Өкінішке орай құзырлы органдар өкілдерінің ескертулеріне қарамастан, күн өткен сайын алаяқтардың құрығына түсіп жатқандардың қатары көбейіп барады. Мәселен, жыл басынан бері елімізде интернет-алаяқтықтың 6,5 мыңнан астам дерегі тіркелген. Мұның бір себебі оңай олжаға кенелгісі келгендердің айла-шарғысының түрленуі болып отыр. Айта кетейік, қазірдің өзінде әккі алаяқтар өміріміздің түрлі аспектісіне сынамалап сіңіп келе жатқан жасанды интеллект технологияларын игеріп, кәдесіне жаратып отыр.
Түркістан қалалық полиция басқармасының басшысы Бауыржан Жанаевтың айтуынша, былтыр түркістандық полицейлер алаяқтықтың 45 фактісіне қатысы бар күдікті ер адамды ұстады. Сондай-ақ қала тұрғындарына тегін субсидия алуға көмектемін деп, олардан алдап-сулап 3,5 миллион теңге алып кеткен азамат құрықталған.
- Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті бірнеше тұрғын арызданып келді. Яғни, аталған тұрғындар өзінің арызында белгісіз әйел кісі сенімге кіріп, мүгедектікке шығарып беремін деп, жәбірленушілерден 50 мың теңге мен 200 мың теңге аралығында ақшаларын алып, алаяқтық жасап, бой тасалағанын айтты. Алаяқ азаматша өзін тұрғындарға мемлекеттік қызметкер ретінде таныстырып, мүгедектікті алу бойынша құжаттарды ресімдейтіндігін айтып сендірген. Алайда жәбірленушілер одан не құжаттарын, не ақшаларын ала алмай қалған. Осылайша олар полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары алаяқтың ізіне түсіп, оны қаладағы жалдамалы пәтерлердің бірінде ұстады. Күдікті әйел еш жерде жұмыс істемейтіндігін, кәмелетке толмаған екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырғандығын жеткізген. Тергеушілер ұсталған әйелдің осындай 15 алаяқтық фактісіне қатысы бар екенін анықтады. Іс материалдары сотқа жіберілді, - дейді ол.
Естімеген елде көп. Бұл күнде адамдардың дауысын ұқсатып салу арқылы алаяқтық қылмыстың жаңа түрі пайда болды. Осылайша, алаяқтар мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұзып, хат-хабарлардағы қолжетімді дыбыстық үлгілерді пайдаланып аккаунт иесінің дауысын жасайды және барлық чаттарға ақша жіберуді сұрайтын қысқаша дыбыстық хабарлама жібереді. Мұндай жағдайда екі адам – дыбыстық хабарламаны алған және атынан жіберілген адам құрбан болары сөзсіз.
Түркістандық полицейлер жыл басынан бері шоттарды бұзып, жәбірленушінің туыстары мен достарына ақша сұрап хабарлама жіберген алаяқтықтың бірнеше дерегін анықтаған. Осы ретте тәртіп сақшылары алаяқтардың құрбаны болмас үшін дыбыстық хабарламаларды тыңдағаннан кейін бірден өшіруді, барлық хат-хабарларды автоматты түрде жоюды, интернет желісіне дыбыспен бейне жібермеуді, жақын адамдарыңызбен осындай жағдайлардың алдын алу үшін құпия сөздер ойлап табуды ұсынуда.
– Егер, сіз осындай дыбыстық немесе әдеттегі хабарламаларды туыстарыңыз бен жақындарыңыздан алсаңыз, полиция қызметкерлері алдымен басқа да байланыс құралдары арқылы хабарласуды ұсынады. Уақытты жіберіп аламын деп қорықпаңыз, сәл кідіріп, сақтанғаныңыз дұрыс. Әлеуметтік желілердегі деректерді жасырып ұстаңыз, дауыс үлгілеріне және достар тізіміне бөгде адамдардың кіруін шектеңіз. Мұндай сақтық әрекеттеріңіз алаяқтардың қулықтарына түсіп қалу қаупінің алдын алуға көмектеседі, – делінген өңірлік полиция басқармасы таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, қолданыстағы Қылмыстық Кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағында интернет-алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Тәртіп сақшылары тарапынан аталған қылмыстың құрбаны болудан сақтану жөнінде тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, тұрғындар салымдар салу арқылы оңай олжа табу, басқа өңірлерден арзан затқа қол жеткізу мақсатында ақша аударымдарын жасағандықтан, алаяқтардың тұзағына іліну фактілері толастамай тұр.
Жалпы, алаяқтық – бағзы заманнан бері адамзат баласымен бірге жасап келе жатқан қылмыстардың түрі. Ол қоғамның жағдайына байланысты түрленіп, дамып, жаңа сипатқа ие болып отырады. Соған орай, алаяқтықтың бүгінгі таңдағы жаңа бір сипаты – ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты өмірге келген интернет-алаяқтық болып отыр. Сондай-ақ, оның түрлері де күн өткен сайын кең таралып, көбейіп келеді. Интернет-алаяқтық – ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену. Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап-арбап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді әрекеттерге барады.
Ғаламторды торуылдайтын алаяқтар дәстүрлі алдау қағидаларын ұстанғанымен, олардың ерекше сипаттары да бар. Мәселен, олар интернетті пайдаланатындықтан, халықаралық деңгейде таралуымен ерекшеленеді. Яғни, бір елде отырып, екінші елдегі адамдарды алдап-арбай беретін шекара талғамайтын сипатқа ие. Екіншіден, интернет-алаяқтар жасырын болып келеді. Яғни, олар жалған жеке және заңды тұлғалардың атынан жиі әрекет етеді. Елімізде көп кездесіп жүрген алаяқтық түрлеріне интернет-дүкенмен байланысты алаяқтықтар, фишинг, интернет арқылы қайыр сұрау, телефон-алаяқтық, SMS-алаяқтық және интернет-банкинг арқылы жасалатын қылмыстар жатады.
Иә, ұлттық төлем жүйелері арқылы әр минут сайын орасан сомалар – миллиондаған және миллиардтаған теңге айналымға өтеді. Оған себеп – қазақстандықтар өз жинағын банк картасы мен мобильді қосымшада сақтауды жөн санайды. «Электрондық әмиян» ыңғайлы әрі қауіпсіз болғандықтан әдеттегі былғары әмиянды тез алмастырды. Өз кезегінде банк жүйесі өз клиенттерін қаржылық алаяқтықтан қорғағанына қарамастан, азаматтардың алданып қалу фактілері жиі кездеседі. Осы ретте, интернет алаяқтардан зардап шеккендермен тілдесуді жөн санадық.
Салтанат есімді келіншек өмірінде алғаш рет интернет алаяқтарға тап болған кезде абдырап қалған. Айтуынша, ол қылмыскерлердің «мақсатты аудиториясына» жатпайды. Алаяқтар әдетте зейнеткерлер мен қарттарды яғни, қаржылық сауаты төмен адамдарды құрбан етеді. «Менің шағын жеке кәсіпкерлікпен айналысу үшін ашқан компаниям бар. Қаржылық сауатым болса да, қоңырау шалған алаяққа алданамын деп ешқашан ойламаппын. Бірақ, өкінішке қарай солай болды. Маған бір ер адам қоңырау шалып, өзін мен қызмет алатын банктің қызметкері ретінде таныстырды. Ол менің шотымнан біреу жарты миллионға жуық қаражатқа аударым жасауға тырысып жатқанын хабарлап, бұл әрекетті шынымен менің іске асырып жатқанымды нақтылағысы келді. Мен одан бірден өзінің алаяқ емес екенін қалай дәлелдейтінін сұрадым. Ол өзінің аты-жөнін, кесте нөмірін атады және қазір банктен қоңырау шалып, оның жеке басын растайтынын айтты. Бірер секундтан кейін маған банктен хабарласты. Дәлірек айтқанда, мен бұл қоңырауды банктен деп қабылдадым. Олай ойлауыма, қаскүнемдердің нөмірі мен қызмет көрсетілетін банктің нөмірінде бір ғана санда айырмашылық болды. Дәл сол кездегі жағдайда бұл айырмашылықты байқамадым. Қоңырауды алған кезімде бір қыз маған алдында хабарласқан «қызметкердің» мәліметтерін атады. Шоттағы қаражатқа алаңдағандықтан сол қыздың сөзіне сендім. Сөйтіп, олар менен бұғаттау үшін жеке кабинетке кіретін бір реттік парольді атауды сұрады. Мен сандарды айтып жатып, сол сәтте қосымша арқылы шоттағы соманы жолдасымның шотына аударуға тырыстым. Бірден тексеріп қарасам, менің шотымдағы 730 мың теңге жоғалып кеткен», – дейді ол.
Жәбірленуші өз сөзінде адамдар өздерінің ұқыпсыздығы мен тым сенгіштігінен зардап шегетінін әрі алаяқтар үнемі жаңа схема ойлап табатынын алға тартты. Өзгелерді қарапайым сақтық шараларын ұстануға шақырып, қаражаттың қауіпсіздігіне аса мән беруге үндеді.
Ал Зейнеткер Злиха Өмірбаева ұялы телефон мен банкингті мүлдем пайдаланбайды. Карточка оған айына бір рет мемлекеттен заңды төлемдер алу үшін қажет. Қарт әжей ұзақ жыл бойы қаражатын қызына бару үшін жинап келген, бірақ алаяқтардың алдауына түсіп, ақшасының бір бөлігінен айырылып қалды.
– Анама «банктенбіз» деп бір адам қоңырау шалып, алаяқтар оның зейнетақысын интернет арқылы ұрлауға тырысып жатқанын хабарлаған. Олар орысша сөйлеген. Ал, анам олардың айтқанын жартылай ғана түсінді. Хабарласқан алаяқтар ақшаны қорғау үшін «құпия қосымша» орнату керек екенін айтқан. Олар қарттарды қалай алдау керегін жақсы меңгеріп алғанға ұқсайды, – дейді алаяқтарға алданған зейнеткердің қызы.
Ең қызығы, қарт ана бұл қоңыраудан кейін алаяқтарға «көмек» көрсеткені үшін алғыс айтады. Сөйтіп, әжей бірнеше ай бойы өзінің ақшасын алаяқтар қалай ұрлап жатқанын байқамаған. Тек қызы анасының телефонмен әңгімесінен кейін күдіктеніп, мәселені анықтауға кіріскен.
– Мен бірден банкке жүгіндім. Олар маған «бәрі жақсы, барлық операциялар мобильді құрылғы арқылы жүргізіліп жатыр» деп жауап берді. Кейін белгілі болғандай, алаяқтар анамның шотынан бірден білдірмес үшін шетінен қаражат алып отырған, – дейді ол.
Бұдан кейін, банк зейнеткердің өзі «зиянды» қосымшаны жүктегенін анықтайды. Бұл қосымша үшінші тұлғаларға оның құрылғысына толық қол жеткізуге мүмкіндік береді екен. Олар хабарлама алып және мобильді банкингті қолдана алады. Осы мүмкіндікті пайдаланып шоттан аз көлемде қаражат алып келген. Осылайша, арам ниетті адамдар егде жастағы зейнеткердің аңғалдығын өз мақсаттарына пайдаланған. Сол себепті, бейтаныс адамдардың хабарламасын немесе электрондық хаттарын ашпау, күмәнді сілтемелер бойынша өтпеу және өз деректерін жарияламауды жас та, жасамыс та түсінуі керек. Банк қызметкерлері ешқашан арнайы шоттарға ақша аударуды немесе қашықтан кіру және құрылғыны басқару бағдарламаларын орнатуды ұсынбайтынын есте ұстаған жөн. Өйткені, мұндай қосымшалар барлық қолжетімді ақшаны ұрлап қана қоймай, мобильді қосымшада несие алуға мүмкіндік береді.
Жалпы, осыған ұқсас көптеген жағдайларға қарамастан, алаяқтар жалған интернет-банкинг сайттары мен фишинг сайттарына шабуыл жасауды жалғастыруда. Бұл үшін алаяқтар тіпті трафикті көтеру мақсатында әлеуметтік желілерде жарнама жариялайды. Бірақ, фишингті бір қарағанда танымасаңыз да, қаржылық тұзаққа түсіп қалмас үшін қарапайым ережелер бар. Егер сіз сайтқа кірсеңіз жеке деректеріңізді, соның ішінде төлем картасының мәліметтерін және CVV-кодын (картаның артқы жағындағы үш таңбалы нөмір) енгізу туралы ұсыныс немесе сұрау жазылған. Осы сұрауды көре салысымен сайттан дереу шығып, парольді өзгертіңіз. Егер кеш қалып алаяқтардың құрбаны болсаңыз, бірден банкке хабарлауға және алаяқтар қол жеткізе алатын картаны блоктауға кеңес береміз. Содан кейін сізге қарсы заңсыз әрекеттер жасағаны туралы арызбен полицияға хабарласуыңыз қажет.
Құзырлы органдар бүгінгі таңда кең өріс алған киберқылмыстың жолын кесу мақсатында аянып жатқан жоқ. Оның үстіне, қылмыстың осы түрін ашу полицейлер үшін күн тәртібінен түспейтін жұмыс бағыттарының бірі. Естеріңізде болса, он жылға жуық уақыт бұрын Парламент Мәжілісі мен Сенат депутаттары Қылмыстық Кодекстің жаңа нұсқасын бекіткен еді. Онда ақпараттық технологиялардың қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар енгізілген жаңа тарау бар. Ендеше, қашықтық талғамай, өз атауларын жүз құбылтып, мың түрлендіретін интернет алаяқтары ерте ме, кеш пе құрықталып, жазаланары анық. Ал, алаяқтардың арбауына түсу-түспеу әркімнің өз еркінде. Бұл ретте сақтық шаралары сан соқтырмайтынын ұмытпаған абзал.