Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республика аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 миллиард көшет егу, ал, елді мекендерде 15 миллион әртүрлі ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасын орындау барысында жұмыс жүріп жатыр. Бүгінде облыс орталығы Түркістан қаласында осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда.
Жақында ғана қала аумағына тағы да көшеттер отырғызылды. «Қазір егіліп жатқан үлкен ағаштар күзде толық ұйықтамайды. Сондықтан оларды күзде егетін болсақ өніп кету пайызы төмендеу болады. Мәселен 10 көшеттің 7-еуі өнуі мүмкін. Ал қазір қыста еккен ағаштардың 90 пайызы өніп кетеді»,- дейді «Жасыл Түркістан» мекемесінің директоры Көркемжан Эшметов.
Күздің соңы мен қыстық басы тал-дарақтарды егуге таптырмас уақыт. Себебі бұл уақытта ағаштар ұйқыға кетеді дейді Аманкүл Ақбасова. Тек ауа-райы -15 градустан төмен болмауы керек. Ең батысы отырғызу шарттарын дұрыс орындау қажет.
«Түркістан қаласы дәл қазір көшет отырғызуға қолайлы уақыт. Себебі ауа температурасы қатты суйи қойған жоқ. Ең бастысы шұңқырларын дұрыс қазу керек, тамыры қысылмай тұрған абзал. Әр ағаштың өзінің ерекшелігі сай күтім жасау керек»,- дейді Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ Экология ғылыми зерттеу институтының директоры Аманкүл Ақбасова.
Мамандардың мәліметінше Түркістан қаласында 2022 жылдың күз мезгілінде көгалдандыру бойынша 120 мыңнан асатын түрлі интродукцияланған, климатқа төзімді ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Оның ішінде мыңнан астамы жеміс ағашы. Қазіргі таңда Түркістандағы көгал аумағы 2,5 миллион шаршы метрге жетті. 70 мың шаршы метрге түрлі гүлдер егілген. 700 мың түп дарақ отырғызылған.
Күздік маусымда «Отырар» шағынауданына – 29 мың, әкімшілік-іскерлік орталық аумағында және жаңа қалада 32 мың, әуежай жолы бойына 13 мыңнан астам көшет егілген. Сонымен қатар Б.Саттарханов даңғылы, «Денсаулық» саябағы, Шекті Тілеу, Баялиев, «Фараб» кітапханасының маңайы мен Кентау тасжолы, Майкөтов және айналма жол бойын көгалдандыру қолға алынады.
Қаланы көгалдандыру бойынша облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан да қолдау көрсетілуде. Қалада егілген ағаштардың басым бөлігін қысқа қарағаш, айлант, ірі жапырақты қарағаш, үйеңкі, ясень, тұт ағашы, форзиция, аморфа, богрянник, қарағай, айва, сириялық раушан, сирень, боз арша, акация, софора, форзиция, алма, терек және өзге де ағаштар құрайды.
Түркістанда 2019-2022 жылдары қала айналасынан 7700 гектар жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланған болаты. Бүгінгі таңда барлығы 13629 гектар жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда дейді мамандар. Алдағы уақытта «Жасыл белдеу» аумағын 30 мың гектарға жеткізу көзделген.
Егілген орман ағаштарының бірінші, екінші жылдарында 25 пайызының жерсінбей қурап қалуы – табиғи заңды құбылыс. Өйткені, Түркістан қаласының климаты күрт континетальді. Қураған ағаштардың орнына қайта жайқалту мақсатында орман екпелерін толықтыру жұмыстарын жүргізу маңызды. Ғылыми-зерттеу институтының берген қорытындысына сәйкес, мәдени орман екпелерінің өнімділігі 55 пайызды құрайтындығы дәлелденген.
Бір гектар орман жылына 18 миллион текше метр ауаны тазартып, 1 сағат ішінде 8 келі көмірқышқыл газын сіңіреді. Бұл 200 адамның 1 сағатта бөліп шығаратын көмірқышқыл газының көлемімен тең. Таза ауа – адамзаттың тіршілігі мен денсаулығының тірегі. Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәлімдеуінше, бүгінде Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында қала аумағында саябақтар мен аллеялардың көлемі артып, 495 гектарға жетті. Оған қоса қала аумағында көгалдандырудың жаңа технологияларын қолдану нәтижесінде көшеттердің өнімділігі артып, газондардың жақсы өніп-дамуына қол жеткізілді.
Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65 пайызға төмендеген. Түркістан қаласының экологиялық жағдайы тұрақталып, анағұрлым жақсарып келеді. Бұған су жүйелерін жаңғырту, жасыл алқаптардың көбеюі, қаланың толықтай табиғи газ жүйесіне қосылуы оң әсерін беріп отыр.
Бұдан бөлек, облыстың орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында 30 миллион данадан астам әртүрлі орман ағаштарының көшеттері өсіріліп жатыр. Алдағы уақытта ол көшеттердің санын 60 миллионға жеткізу жоспарлануда. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар облыстың аудан, қала және елді мекендерінде жасыл желек құру мен көгалдандыруға, экологияның тұрақтануына оң әсерін тигізеді.
Түркістан қаласындағы саябақтар мен гүлзарларды күтіп ұстау және ішкі ирригациялық жүйелердің жай-күйі де – басты назарда. Облыс орталығында 400 гектар аумақты алып жатқан 248 саябақ пен гүлзар, желілік бақ пен жасыл желекті демалыс аймақтары бар. Демалыс аумақтары жарықтандырылып, көпжылдық өсімдіктер мен гүлді бұталар егілген.
Әр саябақ заманауи, креативті әрі қайталанбас үлгіде салынған. Б.Саттарханов көшесінің бойындағы «Желілік саябақтың» жер көлемі 20 гектардан асады. Мыңнан астам шаммен жарықтандырылған саябаққа субұрқақ, орындықтар, 2 мыңнан астам кіші архитектуралық форма қойылған. Ашық аспан астындағы демалыс орталығында ұзындығы 67 метрлік бассейн орналасқан. Әсіресе жазы ұзаққа созылатын Түркістан қаласы үшін бұл нысан аса маңызды. Демалыс орнында инвесторлар тарапынан дәмханалар, мейрамханалар салынуда. Бұл – жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Демалыс аймағында балалар мен ересектерге арналған фильтрациясы бар бассейндер мен фут-корт орналасқан. Тереңдігі 1,5 метрлік монолитті бассейні бір мезгілде 200 адамды қабылдай алады. Балалар бассейнінің тереңдігі – 80 см. Бассейн судың тұрақты тазалығын қамтамасыз ететін тазалау сүзгілерімен жабдықталған.
Одан бөлек, Әкімшілік-іскерлік орталық аумағындағы «Гүлдер» саябағы мен Сейхун көшесінің аралығын гидрантты жүйемен қамту жобасы әзірленуде. Шаһардағы барлық ирригациялық арықша көлемі - 22,5 шақырымға созылған. Қазіргі таңда бұл арықтардан секундына 100 литрге дейін су алынуда. Арыс – Түркістан каналынан бастау алатын ирригациялық арықтар қаланың орталығы мен бірнеше секторларды ағын сумен қамтамасыз етеді.
Қаладағы көгалды аумақтар гидрантты жүйе мен ирригациялық арықшалар арқылы суарылады. Гидрантты жүйемен суарылатын аумақтарда 6 кезеңдік құрылыс жұмысы жүзеге асырылған. Оның бүгінде төрт нысаны іске қосылып, екі жобаның құрылыс жұмысы әлі жалғасуда.
Қала аумағын жел эрозиясынан сақтап, экологиялық ахуалын тұрақтандыру және қолайлы климат қалыптастыру мақсатында көне шаһарды жасыл желекке айналдыру үшін түрлі жобалар жұмыс жасауда. Соның бірі 2019 жылы құрылған «Жасыл аймақ» жобасы.
– «Жасыл аймақ» жобасы 2019 жылдан бері өз жұмысын тыңғылықты атқарып келе жатқан бірден-бір мекеме. 2020 жылы бізге бөлінген қаржы тек көшет егу үшін ғана бөлінген жоқ. Бізде «Жасыл аймақ» мемлекеттік мекемесінің штаты бар. Оның ішінде 450 қызметкер, 40-50 техникалық құрылғылармен жабдықталған. Сол техниканың жанармайы мен қызметкерлердің айлық жалақысы, ағаш егу, қопсыту, ұңғыма қазу жұмыстарын қоса есептегенде жалпы 3 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінген болатын, – дейді «Жасыл аймақ» мемлекеттік мекемесінің директоры Әбутәліп Құламетов.
Облыс орталығы Түркістан қаласын гүлдендіру, жасыл желекке айналдыру, оны күтіп-баптау міндетін бірнеше мекеме өз мойындарына алған. Сондай мекемелердің бірі – «Жасыл Түркістан» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Мұнда 200-ге жуық жұмысшы шаһардың жасыл желегін күтіп-баптау үшін тер төгеді.
Қалалы жерде тұратын әрбіріміз арнайы киім киген көше сыпырушыларды, бағбандарды көріп қалып жатамыз. Жайлы, таза ортаны қалыптастыруда еңбегі орасан осындай азаматтардың жұмысы көп жағдайда назардан тыс қалып жатады. Біз бүгін әңгіме еткелі отырған кейіпкеріміз Марат Сұлтанбеков біраз жылдан бері Түркістан қаласының жасыл желегін күтіп-баптауда еселі еңбектің үлгісін танытып келеді.
– «Жасыл Түркістан» мекемесіне жұмысқа кіргеніме 2 жылдан асты. Қазіргі таңда Қожа Ахмет Ясауи мешітінің аумағында бағбанмын. Осы айналадағы талдарға, гүлдерге, жасыл желекке күтім жасаймыз. Сонымен қатар осы маңдағы тазалық жұмыстары да бізге жүктелген. Қазіргі таңда кесенеде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қолымыз босаған уақытта Алланың разылығы үшін ол жұмыстарға да араласамыз, – дейді Марат аға.
Оның айтуынша, жұмыстың ең қиын кезеңі шілденің аптап ыстығы мен көктемнің басына тура келеді екен. Себебі, шілдеде күн қатты ысып, шымды күйдіріп жібереді. Ал, ол уақытта шымды суаруға болмайды екен. Қатты ысып тұрған шымды суарса, ол бірден сарғайып кетеді. Сосын қыстан шыққан өсімдікті суарудың да өзіндік тәртібі бар көрінеді.
– Күзгі уақытта ағаштарға көбірек су береміз. Себебі, қар түскенде берген суымыз ағаш тамырына мұз боп қатып, қыс бойы ылғалданып тұрады. Бұл талдардың қыстан аман шығуына сеп болады. Қазіргі таңда қураған талдарды кесіп, түптерін қопсытып жатырмыз. Қысқа дайындық қазірден басталып кетті, – дейді бағбан.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы мешіттің айналасында алма ағаштары көптеп өсірілуде. Одан бөлек сәндік талдар да бар. Марат Сұлтанбековтен бөлек тағы 5 адам осы аумақтағы көгалдандыру жұмыстарына жауапты.
Жалпы, «Жасыл Түркістан» мекемесінде қала аумағына жауапты 6 бригада жұмыс істейді. Олардың әрқайсысында 5-10 жұмысшыдан бар. Әр бригада өзіне міндеттелген аумақтағы көгалдандыру, тазалық ісіне жауап береді.
– Соңғы уақыттары қаламызда көркіне көз тоймайтын зәулім ғимараттар бой көтерді. Осыған қарап түркістандықтар арасында қала мәдениеті де қалыптасып келе жатыр. Десек те, көпшілік орындарда тазалық сақтауды білмейтін азаматтар әлі де аз емес. Әрине, бұл жерде біріншіден нәпақа табу, отбасын асырау мақсатында жұмыс істеп жүрміз. Алайда, таң азаннан қара кешке дейінгі төккен тердің, еңбектің бағаланғанын қалаймыз. Қаланы таза ұстау жалғыз біздің міндетіміз емес қой. Осыны түсінбейтіндер де бар, – дейді Марат Сұлтанбеков.
Расында да қаланы, қоршаған ортаны таза ұстау жалғыз «Жасыл Түркістанның» немесе осы тектес тазалық мекемелерінің міндеті емес. Сол ортада өмір сүріп жатқан әрбір тұрғынның айнымас борышы болуы керек.
Қайта түлеп келе жатқан Түркістан қаласының саябақтарына осы жаңа жасыл желек қосылған болатын. Ол - Президент саябағы. Аумағы 40 гектар болатын саябаққа 7 мыңнан астам ағаш, 43 мың түптен астам гүл егілген. Мұндағы жасанды көлдің сыйымдылығы - 100 мың текше метрге жуық. Тереңдігі – 4 метр. Мұнда қайықпен серуендеуге, су спортымен шұғылдануға мүмкіндік бар. Мұнда қайықпен серуендеуге, су спортымен шұғылдануға мүмкіндік бар. Жалпы саябақтың көгалдандырылған аумағының көлемі – 25 гектарға жуық, 3500 шаршы метрге гүл егілген. Аллея, субұрқақтары мен балалар ойын алаңшалары, орындықтары мен жүгіру және веложолы бар. Гүлзары 3500 м2-ді құрайтын саябақта 4 аллея, сатылы және жабық фонтандар, 7 балалар ойын алаңы бар. Сонымен қатар, 3 мұнара, 50 пергола, 10 әткеншекті пергола мен Ұлы Даланың жеті қыры мүсінделген су кешені орналасқан.
Сонымен бірге жаңа саябақта 7 мыңнан астам ағаш, 43 мың түптен астам гүл егілген. Әлемнің бірнеше мемлекетінен елімізде сирек кездесетін ағаш түрлері әкелінген. Жарықшамдар орнатылған. Алдағы уақытта саябақта кәсіпкерлікті дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған біршама жобалар жүзеге аспақ.
Сонымен қатар қалаға кіре берістен Түркістан–Шымкент бағыты бойында орналасқан «Жібек жолы» саябағы қонақтарға ерекше сезім сыйлайды. Ақмола, Алматы және Қарағанды облыстарының Түркістан қаласына тартуы болып саналатын демалыс саябағының жалпы жер көлемі 30 гектарды құрайды.
2019 жылы құрылысы басталған нысанда субұрқақтар, жасанды тоған, жасыл бұта, ағаштар мен газон егіліп, орындықтар қойылған. Сондай-ақ, спортпен шұғылдану үшін аяқжол мен веложолдар да салынған.
Демалыс орнын көрікті етумен қатар, салқын ауа сыйлау мақсатында орнатылған субұрқақтар түнде де саябақтың келбетін ерекшелеп тұрады.
Түркістанның жасыл желегі десе ең алдымен көз алдымызға қаланың өкпесіне айналған ботаникалық бақ оралады. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ел тәуелсіздігімен бірге бой көтерген білім ошағы. Міне осы университет жанынан сонау 1993 жылы 88 гектар тақыр жерге ботаникалық бақ салынған болатын. Бүгінде ол биологиялық және экологиялық мәселелерді зерттейтін заманауи ғылым орталығы ғана емес, Түркістан қаласының жайқалған орманына, жасыл қорғанына айналды.
Түркістан облысы Қазақстанның экологиялық қолайсыз алты аймағының бірі. Қазақстанның оңтүстігіндегі шөлді дала жағдайлары өсімдік ағзаларына әсер ететін қолайсыз факторлардың ерекше күрделі жиынтығымен ерекшеленеді. Осыған орай, экологиялық ауыртпалықты азайту және өсімдіктерді көбейту жағдайын жақсарту мақсатында осы ботаникалық бақ құрылды.
Ботаникалық бақта сәндік ағаштар мен жеміс-жидек дақылдарын өсірудің ғылыми негізделген әдістері, сондай-ақ осы ағаштарға сапалы тұқымдық материал алудың жеделдетілген технологиялары әзірленеді. Бүгінгі таңда университет ғалымдары Түркістан қаласын абаттандыру әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жобаны жүзеге асыруда. Мәселен, коммерцияландыру жобасы аясында 26 сәндік өсімдіктердің көшеттері дайындалды.
Ботаникалық бақ базасында Ғылым қорының гранты есебінен 282 млн теңгеге ғылыми зерттеулер нәтижелерін коммерцияландыру бойынша ірі жоба іске қосылды. Оның нәтижесінде Түркістан қаласының төңірегінде «жасыл белдеу» құрылды.
«Ахмет Ясауи заманында Түркістан (Яссы) жайқалған оазис болған. Қаратаудан мөлдіреп аққан Қарашық, тағы басқа көптеген өзендер көктемде аттылы адам зорға өткен. Сырдариятасып қызыл су Түркістанның шетіне келген. Оның екі жағының ені 15 – 20 км.қалың тоғай орман болған, жолбарыс, арыстан сияқты жыртқыш аңдар мекендеген, еңнегізгісі Қызылқұмның ыстығы Түркістанға жібермейтін тосқауыл еді. Қазақстанжерінде ұзындығы 1400 км. Сырдария ғасырлар бойы халықтың қыста қыстауы, жаздаегіні мен бау-бақшасы, өркендеген аймағы болған»,- дейді ботаникалық бақты талай жыл басқарып, еңбегі сіңген биология ғылымдарының докторы Құлахмет Байжігітов. Ботаникалық бақтың қалай құрылғаны, алғаш егілген көшеттерге дейін Құлахмет ағаның әлі көз алдында.
«Ботаникалық бақтың жобасы академик Иса Омарұлы Байтулиннің басшылығымен жасалды. Интродукциялық функциясына байланысты ботаникалық бақ үш секторға топтастырылды: дендрарий, тәжірибе-эксперимент алаңы, шаруашылық. Розарий, сиренгарий, декоративтік, өсімдіктер, дәрілік өсімдіктер, сирек және қорғалатын өсімдіктер, ақ қайың, барлығы жиырма питомник орналыстыру белгіленді. Ботаникалық бақтың картасын Татьяна Мусина Журсингазиевна жасады. Барлық питомниктер мен аллеяларды, жолдар мен тротуарларды нақтылап көрсетті. Татьяна Журсингазиевна Алматыдағы құрылыс жобалау институттың бас маманы, жоғары білімді дизайнер. Ботаникалық бақтың жобасы Бас ботаникалық бақтың Ғылыми кеңесінде (17.03.1994 жыл) қаралып бекітіліп, оны университет ректораты мақұлдады.
Алдымен университет орналасқан жер туралы айтайын. Бұл жер ерте геологиялық заманда жаратылған Қаратаудың етегі (конус выноса). Жер қабатының қалыңдығы 1-1,5 м., ары қарай қиыршық тас, оның қуысында известняк бар, ені әртүрлі 0,5 метрден 10 метрге созылады. Қар, жаңбыр суының әсерінен известняк еріп шұқыр пайда болады, жергілікті аты оқпан. Коммунизм колхозы егіншілікке пайдалана алмай тастап кеткен. Ботаникалық бақ осы жерге салынды. Жалпы Түркістан ауданының елді мекендері осындай жерге орналасқан. Сондықтан олардың атына «нақ» деген жұрнақ қосылған. Тасанақ, Шобанақ, Қарнақ, Шорнақ, Сунақ, Сығанақ. Түркістанның жаңа орталығы Тасанақ аймағына салынып жатыр. Отыз жыл өндірісте, ғылыми жұмыстарда істеген тәжірибемді қолданып Ботаникалық бақтың барлық питомниктерін жерге орналастырып, жолдар мен тротуарларды анықтадық. Су мәселесін шешу үшін үлкен жұмыс орындалды. Ботаникалық бақтың ортасына диаметрі 300 см., ұзындығы 1500 м. құбыр орнатып оны жерге көмдік. Алты скважина тереңдігі 55-60 м. қазылды, оларды орталық құбырға қостық. Университетке бартер арқылы келген екі тракторды берді. 1993 жалы жаз бойы осындай шаруашылық жұмыстарымен айналысып, келесі көктемге дайындалдық. Интродукцияда бастапқы материалды дұрыс таңдаудың маңызы зор. Біз жұмысымызда И.О.Байтулиннің жасаған экологиялық – экстраполяциялық теориясын қолдандық.
Түркістан қаласы жағдайында интродукция үшін өсімдіктерді таңдау шекті температуралық факторлардың абсолютті минимум (-25 C), абсолютті максимум (+45 С) дейін олардың өмір сүру уақытымен анықталады.
Түркістан қаласында өсімдіктерді интродукциялау үшін интродукциялық жұмыстардың нәтижесімен алдын-ала талдау жүргізілді. Барлық ботаникалық бақтарда, Қазақстан және Өзбекстан дендрарийлерімен, арборетумдарымен, Новосибир ботаникалық бақтарында өсірілген өсімдіктердің жоғары жаздық және қысқы төмен температурада төзімділігі анықталды.
Абсолютті төмен және жоғары температура диапазоны төзімділігі бойынша Түркістан қаласында интродукциялау үшін ағаштар мен бұталардың перспективті ассортименті жасалды.
Түркістан облысының тұрғындарының қолында абрикостың 25, шабдалының 15, алманың 20, барлық жеміс ағаштарының 95, жүзімнің 30 сорты жинақталған. Олар осы жерге бейімделген, сапалы өнім береді. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде декоративті ағаштардың ассортименттерінің, жеміс ағаштарының, жүзімнің тізімін жасадық. Қыруар жұмыс академик Иса Омарұлы Байтуллиннің басшылығымен жүргізілді.
Жыл сайын 20-25 мың көшет отырғыздық. 1994-1998 жылдар аралығында қылқан жапырақты жеміс ағаштарының питомниктерін, ақ қайың рощасын, розарий, сиренгарий, тоғай өсімдіктерін, Қазақстанның топырақты климат зоналарын орналастырдық. Барлығы 127 декоративті және жеміс ағаштарының түрлері мен сорттарын отырғыздық, олар 28 тұқымдасқа жатады,- дейді ол.
Ботаникалық бақ университеттің бөлінбес құрылымдық бөлімі, оқу және өндірістік тәжірибелерде, студенттер мен магистранттардың дипломдық, ғылыми-зерттеу жұмыстарына ауқымды мөлшерде қатысып отыру жоспарланған. Ботаникалық бақ базасында қажеттілігі жоғары және сирек мамандықтар — дендролог, ландшафтник, өсімдіктанушы-ботаник дайындалады. Он магистранттық, бір докторлық диссертация қорғалған.
Мұнда көшеттер мен гүлдерді, тропикалық және субтропикалық өсімдіктерді өсіру үшін оранжерея және тәжірибелік-оқу жылыжайы салынған.
Көп жылдық бақылау негізінде жапырақты, қылқанды ағашты өсімдіктер мен бұталардың 65 түрі құрғақшылыққа төзімді екені анықталып, өндірістік ауданы 20 гектар питомник салынған. Сонымен он жылда Түркістан Ботаникалық бағы Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқу-тәжірибелік және ғылыми зерттеу базасы, Қазақстан Республикасының оңтүстігіндегі фитоинтродукциялық қоршаған ортаны қорғаудағы, қалалар мен елді мекендері көгалдандырудағы және еліміздің оңтүстігіндегі жеміс-жидекті өсімдіктердің ежелгі сорттарын сақтау және коллекциялық орталығы болып қалыптасты.
Ботаникалық бақтың жайқалуына еңбегі әбден сіңген Құлахмет Байжігітіов ботаникалық баққа «Қазақстанның шөл аймақтарының орталық Ботаникалық бағы» статусын беру туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсыныс жасаған көрінеді.
Міне, кезінде нуы жайқалған көне шаһардың бүгінде қайта ажары кіріп, жасыл желекке орануда.