Түркістан қаласында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім және жауапкершілік» атты жедел профилактикалық іс-шаралары өткізілуде.
Қалалық полиция басқармасының басшысы Бауыржан Жанаевтың айтуынша, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында, полиция қызметі үш тәулікте 600-ге жуық жасөспірімнің қараусыз жүргенін анықтаған.
Жалпы алғанда Түркістанда жыл басынан бері жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 198 кәмелетке толмаған және тұрғын үйден тыс жерде жүрген 4358 жасөспірім анықталып, олардың ата-аналары мен заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жасы кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін 104 мекеме иесіне хаттама толтырылған. Құқық бұзушылыққа бейім 427 кәмелетке толмаған жасөспірім және бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 268 отбасы полицияның есебіне алынған. Осы жедел-профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде бүгінгі күні жасөспірімдермен жасалған қылмыстар 11,6 пайызға төмендеген.
- Түнгі рейдтер жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға өз септігін тигізуде. Полиция тарапынан өңірде баласы түнгі мезгілде ата-ананың қарауынсыз бөгде жүргені үшін, 53 ата-ана балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жауапқа тартылды. Сонымен қатар жедел-профилактикалық іс-шара барысында ұсақ бұзақылықтың 16 фактісі мен қоғамдық орында мас күйінде болудың 7 фактісін анықтады. Түнгі рейдтер барысында кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз үйден тыс жерде болуының 446 фактісі тіркелді. Ал Түркістан қаласында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасынсыз үйден тыс жерде болуының 30-ға жуық фактісі анықталып отыр. Оларға құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, ескертулер берілді. Іс-шара алдағы уақытта да жалғасады, - дейді басқарма бастығы.
Жалпы «Түнгі қаладағы балалар» іс-шарасы кезінде құқық бұзушылық жасауға бейім 56 жасөспірім мен қолайсыз 24 отбасы профилактикалық есепке алынса, Тұрғылықты жері бойынша есепте тұрған 118 кәмелетке толмаған мен 168 қолайсыз отбасы тексеріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Өз кезегінде полиция қызметкерлері ата-аналарға балаларының тәрбиесі мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауды және оларды қараусыз қалдырмауды ұсынады.