Мемлекеттегі бейбітшілік және келісім, оның қауіпсіздігі және тұрақтылығы этносаралық қарым-қатынастың орнықтылығына, төзімділікке және оң бағытталғандығына көбіне көп байланысты. Жастарда патриотизмді, азаматтықты, дінге төзімділікті және халықтар достастығы сезімін қалыптастыруда көп ұлтты мемлекет шеңберінде дамып жатқан ұлттық қатынастар мәнді әсер етеді.
Этносаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудағы теориялық негізінің және тұжырымдамалық алғы шартының айқындаушы компоненттерінің бірі – санына қарамай, әрбір этнос бүкіл адамзат үшін орасан құндылық, оның баға жетпейтін игілігі және бірегей бөлігі деген қағида болады.
Қазақстан Республикасы бабалардан қалған және жалпы адамзаттық дәстүрлерді сақтай отырып, тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді сақтауға мүмкіндік беретін өз дамуының сарабдал саясатын таңдады.
Ел ішіндегі татулық пен ұлттар арасындағы достықты насихаттау, оны халыққа түсіндіру, соның негізінде қоғамдық пікірді қалыптастыру Қазақстан дамуының негізгі кепілі бола алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында этнос аралық татулықтың маңыздылын баса айтып өткен еді. «Қазір Қазақстан мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Соған сәйкес қоғамдық өмірдің барлық саласы түбегейлі өзгеруде. Жаһанды тұрақсыздық жайлап, көптеген жаңа сын-қатер пайда болып жатқан кезде біз бағдарымызды бекемдеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қажет. «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидамыз ешқашан өзгермейді. Сондықтан, этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағытының бірі болған, әрдайым солай болып қала береді. Бұл – бекерге айтылған сөз емес. Мұндай ұстанымды қазақстандықтардың басым көпшілігі қолдайды. Біздің азаматтарымыз үшін келісім мен толеранттылық – мәдениеттер мен тілдерді өзара тоғыстыратын өмірдің шынайы көрінісі, нақты болмысы. Біз – Конституцияда айтылғандай, біртұтас халықпыз. Біздің нағыз күшіміз – осында. Біз пікір алуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез-келген көрінісінің жолын кесеміз, мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз. Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсінуі қажет»,- деген болатын.
Түркі халықтарының рухани орталығы Түркістан қаласының тарихи өлке, киелі мекен екені белгілі. Қай кезеңді алып қарасақ та, мұнда бірнеше ұлт өкілдері бірлік пен ынтымақтастықта күн кешіп келеді. мамандардың зерттеуінше Түркістан қаласында әсіресе қазақтармен қатар өзбек, түрік ұлтының өкілдері көбірек қоныстанған.
Қазір елімізде өзге ұлт өкілдерінің де бүгінгі Тәуелсіз қазақ елінің дамуына, өркендеп, көркеюіне бір кісідей атсалысып келе жатыр. Мұндай жандар Түркістан қаласынына да табылады. Солардың бірі - Нина Украинская. Ол қаладағы Н.Төреқұлов атындағы (бұрынғы Никитин) жалпы орта мектебінде 33 жыл бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарған ұлағатты ұстаз. Тағдыр айдауымен қазақ даласына келген ол бүгінде Қазақстанды ерекше жақсы көреді.
1936 жылы 9 мамыр күні Ресей елінің Ленинград қаласында дүниеге келген. Зұлмат соғыстан кейінгі қиын жылдарда қазақ еліне оны өмірлік жолдасы Геннадий Украинский алып келген екен. Бұл 1958 жылы болған. «Бізді жатсынбай қарсы алған қазақтарға мың алғыс айтамын. Қазақ халқы қонақжай, кеңпейілді, бауырмал болады. Маған осы қасиеті қатты ұнайды»,- дейді Нини Василийқызы. Нина әжейдің Леонид, Сергей есімді екі ұлы бар. Жолдасының өмірден өткеніне біраз жыл болған. Қазір үлкен ұлы Леонид пен келіні Любаның қолында тұрады. Келіні Люба қаладағы №31 балабақшада тәрбиеші болып істейді. Бұл шаңырақта тағы немересі Геннадий мен немере келіні Анжелика да бар. Шөбересі София да мектеп жасына жетіп қалыпты Нина әжей осылайша үлкен әулеттің басын құрап отырған қарияға айналды. Ал екінші ұлы Сергей Ресейде тұрады екен.
Мақтанышпен айта кетерлігі қос келіні де қазақ тілін жетік меңгерген, тіпті мақал-мәтел айтуға да шебер. «Тіл білгенімнен тек жақсылық көріп келемін. Қазақ тілін терең деңгейде білетіндіктен, менің болашағыма жақсы әсерін тигізетініне сенімдімін. Болашағымның қазақ тілінде екенін де білемін. Сол себепті, орыс болғаныммен жаным – қазақ. Жүрегім «қазақ» деп соғады.
Мен әр ортаға оңай сіңісіп кете аламын. Менің ойлау қабілетім қазақша. Өйткені, менің ортам қазақтілді болды. Достарым қазақтар болды. Қазір екі тілді де қатар ұстап жүре аламын. Өзге тілдерді үйрену маған қиын соқпайды. Көпұлтты елде тұрып жатқан біз – өте бақыттымыз. Және ұлтаралық ешқандай мәселелер қозғалып жатқан жоқ. Аллаға шүкір, тіл көзден сақтасын. Қазақ елін өзіміздің Отанымыз деп мақтан тұтамыз», – дейді Анжелика.
Талай жұртқа пана болған Түркістан шаһарында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан Нина Украинская бүгінде екі ұлынан 5 немере 1 шөбере сүйіп отыр.
Қазақстанның даму, өсу, өркендеу жолындағы басым бағыттарының бірі — ұлттық келісім, ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетінің жоғары деңгейі екені даусыз.
Қазіргі және келешек ұрпақтың басты міндеті – бір-біріне деген ықыласты қатынастар, төзімділік және көпұлттылық кемшілік емес, керісінше, мемлекеттің артықшылығы болып табылатын Қазақстан территориясында өмір сүріп жатқан әрбір халықтың тілі мен мәдениет құрметтеу арқылы осы бейбітшілікті аялау және сақтап қалу болып табылады.