Елімізде бағзы заманнан ел ішіндегі дау-дамайларды, арыз-шағымдарды билердің шешіп келгені белгілі. Түркістан қалалық сотының төрағасы Айгүл Жаңбырбаеваның айтуынша, бүгінде ел ішінде түрлі дау-дамайлардың көбеюіне байланысты оларды шешу мен реттеудің тиімді әдістерін табу өзекті әрі маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Әлемнің көптеген елдерінде баршаға танымал жанжалдарды шешудің неғұрлым тиімді және балама әдістердің бірі – медиация.
«Медиация» (латынның mediare сөзі – екі көзқарастың немесе екі жақтың ортасында болу, орта жолды ұсыну, бейтарапты болу деген мағынаны білдіреді) – бұл, дау-жанжалға қатысушылардың, біріге отырып, пайда болған келіспеушілікті шешу процесі. Айтылған процестің белгілі бір жетістіктерге жету мүмкіндіктері зор, себебі, мұнда ерекше процессуалдық жағдайлармен қатар медиатордың кәсіпкерлік көмегі, жақтардың бір келісімге келуіне бағытталған. Медиацияны кең танылған бітістіру мен табыстыру рәсімдерінің «кемелденген түрімен» салыстыруға болады. Медиация көптеген ғасырлар бойы бейбітшілікті орнықтыру қызмет жолында қолданылғаны мәлім.
- Медиация тарихының түп-тамыры тереңде. Адамдар арасында алғашқы дау қай кезде туындаса, бітімгершілік те сол заманда пайда болған. Тарихшылар мұның түп-тамырын ежелгі Финикия мен Вавилоннан тапқан. Одан кейін бітімгершілік институты Грекияда дамығанға ұқсайды. Ал, ежелгі Римде медиаторлар ережесі алғаш рет заңды тұрғыда бекітілген. Ежелгі Русьте делдал қызметін діни қауым өкілдері атқарған. Ал «Соттасудан аулақ болыңыздар. Қарсыласыңызға мәмілеге келуді ұсыныңыз. Оған соттағы жеңіс қаржылай шығын мен уақытты жоғалтатындығы мүмкіндігі туралы ескертіңіз» деп АҚШ-тың 16-шы Президенті Авраам Линкольн бекерден бекер айтпаған, әрі болашақтағы жаңа «медиация» институнын адамзатқа қажет болатынын алдын ала болжаған.
Өткен ғасырларда қазақ қоғамындағы әлеуметтік құ¬рылымда билер аса маңызды орынға ие болып, тек ел бас¬қарушы ғана емес, сонымен бірге сот билігін жүзеге асырушы – судья ретінде де танылған. Қазақ қоғамындағы сот үрдісіндегі бітім институты туралы заңгер – ғалым З.Кенжалиев былай деп жазды: «Қазақ қоғамындағы сот процесінің басты мақсаты – бітім еді. Яғни дауласушы не арыздасушы жақтарды келістіріп, бітімдестіру. «Дау мұраты- бітім», дейді қазақ».
Ал қазіргі күйіндегі медиация институты ХХ ғасырдың ортасында АҚШ-та қалыптасты. Дәл осы кезеңде Америка экономикасында даулардың жаңа түрі – кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасындағы келіспеушіліктер орын ала бастады. Оларды шешу үшін арнайы федералды орган – медиация және бітімгершілік процедуралары жөніндегі АҚШ-тың федералдық қызметі құрылды. Кейін медиация тек еңбек дауларында ғана емес, отбасындағы, коммерциялық саладағы келіспеушіліктерді де реттеу үшін қолданыла бастады, - дейді Айгүл Махмұтқызы.
Медиация процедурасын қолданудың бірден бір ерекшелігі – медиация бұзылған қатынасты қалпына келтіруді мақсат етіп, келісімді жүзеге асыру барысында жанжалдың негізінде жатқан сезімдерді, эмоцияларды, тілектерді зерттеу нәтижесінде медиатор тараптардың психологиялық қарым қатынастарын қайта қалыптастыруға көмек беруге ұмтылады. Тағы да бір ерекшелігі – медиация процедурасы кезінде келісімді жүргізудің негізі ретінде тараптардың ұстанған бағыттарын емес, олардың мүдделері негізінде жүзеге асырылады.
- Сот жүйесіндегі бұл институттың өрістеуіне тоқтасақ, алғаш рет бұл мәселе 2009 жылы Қазақстан Республикасы Судьяларының V съезінде жоғары саяси деңгейде талқыланған болатын. «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат туралы» Тұжырымдамасында азаматтық іс жүргізуге қатысушылардың құқықтарын толық жүзеге асыру мақсатында мынадай мәселе көтерді: «жеке-құқықтық жанжалдар тараптары арасында бітімге қол жеткізудің сот тәртібімен, сондай-ақ соттан тыс тәртіптегі жолдары мен тәсілдерін, оның ішінде істі сот талқылауына дайындаған кезде келісу рәсімдері шараларын пайдалану мүмкіндігін талқылаудың міндеттілігін бекітуге, сондай-ақ азаматтық құқықтарды қорғаудың соттан тыс нысандарын дамытуға бағытталуы мүмкін» деп көрсетілген.
Медиацияның басты мақсаты – кінәлілерді іздеуге емес, ортақ шешімге келу жолдарын іздестіре отырып, екі тарапты қанағаттандыратын келісілген шешімге қол жеткізу болып табылады. Соттағы іс жүргізу процесінен айырмашылығы, медиация – еркін процесс. Рәсім сипаты жағынан-жария емес процесс. Онда тараптар дауды қарайтын тұлғаны, яғни, медиаторды өздері таңдайды. Медиатор кәсіби және кәсіби емес негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын жеке тұлға.
Екіншіден, сот талап шеңберінен шығуға құқысыз. Ал, медиация рәсімінде тараптар талап қоюшының талабын қанағаттандыру тәсілі туралы келісімге келуге құқылы. Сонымен қатар, сотта шешім құқық пен заң нормалары негізінде қабылданса, ал медиация рәсімінде шешім тараптардың өз мүдделерінің келісімге келуі негізінде қабылданады. Яғни, медиация-тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын және өзара қолайлы шешімге жетуі үшін медиатордың жәрдемдесуімен дауды реттеу рәсімі. Бүгінгі күні Түркістан қаласында сот жанында құрылған медиаторлар сот процесіне дейінгі жүздеген істе көмекші бола білді. Көбінде ажырасуға берген өтініштерді қарап, талай шаңырақтың шайқалуынан сақтап қалды, - дейді Түркістан қалалық сотының судъясы Айгүл Жаңбырбаева.
Істі медиация рәсімімен қарау уақыттың жылдамдығымен, құпиялықты сақтаумен, екі тараптың да пайдасына қарай шешілетіндігімен ұтымды. Медиацияның қағидаттарына: 1) еріктілік, медиация тараптарының тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялық жатады.
Қазіргі уақытта медиаторлардың қатысуымен істердің тиімді шешіліп келе жатқанын айту қажет. Сот тәртібінде қарастыруға тиіс даулардың санын қысқартып, оларды шешудің баламалы тәсілін қолдану, оның ішінде бітімгершілік рәсімдер – медиация әдісін қолдану адам құқықтарының әділ сақталауының кепілі.
Медиацияның тиімділігі: дауласушы тараптар қысқа мерзімде келісімге келуге мүмкіндік алады; іс сот медиациясы тәртібімен аяқталғанда талапкерге мемлекетік бажға төлеген шығын қайтарылады; дауды сот медиациясы тәртібімен реттеу туралы келісім судьямен бекітілетіндіктен тараптар дауды тез шешуге қол жеткізеді, келісім орындалмаған жағдайда, атқару парағы келісімді мәжбүрлеп орындау үшін берілуі мүмкін.
2016 жылы қолданысқа енген Азаматтық процестік кодекстің нормаларына сәйкес, енді қорғау¬шылар мен судья дауласқан екі жақты татуластыра алады. Бү¬гінгі күні бұл өте құптарлық жайт. Өйткені, атқарылған іс-шаралар мен оң өзгерістердің арқасында медиация заңының қолданыс аясы кеңеюде.
Мемлекет азаматтық істер бойынша тараптардың сотта медиация тәртібімен бітімгершілік келісімін бекіткен кезде төленген мемлекеттік баждың төлеушіге қайтарылуы ретінде ынталандыру жолын қарастырған.
Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы судьялардың да қолдауын тапты. Судьялардың медиацияны қолдануға талпынуы келесі себептермен сипатталады: медиация туралы шартты жасақан кезде азаматық іс бойынша іс қысқартылады; қарсы талап арыз келтірілмейді; істі қысқарту туралы ұйғарымға жоғары сот сатыларына шағым келтірілмейді; медиация туралы шарт ерікті түрде жасалғандықтан, атқарушылық өндіріс қозғалмайды.
Қазіргі таңда, соттар қабылданған заңның жағымды тұстарын бағалап, сот медиация интитутын жаңғырту мақсатында оны дамытуға үлестерін қосып жатқан жағдайлары жиі орын алуда.
Тәжірибе барысында сотқа жүгінген тараптардың басым көпшілігі «медиация» не екенін де білмей жатқан жағдайлары орын алғандықтан, халықтың медиация институтымен танысу мүмкіндігін жүзеге асыру үшін оларға әрдайым медиация ұғымы жайлы және оның ерекшеліктері жөнінде ақпарат беріліп, сондай-ақ, азаматтық істерді қарау барысында медиация институтын қолданудың тәртібі мен салдары туралы сот тарапынан мүмкіндігінше насихаттау шаралары жүргізіліп жатыр.
Түркістан қаласы аумағында медиация институтын дамытуға, оны халық арасында кеңінен насихаттауға, медиаторлардың жұмысын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жасалудың нәтижесінде соңғы жылдары жиі орын алып жатқан жанжалдарды шешіп қана қоймай, олардың алдын алуға көмектесуде.