Мемлекет басшысы Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиында «Біз тәртіп сақшыларын қолдауға әрдайым ерекше көңіл бөлеміз. Кейінгі жылдары полиция қызметкерлерінің жалақысы бірнеше рет өсіп, тұрғын үйді жалға алу құнына өтемақы төлеу енгізілді. Сонымен қатар әкімдерге жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын қызметтерге 30 пайыздық үстемақы белгілеу құқығы берілді. Менің тапсырмама сәйкес биылғы 1 қазаннан бастап жедел-іздестіру қызметі қызметкерлерінің еңбекақысы көтеріледі. Біз полиция қызметкерлерін құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғауды жақсарту үшін кешенді шараларды жалғастырамыз,-деген болатын.
Сондай-ақ Президент құқық қорғау органдарында қызмет атқарудың жастар үшін тартымды әрі мәртебелі болуы маңызды деп есептейді. Үздік полицейлерді көтермелеп, ерекшелеп, марапаттау ісін қолдайтынын білдірді. Сондай-ақ құқық қорғау органдарындағы қызмет тек артықшылық пен абырой ғана емес, халық алдындағы үлкен жауапкершілік екенін түсіну керек екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігі кадрлық әлеуетті ұдайы жетілдіруді, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін және моральдық рухын нығайтуды қамтамасыз етуі қажет екенін айтты. Қазақстан полициясында отансүйгіштіктің, ашықтықтың, әрқашан адамдарға көмекке келуге дайын тұратын адалдықтың образы қалыптасуы керек. Бұл барлық тәртіп сақшыларының ойлау жүйесі мен мінез-құлқына түбегейлі өзгерістер енгізуді талап етеді.
Бүгінде облыс орталығы Түркістан қаласын қауіпсіз қалаға айналдыру үшін әрі тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету құқық қорғау органдары қызметкерлеріне жүктелген жауапты міндеттердің бірі. Осы ретте құқық қорғау органдарының беделін арттыру, оларды қажетті техникалармен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай Түркістан облысы Полиция департаменті су жаңа көліктермен толықты. Қызметтік көліктердің кілтін табыстау үшін Түркістан қаласындағы тікұшақ алаңында ұйымдастырылған салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов пен жеке құрам қызметкерлері қатысты.
Салтанатты шарада облыс әкімі Дархан Сатыбалды Полиция департаменті бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында тиімді шаралар қабылданып жатқандығын алға тартып, өзінің құттықтау лебізін жеткізді.
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан бүгінгі таңда полиция қызметкерлерінің халыққа сапалы қызмет көрсетуіне барынша қолдау көрсетілуде. Осы мақсатта департаменттің жаңа ғимараты бой көтеріп, осы жылдың желтоқсанында толығымен пайдалануға берілуде. Ал бүгін тапсырылатын автокөліктер полиция қызметкерлеріне қылмыспен күрестегі қарқынды жалғастыруға өз септігін тигізіп, жұмыс сапасын одан әрі арттырады деген сенемін!»,–деді облыс әкімі.
Саптық алаңда өткен жиында облыстың бас полицейі Мұрат Қабденов қызметкерлердің жыл өткен сайын материлдық-техникалық базасы жақсарып келе жатқандығын тілге тиек етті.
– Полиция қызметкерлерін материалдық-техникалық жабдықтау – қылмыстың санын азайтуға септігін тигізуде. Осы ретте алдағы уақытта да Президент пен Ішкі істер министрінің тапсырмалары мен нұсқауларын орындауға зор сенім білдіремін. Сервистік полицияның қызметін жүзеге асырып, жұртқа жақын болу мақсатындағы жұмыстар одан әрі жанданатын болады»,–деді ол.
Осы ретте айта кетер болсақ, жалпы жыл басынан бері бүгінгі күнге дейін тәртіп сақшыларына жалпы 252 жаңа көлік берілді. Сондай-ақ, ҚР ІІМ мен жергілікті әкімдіктің қолдауымен өңірдің патрульдік полиция қызметкерлеріне - 94 бірлік, учаскелік полиция инспекторларына - 64 бірлік, уақытша ұстау изоляторына - 12 бірлік, аудандардың тергеу бөліміне - 17 бірлік, кезекші бөлімдерге - 20 бірлік қызметтік автокөлік берілді. Сондай-ақ қала, аудандарға автобустар мен автозактар үлестірілді.
– Биылғы қаңтардағы жағдайға байланысты Республика тарапынан қаржы бөлініп, полиция қызметкерлеріне 252 автокөлік беріліп отыр. Бұл бірінші кезекте Түркістан қаласын толығымен қамтамасыз ету мақсатында берілген жаңа көліктер болып саналады . Өз кезегінде қала аудандарға да жаңа қызметтік көліктер үйлестірілген болатын, – деді Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция майоры Меруерт Әбдіқадырқызы.
Тәртіп сақшыларына берілген темір тұлпарлар тұтастай заманауи құралдармен жабдықталған. Сонымен қатар, автокөлікте талапқа сай дыбыс күшейткіш қондырғысы мен рациямен орнатылды. Бұл дегеніміз JPS жүйесі арқылы қызметтік көліктердің қай бағытта жүргені тікелей орталықтың бақылауында болады.
Шара аясында Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы мен бас полицей Мұрат Талапұлы көліктердің техникалық жағдайымен танысты.
– Бүгінгі салтанатты іс шараға 600-ге жуық қызметкер қатысты. Бұл өткізіліп отырған шараның мақсаты қысқы киім үлгісін өткізу және қызметтік куәліктердің түгендеу, жарамдылық мерзімін тексеру болып табылады. Қазіргі таңда қызметкерлер қысқы маусымға қызмет етуге толықтай дайын болып отыр. Сондай-ақ қызметкерлерге қоғамдық тәртіпті сақтауға, жол көлік оқиғаларын алдын алуға, азаматтардың құқығын сақтау бойынша бағыт-бағдар берілді, –деді Асылхан Төреханов, Түркістан қалалық жергілікті полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі.
Салтанатты рәсімі соңы жаңа техниканың шеруі мен жеке құрамның саптық байқауымен аяқталды.