Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайында «Сенімділік серігім!» тақырыбында ерікті жастармен кездесу өтті. Түркістан қалалық мәслихат депутаттары Жұман Жансерік және Абдуллаев Ақиқаттың қатысуымен өткен кездесу барысында қонақтар мен қатысушылар ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жолдауының бірнеше бағыттары талқыланды. Жігерлі жастар үшін Мемлекет басшысының Жолдауда айтылған қолдаулары сөз болды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы елімізде Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам құруға арналды. Жолдау барысында мемлекет басшысы: «Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын» , – деп мәлімдеді.
«Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз. Президент жанындағы Омбудсмен тағайындалады. Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады. Енді реформалардың нақты бағдарларына тоқталайын», – деген Президент Жолдауда еліміздегі бірқатар әлемуеттік мәселелердің шешімін көрсетті. Қандай заман, қай қоғам болмасын білім алуды ешқашан шетке ысырып қойған емес. Қазіргі қоғам - білімді жастардың қоғамы. Басты назарды жасөспірімдердің спорт пен шығармашылық тұрғыда білім алуына жағдай жасауға жұмсауды тапсырды. Сонымен қатар Президентіміз «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруды тапсырып, мектепке дейінгі білім беретін ұстаздардың еңбекақысын көтеру қажеттігін атап өтті.
Бұл Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір күн немесе бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Мемлекет басшысы алдағы уақытта Қазақстан жаңа реформалы мемлекетке айналатынын, Парламент пен мәслихаттар жұмысы жүйеленетінін атап өтті. Сондай-ақ, Президент сот жүйесін жаңартып, реформалау қажеттігін қадап айтты. Және де құқық саласында адал, әділетті әрі жемқорлықтан ада мамандарды тартып, халықтың сеніміне ие болу тұсын басты назарға алу керектігін тілге тиек етті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі саяси ұстанымдарының бірі – ашықтық және қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнату. Ел азаматтарын, отанымыздың алдында адал қызмет етуге, абыройлы іс жасауға, терең білім алып, ерінбей еңбек етуге шақырады. Жолдауда айқындалған бағыттар өңіріміздің экономикалық өсімін жеделдетіп, халықтың әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Ең бастысы – еліміздің егемендігі. Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Сондықтан да қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайту үшін жігерімізді жанып, зор ынтамен іске кірісуіміз қажет.
Ендеше елдің ертеңіне алаңдаған ел президентінің жаңа бастамаларына қолдау білдіріп, жүктеген міндеттерге жауапкершілікпен қарап және оның орындалуына біз де бірлесе атсалысайық! Жаңа Қазақстанға, Әділетті Қазақстанға нық қадаммен аяқ басайық!»,- деді жиында сөз алған Түркістан қалалық мәслихат депутаты Жұман Жансерік.
Ал депутат Ақиқат Абдуллаев Жолдаудағы білім және жастардың мәселелеріне тоқталды. «Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет.
Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайыз аралығында болады.
Білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі. Бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамда әріптестік және өзара жауапкершілік қағидатын нығайта түседі.
Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті, мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болу шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн.
Студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болады. Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім беру экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс.
Мен ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді.
Біз зейнетақы жүйесін де қайта жаңғыртамыз. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғарғы шегін 120 пайызына жеткізу қажет.
Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді.
Жалпыхалықтық референдумда қабылданған конституциялық өзгерістер Әділетті Қазақстанның символына айналды.
Біз Ата заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы.
Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын»,- деп атап өтті ол.
Түркістандық халық қалаулылары осымен қаламыздағы бірнеше оқу орындарында жастарға Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауын кеңінен түсіндіріп келеді.
Жиын соңында қатысушылар мен қонақтар алған әсерлерімен бөлісіп, алдағы маңызды күндерде жұмыла жұмыс жасайтындарын жеткізді.