Зорлық-зомбылықсыз және оның зардаптарымен күресудің бірден-бір жолы – рухани бай ұрпақты тәрбиелеу

«Әйелді ұрма, сағы сынады, баланы ұрма, бағы сынады» деген ата-бабаларымыз әйелді де, баланы да ұрмай-соқпай-ақ ақылмен басқара білген. Сондықтан отбасы берекесін кетірмей, татулықта ұстау – есті азаматтар ескеріп жүретін жайт. Отбасы – махаббат пен тыныштықтың, мейірім мен жарасымның, қуаныш пен мерекенің мекені. Адам баласының өсіп-өнетін алтын ұясы. Сыйластық пен жарастық орнаған орта.

Screenshot_33.jpg

Бірақ, соңғы жылдары қазақ ұлтының төл тарихында байқалып отырған отбасындағы олқылықтар мен кемшіліктер ауқымы үлкен ұлттық мәселеге айналуда. Сол мәселелердің бірі – отбасындағы зорлық- зомбылық тақырыбы ең өзекті болып тұр. Себебі, қоғамда орын алып отырған түрлі жайттар қоғамды алаңдатпай қоймайды.

Түркістан қалалық жергілікті полиция қызметі басқарма басшысының орынбасары Ерлан Асқаровтың айтуынша, облыста жыл басынан бері 900-ден астам тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі тіркелген. «Мұндай жағдайда көбіне ана мен бала зардап шегеді. Қазір өңірде тұрмыстық жанжал құрбандарына жәрдем беру үшін 10-нан астам орталық жұмыс істейді. Онда жәбірленушілерге моральдық-психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі. Жыл басынан бері облыстағы дағдарыс орталықтарына отбасындағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған 92 адам орналастырылған. Оның 34-і әйел, 58-і бала. Қазір Түркістан қаласындағы әлеуметтік орталықты отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 8 әйел мен 26 бала паналап отыр. Орталық қызметкерлері 4 әйелді жұмысқа орналастырып, балаларын бақшаға жайғастырған», - дейді Ерлан Асқаров.

Жалпы елімізде зорлық-зомбылық және қатыгездік жасау іс-әрекеттері туралы Конвенция бар, нақты жұмыстарға келетін болсақ, бұған құқық қорғау органдарының ресми тұлғалары жауап береді. Бірақ, бұл мекемемен қоса отбасы тарапынан да жауапкершілік күннен-күнге азаюда. Бізде ғана емес, бүкіл әлемде жасөспірімдер мен балалар үйінде, мектепте не болмаса қоғамдық мекемелерде қатыгездікпен және зорлық-зомбылықпен бетпе-бет келіп отырады. Алайда, бұл проблемаға қоғам осы кезге дейін зейін қоймай келді. Балаға қатысты зорлық-зомбылықтың түрлері өте көп. Мысалы, балаларға жасалған тұрмыстық зорлық- зомбылықтар. Физикалық жағынан көңіл қоймау дегеніміз – дер кезінде балаға медициналық көмек көрсетпеу, баланы үйден шығарып жіберу немесе баланы қамап, үйден шығармау, тамақтандырмау сияқты орынсыз нәрселердің қолданылуы. Баланың көзінше ата-ананың ұрыс-керіс шығаруы, төбелесуі, ішімдік ішіп, темекі шегулері, отбасындағы ажырасу жағдайы да зорлық-зомбылыққа жатады.

- Қоғамды зорлық-зомбылықсыз құру үшін түрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр. Бірақ, бұл іс-шаралардан қатыгездік азаймай тұр. Біз тұғыры биік, төрт терезесі тең, егеменді елміз, қылығы таза қыз бен арғымаққа мінер ұл өсірген елміз. Ал, тәуелсіз елде зорлық-зомбылыққа жол жоқ! Қоғамда болып жатқан дүниелердің барлығы дерлік отбасынан бастау алатыны анық. Сондықтан, қоғамды тазарту үшін ең алдымен отбасындағы тәрбие мен сауаттылықты дұрыстауымыз қажет. Қоғамның үлкен бір кеселіне айналған отбасындағы зорлық-зомбылық, буллингтер, ойынқұмарлық – барша адамның жауына айналған тәрбиесіздік, ішімдік сияқты зиянды нәрселердің салдарынан пайда болып отыр. Балалардың ата-анасынан зардап шегуі, көше кезіп, далаға түнеуі де осылардың кесірінен орын алуда.

Әке мен анаға, ата мен әжеге деген құрметтің бастапқы түп қазығы жоғалуда, мүмкін моралдық және этикалық құндылықтардың дағдарысы жас ұрпақтың тәрбиелілігінің деңгейіне әсерін тигізгендіктен шығар. Сондықтан, қазіргі балалардың жағдайын «қаңбақ» синдромы ретінде белгілеуге болады. Өскін ұрпақ «қаңбақ» өсімдігі секілді бір құндылықтардан алшақтады (кеңес кезіндегі тәрбие салдары), бірақ басқаша айтқанда, жас ұрпағымыздың көбі оңы мен солын ажырата алмай, жаман жолға түсіп, олардың ата-аналары қоғамдағы өз орындарын анықтай алмай отырғандар қатарына жатады, - дейді «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан қалалық филиалыныңтөрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов.

Зорлық-зомбылық – денсаулыққа зиян келтіретін қиыншылық, тіпті өлімге де апаратын күш көрсету немесе күшті пайдалану қатері. Сондықтан зорлықтың қандай түрі болмасын, бұл адам құқықтарының бұзылуы. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі моралдық тұрғыдан сыналудан қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартады. Осыған сәйкес, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау үшін профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

Мысалы, Түркістан қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссиямен бірлескен шаралар туралы таныстыру, қоғамда отбасы институтының рөлін нығайту мақсатында осы жылдың сәуір айынан бастап «Отбасылық- тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі үш айлық» акциясы аясында тізім бойынша (девиантты отбасы, проблемалы отбасы, қылмысты отбасы) отбасыларға барып профилактикалық жұмыстар жүргізу қолға алынды. Бұл іс-шаралардың мақсаты – отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында құқықбұзушылықты төмендету, тұрғындар арасында болып жатқан күш көрсетудің алдын алу. Осыған сәйкес, әйел балаларының құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті жұмыстар жүргізу қолға алынды.

- Мемлекет басшысы зорлық-зомбылыққа қатысты қабылданған жаңа заң бойынша 15 заңнамалық акті мен 8 кодекске және 7 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заңгерлер бұл ана мен бала құқығын қорғап, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға септігін тигізетін айтады. Сондай-ақ булинг, кибербуллинг, өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу, мәжбүрлеу деген сияқтыларға заң нормасы қатаңдатылды. Жалпы мамандар енді ана мен бала құқығына қатысты заңбұзушылықтар азаяды деп отыр. Статистикалық көрсеткішті заң күшіне енгеннен бастап 6 айдан кейін байқауға болады, - дейді Түркістан қалалық жергілікті полиция қызметі басқарма басшысының орынбасары Ерлан Асқаров. 

Тәрбие – адамшылықтың тұғыры. Тұғыр болмаса, көркем дүние үгітіліп, дамыған нәрсенің бәрі өшеді. Демек, зорлық-зомбылықсыз және оның зардаптарымен күресудің бірден-бір әдісі – адамгершілігі жоғары, рухани бай ұрпақты тәрбиелеу.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Общественные деятели проявили активную гражданскую позицию
  • Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжінде АЭС-ке байлансты жиналыс өтті
  • «Қолынан іс келеді»: Президент Дархан Сатыбалдыға қандай баға берді?
  • АЭС энергетикалық тапшылықты шешеді
  • В Шымкенте проведена информационно-разъяснительная работа по вопросам религии
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер