Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ” Жолдауында әр салаға қатысты тың бастамалар қамтылған. Онда жүктелген міндеттерді іске асыру, қоғам арасында кеңірек насихаттау жұмыстары жалғасын табуда.
Осыған орай «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Ғаппар Сәрсенбаев, қалалық мәслихат депутаты Жәмила Сүлейменова, «Шауғар» БПҰ төрағасы Бақытжан Құлжабаев Түркістан қалалық ауруханасының ұжымымен кездесіп, денсаулық сақтау саласына енгізілетін өзгерістер туралы баяндады. Ел Президентінің медицина мамандарын даярлауға көп көңіл бөлуге тапсырма бергендігін айтқан Ғаппар Амантайұлы:
-Ұлт саулығы басты назарда. Мемлекет басшысы медициналық инфроқұрылымды жаңартуды мейлінше жеделдетуді тапсырып отыр. Бұл дегеніміз еліміздегі ауруханалар мен емханалар соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталады деген сөз. Тиісінше, басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындар үшін де емделуге көптеген мүмкіндіктер тумақ. Оған қоса, ақ халатты абзал жандардың санын арттыру мақсатында Қасым-Жомарт Кемелұлы резидентураға бөлінетін гранттың санын 70 пайызға арттыруды тапсырды. Бұл осы салаға бет бұрған жастар үшін үлкен мүмкіндік болмақ,-деді.
Сонымен қатар жиында сөз алған қалалық мәслихат депутаты Жәмила Сүлейменова Жолдаудың өзге де басым бағыттарын түсіндіріп өтті. «Президентіміздің Үкіметке еліміздің зейнетақы жүйесін дамыту мәселесін қамти отырып, жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтау туралы тапсырма беруі көңіл құптарлық. Мемлекет басшысы Жолдауының орындалуына қатысты жүрегі елім деп соққан әр азаматқа зор сенім арта отырып, татулық пен тұрақтылықты негізге алып, айнымас қағида- мызға айналған асыл қасиеттерімізден айнымай, ортақ шаңырағымыз – Қазақстанды өркендетуге үлес қосуға шақырды және тиісті қолдау табатыны хақ. Бұл Жолдау мерейлі мекеніміз – Қазақ стан мемлекетін биік белестерге жетелейді деп сенемін»,-деді.
«Шауғар» БПҰ төрағасы Бақытжан Құлжабаев та өз пікірін білдірді. «Мемлекет басшысының қыркүйек айындағы Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты» деген болатын. Яғни Президентіміз халық әлеуетін көтеруге баса назар аударып отыр. Осы орайда, еліміздегі кедейшілік деңгейі 20 жылда 9 есе төмендегенін айта кеткен жөн. Мемлекет басшысы өткен Жолдауында әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне өзгеріс енгізу керектігін де айтты: «Біз 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз. Балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады».
Президентіміз белгілеген бағытты назарға ала отырып, билік тарапы еңбекке ынталандыруға және табысы төмен отбасылардың өмірлік қиын жағдайды еңсеруіне тиісті деңгейде көмек көрсетеді, әлеуметтік төлемдердің ашықтығын және әділдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,- деп атап өтті ол.
Кездесуде медицина саласындағы өзге де бастамалар туралы әңгіме өрбіді. Мәселен, Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай қайта жаңғыртылады. Сонымен қатар, еліміздегі емдеу мекемесі жоқ 650 елді мекенге алдағы екі жылда медициналық және фельдшерлік ғимараттар салынатын болады. Жиын соңында денсаулық сақтау саласының өкілдері Президент бастамасын құптайтындықтарын жеткізді.
Жалпы Түркістан қалалық орталық ауруханасы «Инсульт орталығы» мен «Триаж жүйесімен» жабдықталған. Орнатылған электрондық кезекпен ауруханаға келген науқастар өздерінің ауруханаға жату кезегін,лабораторияға, рентген кабениетке, ультрадыбыстық зерттеуге (УЗИ) т.б. тексерулуге келген науқастар өз кезегін біліп отырады. Ақпараттық киоск (инфокиоск)-науқастардың туыстары жоспарлы түрде және жедел түрде өздері немесе жедел жәрдем бригадасымен келген науқастардың қай бөлімшеде қашан жатқанын білуге мүмкіндік бар.
Триаж жүйесі бойынша медициналық іріктеу үздіксіз және сабақтастықпен жүргізіледі. Бір пациенттің жағдайын бағалау процесі 60 секундтан аспайды. Бағалау аяқталғаннан кейін пациенттер арнайы түрлі-түсті лента түріндегі іріктеу санатының бір түсімен белгіленеді.
Айта кетсек, бүгінде Түркістан қаласында медицина салсының дамуына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Қазіргі таңда облыс орталығында жаңа жедел жәрдем станциясы салынған. Түркістан облысының әкімдігі мен «Қазақстандық-Француздық «КАТКО» бірлескен кәсіпорны» ЖШС бой көтерген нысан 25 бригадаға арналған. Мұнда кардиологиялық, педиатриялық, реанимациялық-хирургиялық, неврологиялық, психиатриялық, токсикологиялық бригадалар бар. Орталықта ересектер мен балаларға тәулік бойы тегін жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетіледі. Жедел жәрдем станциясы жылына 70 000 шақыруға шыға алады.
Сондай-ақ Түркістан қаласында «Денсаулық» саябағы салынды. Саялы демалыс орнының 6240 шаршы метр жері – көгалды аумақ. Онда 540 дана ағаш егілген. 3150 шаршы метріне аяқжол төселген. 100 дана бастырма орналастырылып, балалар ойын алаңшасы мен стрит воркаут жасақталған. Одан бөлек, саябақ ішінде әсемдік үшін қойылған ана мен бала мүсіні және 136 дана кіші сәулеттік формалар да бар. Саябақ автотұрақпен де қамтамасыз етілген.