиктер, электриктер, жол шеберлері барлық деңгейде қызмет көрсетеміз. Түркістан қаласына келетін барлық жолаушылар мен жүк пойыздарының уақытылы келіп кетуіне жауап береміз. Одан бөлек, қалаға 15-20 жүк вагондары келеді. Біздің міндетіміз осы вагондарды уақытымен кешіктірмей өз орындарына жеткізіп, жүкті түсіріп, бос вагондарды қайта тиеп жіберу»,- дейді Түркістан станциясының бастығы Қадыр Сырлыбеков.
Аталған ұжымға тиесілі өз жоспары бар. Мәселен бір ай көлемінде тәулігіне 4 вагон жүк артып, 25 вагон жүк түсіруі керек, бірақ межелі жоспарды 10 пайызға артық орындап, тәулігіне 27 вагон жүк қабылдап келеді. Қалаға келетін тауарлардың басым көпшілігі ұн, жанар-жағар май, құрылыс заттары, мал азығы секілді өнімдер екен.
Қазіргі таңда темір жолда қозғалыс қауіпсіздігін сақтау мақсатында 2018 жылдың 24 желтоқсанында бекітілген ереже бойынша ай сайын жол жағдайын тексеруге комиссиялық тексерулер ұйымдастырылып отырады. Тексеру нәтижесінде табылған ақаулар мен кемшіліктер қауіптілік деңгейіне қарай шұғыл түрде, 5 күн ішінде және жоспарлы түрде түзетіледі. Одан бөлек, ұжым заманауи техниканың да көмегіне жүгініп отырады, яғни модернизацияланған диагностикалық кешен вагоны адам көзімен көре алмайтын ақаулар мен кемшіліктерді компьютер дисплейіне шығарып, қауіптілік деңгейіне қарай ақау табылған жерді қозғалыс үшін жабады немесе ол жердің қозғалыс үшін белгіленген жылдамдығын төмендетіп отырады. Ал, адами фактордың қозғалыс қауіпсіздігіне әсерін азайту мақсатында локомотивтерде кешендік локомотивтік қозғалыс құрылғысы орнатылған. Бұл құрылғы пойыз машинистерінің жолдағы қырағылығын арттырып, бағдаршамның тыйым салу белгісінен өтіп кетуіне жол бермейді. Темір жол аралықтарында вагон ақауын анықтайтын көпфункционалды техникалық құрылғылардың кешені аппараты орналастырылған. Ал, пойыз қозғалысын ұйымдастырушы пойыз диспетчерлері мен станция кезекшілері пойыздарды қабылдап-жөнелтуді монитор экранында іске асыруға көшуде.
Атаулы құрамда барын салып үнсіз еңбек етіп жатқан шаһарымыздың теміржолшылардың орны бір төбе. Тәулік бойына тыным таппай еңбек етіп, қолдарынан келер үлгілі істі тындырып-ақ жатыр. Соңғы жылдарда тасымалданған жүк көлемі жаман емес. Осы бағыттарда нәтижелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мұның бәрі оңай біте салатын шаруа емес. Зор жауапкершілік, қатаң тәртіп, сапалы қызметті талап етеді. Осы талаптарды орындай отырып, қарқынды жұмыстар легі тоқтаусыз жүріп жатыр. «Осы орайда, Түркістан темір жол станциясында еліміздің мүддесі үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан қызметкерлерге тоқталып өтсем, маневр диспетчері А.Көсембаев, жүк қабылдап-тапсырушылар А.Шураева, С.Сейітбеков жастарымызға өзінің өмірлік және еңбек жолында жиған білімімен бөлісуден жалыққан емес. Жастарымыздың арасында өзіне жүктелген тапсырмаларды мүлтіксіз атқарып, үмітімізді ақтап отырған станция бойынша кезекшілер Б.Сулейменова, Ж.Қалходжа, пойыз құрастырушылары Б.Молдабаев, Б.Юсупов, А.Тлеубергенов, Е.Шынтай, С.Аумакулов, технолог Қ.Нурматовтар атауға әбден лайықты азаматтар дер едім»,- дейді Қадыр Қаңлыбайұлы.