ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын насихаттау мақсатында Түркістан қалалық мәслихатының депутаттары Ғаппар Сәрсенбаев, Тәжібек Мұсаев, Рая Ибадуллаева, Айгүл Тілепова қалалық жұмыспен қамту орталығының еңбек ұжымымен және жұмыссыз адамдармен кездесу өткізді.
Кездесу барысында спикерлер қатысушыларға биылғы Жолдаудың ерекшеліктеріне тоқталды.
«ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы - өте салмақты да маңызды құжат. Тап бүгінгідей күрделі ахуалда не істеу керек деген сұраққа жауап беруге тырысқан. Мәселенің экономикалық, саяси, әлеуметтік, рухани, тағы басқа қырларын интеллектуалды ізденіспен, эмоциялық толғаныспен талдапты. Мұнда миллиондаған отандастың жақсы өмірге ұмтылысының тәжірибесі, ұрпағының болашағына алаңдап, Қаңтар қасіретіне ұрындырған әділетсіздікке наразылығы көрініс тапқан. Президент өз ұсыныстары мен шешімдерін 5 бағытқа бөлген. Бәрі толғағы жеткен қажеттіліктер. Тапсырмалардың атқарылу мерзімдері де назарынан тыс қалмаған. Мәселен, құрылыс саласындағы біршама ережелер мен нормалар кеңестік жылдардан бері сақталып келе жатыр. Ондай мұралар білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы салаларында бар. Демек, Жаңа Қазақстанды құру үшін алдымен өзіміз өзгеруіміз керек. Қиынның қиыны осы болар, сірә!»,- деп атап өтті депутат Ғаппар Сәрсенбаев.
«Жастарға жан-жақты қолдау көрсету. Жаңа Қазақстанның болашағы жастар болғандықтан, оларды жұмыспен қамтамасыз ету, кәсіпкерлік бастамалары үшін 2,5 пайызбен несие беру құптарлық. Алайда тек кәсіпкерлік үшін ғана емес, жастардың басты мәселесі баспана болғандықтан, оларға тұрғын-үй жағдайын түзету үшін де 2,5 пайызда несие берілген дұрыс.
- Әрбір балаға кәмелеттік жасына толғанға дейін Ұлттық қордан қаражат бөлу. Бұл жинақталған қаражат жеткіншектің білім алуы мен үй сатып алуына жұмсалады. Егер бұл бастама шынымен іске асырылатын болса, көптеген әлеуметтік жағдайы төмен отбасы үшін үлкен көмек болатыны анық.
- 32 аудандық аурухананы толық модернизациядан өткізу. Дені сау ұлт - сау мемлекет дегендей, емханалар мен ауруханалардың қазіргі жағдайы мәз емес екендігі баршаға мәлім. Сондай-ақ кейбір ақылы немесе ақылы емес емдеу орталықтарында отырған жас дәрігер мамандардың кәсіби деңгейлерінің төмендігі де белгілі. Бұл орайда резидентура үшін гранттарды 70 пайызға көбейту оң шешім.
- Мектепке дейінгі тәрбие мәселесін басты назарға алу. Балабақша тәрбиешілерінің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейтіп, жұмыс жүктемесін азайту, ең бастысы, балабақшаны емес, сонда қызмет ететін тәрбиешіні аттестациядан өткізу жұмыс берушінің білікті маманды жұмысқа алуына кепілдік береді. Өйткені соңғы кездері әлеуметтік желілерден балабақша тәрбиешісінің немесе күтушісінің балаға жасаған психологиялық, физикалық қысым көрсетулерінің куәсі болудамыз. Оның себебі – мемлекеттік немесе мемлекеттік емес балабақшаға педагогикалық білім бар немесе универиситетті енді бітірген жұмыс таппай жүрген кез келген адамды жұмысқа қабылдай береді. Өйткені тәрбиешілер мен тәрбиеші көмекшілерінің жалақысы аз болғандықтан, оған арнайы мектепке дейінгі білім бар маман өздігімен келмейді. Сондықтан, тәрбиешілер мен тәрбиеші көмекшілерінің біліктілігін тексеру үшін аттестациядан өткізу маңызды. Біз қашанда «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрбіріміз үшін» қағидатын ұстанамыз. «Әділетті қоғам, Әділетті экономика, Әділетті мемлекет» құру жолында бір арнаға ұйысқанымыз абзал», - деді Президенттің Жолдауын жан-жақты түсіндірген Нұрсұлтан Жүсіпбаев.
Сондай- ақ халық қалаулылары еңбек ұжымының көкейкесті сұрақтарына жауап берді. Жұртшылықтың ұсыныс-тілектерін тыңдап, істеріне сәттілік тілеп қоштасты.