Түркістан қаласында отандық жөргектер таныстырылды. Бұл бірегей бастама Түркістан облысында қолға алыныпты. Сәбилер тұтынатын басты тауардың шетелдік танымал брендтерден несімен артық?
Әр теледидар жарнамасында көрсетілетін шетелдік жөргектер енді Қазақстанда, атап айтсақ, Түркістан облысында өндіріледі. Одан бөлек, әлдеқайда арзан бағамен сәбилерді және олардың ата-аналарын қуантпақ. Сапасы болса, шетелдік әйгілі брендтерден озық болмаса, кем емес.
«Бұл идея қайдан келді? Біріншіден бізде жөргек өндіретін отандық өнім жоқ. Шетелде жасап жатқан жөргектерді неге біз жасамасқа деген ой келді. Өзіміздің халықтың қалтасына да ұрмайтын, сапасы да жоғары жөргек жасау технологиясын ойлап таптық. Іс шара барысында біздің жөргектердің әлемдік нарықтағы танымал жөргектерден қандай ерекшелігі, артықшылығы барын көрсеттік. Яғни басқа елден келетін жөргектер 30-40 секундтта сіңіретін болса біздің «Алтын бала премиум» атауындағы жөргектер 15 секундта сіңіреді. Біз оны осы жерде халықтың көзінше презентация барысында көрсеттік »,- кәсіпкер Баянсұлу Оразалиева.
Кәсіпкер тұңғыш отандық жөргектердің таныстырылуын өзге емес, дәл осы Түркістан қаласында өткізуді жөн көрген. Бұған қуанған қала тұрғындары, сауда орталығын лық толтырып, ине шаншыр жер қалдырмаған.
«Өнімді шығару бір бөлек оны сату бір бөлек. Біз сатуды бастаған кезде бізге қолдау көрсетіп, ең бірінші осы жөргектерімізді қолданып, алған осы Түркістан қаласының тұрғындары. Сондықтан біз бірінші Түркістан қаласында сатуды ұйғардық. Ең бастысы бұл қала киелі жер. «Бісіміллә» деп осы киелі жерден бастағанды жөн көрдік»,- дейді Баянсұлу Оразалиева.
Кәсіпкер алдағы уақытта күнделікті қажет бұл тауарды алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлеріне жеткізу басты жоспар дейді. Ары қарай, бәлкім, шетелге экспорттау мәселесінің ауылы да алыс емес екен.
Айта кетейік, «Capable group» кәсіпорнының инвестициялық жоба құны – 3 миллиард теңге. Аталған компания 100 пайыз қазақ инвесторына тиесілі. Өндіріс орнында 60 жаңа жұмыс орны ашылған. Жұмысшылардың 60 пайызы –мүмкіндігі шектеулі жандар.
Сапасы жоғары, бағасы қолжетімді қазақстандық жөргектер «Алтын бала» және «SimboBaby» атауымен шығарылып жатыр. Шикізат Қытай, Түркия, Германия, АҚШ елдерінен әкелінеді. Кәсіпорын минутына 600 данаға дейін жөргек шығаруға қауқарлы. Өндіріс орны толық қуатқа шыққанда жылына 500-600 миллион дана жөргек шығаруға мүмкіндік алмақ. Инвестор өз өнімдерін ЕАЭО және ТМД елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр. Бұл отандық экспорттың дамуына қосымша серпін береді.