Қазақ халқының біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл – 150 жыл. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуде. Осы атаулы датаға орай елімізде мазмұнды кездесулер мен ғылыми басқосулар ұйымдастыру қолға алынған болатын. Солардың бірі ретінде Түркістан қаласындағы «Фараб» кітапханасында «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» мекемесінің мұрындық болуымен өткен іс-шараны айтуға болады.
«Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры» атты тақырыпта өткізілген басқосуға қаламыздағы барлық мекеме қызметкерлері мен ақсақалдар алқасының мүшелері, әдебиет зерттеушілері қатысты. Олар Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерімен танысып, тың мағұлматтарға қанықты.
Тарихтан білетініміздей, Ахмет Байтұрсынұлы Торғай губерниясында бай-болыстың отбасында 1873 жылы 18 қаңтарда дүниеге келді. Әділетсіз заманның улы зары бала жүрегін он жасында жаралады. Әкесі Байтұрсын мен оның інісі Ақтас кедей шаруаның басына қамшы үйірген орыс оязының озбырлығына шыдамайды. Ояз бастығы Яколовтың басын жарып жібереді. Мұның арты – дүние-мүлікті тартып алу, Сібірге 15 жылға жер аударылуға әкеп соқты.
Қоғам қайраткері кеңес империясының қылышынан қан тамып тұрған кезеңінде заман ағысына қарсы тұра білді. Қазақ халқының рухани көсемі болып, жастарды білім алуға шақырған. Халық үшін, халықтың мәдени-әлеуметтік болмысын көтеру үшін қызмет етті. Жиырмасыншы ғасырдың басында Қазақ елі өте ауыр әрі күрделі кезеңдерді бастан өткерді. Сол жылдары Алаш зиялыларын жаппай қудалау басталды. Алайда, осынау қиын-қыстау кездің өзінде ұлт ұстазы тіл үшін аянбай күресті.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алды. Онымен қоса қазақ графикасын жасауға кірісті. Ол әуелі қазақтың ұлттық жазуын (графикасын) жасауды мақсат етті. Міне, осылайша араб алфавиті негізіндегі «Байтұрсынов жазуы» дүниеге келген. Оның соңы «Оқу құралы» атты әліппеге ұласты. Одан соң қазақ тілінің грамматикалық құрылымын талдап беру мақсатында «Тіл құралы» жарық көрді.
Жалпы, Ахаңның еңбегін, өнер-білім, саясат жолындағы қажымас қайратын тарих ұмытпақ емес. Ұлт ұстазы: «Менің арманым мүмкіндігінше қазақ халқының дәулеттілігін, мәдениетін жоғары деңгейге көтеру» деген екен. Мәдениетімізді жоғары деңгейге көтеріп, тіліміздің тазалығын сақтауды мақсат еткен Ахмет бабамыздың тың еңбектерін біз де насихаттап, дәріптеп жүрсек қоғам қайраткерінің арманын жүзеге асырған болар едік.
Айжан БАЙМАХАНОВА,
Түркістан қаласы «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-нің маманы.