Заң талаптарын сақтауға шақырды

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжілісте бірнеше тақырып бойынша тыңдау болды. Бірінші кезекте қала тазалығы мен сәулетін сақтау бойынша атқарылған жұмыстардың есебін тыңдалса, екінші сұрақ бойынша мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу, алдын алу бойынша заң аясында түсінік берілді. 

image.png

Кеңеске қала әкімі аппаратының бөлім басшылары, құқық қорғау мен прокуратура өкілдері қатысты. Бірінші мәселе бойынша қала әкімінің сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан жүргізілген жұмыс барысы тыңдалды. Бұл бөлім мамандарының айтуынша, қала аумағындағы сыртқы жарнама нысандарын зерделеу нәтижесінде 290 заңсыз орнатылған жарнама анықталғаны айтылды. Заң талаптарына сәйкес 39 нысан тіркеуге алынса, талапқа сәйкес келмейтін өзге жарнамалар жойылған. Жалпы қала бойынша сәйкестендіріліп мемлекеттік кірістер басқармасының тізбесіне енген 331 жарнама нысаны бар екен.

Жобалау құжаттарынсыз салынғаны анықталған нысандар бойынша облыстық бақылау жөніндегі басқармаға – 124 хат, облыстық жер инспекциясына 19 хат жолданып, 37 нысанға әкімшілік айыппұл салынған. 

Қалалық полиция басқармасының басшысы Бауыржан Жанаевтың айтуынша, полиция өкілдерімен жүргізілген рейд барысында қала аумағында ортақ пайдалану орындарын ластау дерегімен 155 құқық бұзушылық анықталған. Осындай заңғысздыққа жол берген тұлғаларға 1 миллион 679 мың 860 теңге айыппұл салынған. Сонымен қатар қаланың абаттандыру қағидаларын бұзған 68 тұлғаның үшеуіне айыппұл рәсімделіп, бірқатарына ескерту шарасы қолданылған. Жолдарды және жол жабындыларын ластаған 2 жүк көлігі жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сондай-ақ қала төңірегіндегі төбелер мен соқыр аймақтарды қоқыс алаңына айналдырмау мақсатында полиция басқармасы тарапынан рейдтік шаралар жүргізілген. Қабылданған шаралар нәтижесінде, 6 құқық бұзушылық анықталып, Әкімшілік кодекстің 505 бабында көзделген тәртіптік шара қолданылды. Жыл басынан бері ортақ пайдалану орындарын ластау бойынша 4530 құқық бұзушылық тіркелген. Салынған айыппұл көлемі 55 миллион 357 мың 659 теңгеге жетті. Абаттандыру қағидаларын бұзу дерегімен 1059 құқық бұзушылық анықталып, 3 миллион 027 мың 440 теңге айыппұл салынған. Жолдарды және жол жабындыларын ластаған 505 жүк көлігі жүргізушілеріне жалпы 3 миллион 558 мың 756 теңге көлемінде айыппұл рәсімделген.

- Өздеріңіз айтқандай жұмыс кереметтей болса, құқық бұзушылық қатары неге кемімейді? Неге бүгін тазаланған жерде ертең тағы қоқыс жиналады? Демек, рейд шаралары тиісті деңгейде жүрмейді. Мен полиция басқармасына өзекті аймақтар бекітілген учаскелік инспекторлардың жауапкершілігін қарауды ұсынамын. Тазалық мекемелері жинаған алаңдарда қайта қоқыс жиналса, өз аумақтарын ұқыпты ұстай алмайтын сектор жетекшілерімен де қоштасамыз. Бұл соңғы ескерту деп қабылдаңыздар, - деді мәжіліс барысында қала әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы.  

Осыдан кейін күн тәртібіне қойылған екінші мәселе бойынша қала прокуроры Каукен Нәрікбаев баяндма жасады. «Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тежейді. Біздің ел – тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің ішіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы арнайы заң қабылдаған бірінші және бірден-бір мемлекет» деп атап өтті баяндамашы.

- Мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмыстарының нәтижесі мен тиімділігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері Президенттің жеке бақылауында. Сыбайлас жемқорлықтың өзекті мәселелері, оның пайда болуы, онымен күрес жүргізудің қылмыстық-құқықтық құралдары қызу пікірталас тудыруда. Сыбайлас жемқорлық сияқты қоғамға қауіпті іс-әрекеттер мемлекетіміздің басқару жүйесіндегі сәйкесті буындарды тұншықтырып, олардың қалыпты, заңды қызмет жасауына кедергі келтіреді. Ал, іс жүзінде бірқалыпты дұрыс қызмет атқаратын мемлекеттік органдардың қызметі ғана қоғамның экономикалық дамуына, оның мүшелерінің құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге қабілетті. Сондықтан да, мемлекеттік басқару жүйесін қорғау, оған қылмыстық қолсұғуды болдырмау ең маңызды мәселе. Өйткені, мемлекеттік аппарат қоғамды басқару жүйесінің қажеттілігі, ондағы әртүрлі процестердің реттеушісі. Жалпы, сыбайлас жемқорлықпен күресу жеке адамдардың немесе жекелеген топтың ғана емес мемлекеттік органдардың, мемлекеттік қызметкерлердің, тұтастай қоғамның басты міндеті мен борышы. Осыны шынайы орындау үшін әрбір лауазым иесі өзінің жан дүниесін ұдайы таза, адал ұстауы тиіс. Сонда ғана олар қарапайым халықтың сенімін ақтап, қоғамның тежеусіз дамуына үлес қосқан болар еді, - дейді Каукен Нәрікбаев.

Қала прокурорының айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың көптеген түрлері, яғни көріністері бар: парақорлық, тамыр-таныстық, қоғамдық ресурстар мен қорларды заңсыз бөлу және қайта бөлу, қоғамдық ресурстарды жеке мақсатта заңсыз иемдену, заңсыз жекешелендіру, саяси құрылымдарды заңсыз қолдау және қаржыландыру, бопсалау, жеңілдікті несиелер, тапсырыстар беру, әйгілі «блат» (қоғамдық ресурстарға қол жеткізу үшін жеке байланыстарды пайдалану). 

«Мұның қай түрі болмасын, ауыр қылмыс һәм заң бойынша жазаланады. Осыған орай, 2023 жылғы 29 тамызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының «Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдем көрсететін (көрсеткен) адамдарды көтермелеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы қабылданды. Құжат 2023 жылдың 15 қыркүйегінде күшіне енді. Бұл ретте бұйрықтың басты міндеті – қазақстандықтарды парақорлыққа қарсы белсенді күресуге шақыру. Қазақстандықтар ақшалай сыйақының болуына қарамастан, жемқорлық туралы хабарлауға құлықсыз. Мұның басты себептері – қорқыныш және жұмыс орнынан босатылу қаупі. Бірақ былтыр қолданысқа енгізілген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңға сәйкес, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдар қылмыстық іс жүргізу және еңбек кодекстеріне сәйкес мемлекеттің қорғауында болады, сонымен қатар «қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен де қорғалады. Олармен арнайы келісім жасалып, сотта хабарлаушының қорғалуына кепілдік беріледі», - дейді баяндамашы.

Қорыта келгенде, сыбайлас жемқорлықпен күрес кез келген мемлекет үшін өзекті проблемалардың бірі. Барлық елде оның трансұлттық сипаты танылып, оған қарсы экономикалық, құқықтық және басқа да шаралар қолданылуда. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады.

Кеңесті қортындылай келіп, қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков әрбір мемлекеттік қызметкердің еліміздің Ата Заңын басшылыққа алып жұмыс істеп, заңнан аттап кетпей, заң талаптарын сақтауға шақырды.  

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер