Алаяқтық аздырар адам баласын

Бүгінгі күні елімізде алаяқтыққа қарсы күреске бағытталған жұмыстар жанданып келеді. Атап айтар болсақ, елордамыз Астана қаласында Бас прокуратураның алқасында биылғы жарты жылда прокуратура органдарының заңдылықты сақтау, құқық тәртібін қамтамасыз ету және қылмыстылықпен күрес бойынша қадағалау қызметінің нәтижелері талқыланған болатын. 

Screenshot_34.jpg

Сол жиында республикамыздың бас прокуроры Берік Асылов Прокуратураның күш-жігері қылмыс аясына тартылған адамдардың конституциялық құқықтарын қорғауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге, өтініштерін жан-жақты және әділ қарауға, жалпы жұртшылықтың көкейінде жүрген басқа да мәселелерді шешуге бағытталғандығын айтты. Соның ішінде алаяқтықтың алдын алу шаралары қаралды. 

Түркістан қаласының прокуроры Каукен Нәрікбаевтың айтуынша, Түркістан қаласында 300-ге жуық алаяқтық іс тіркелген. Оның 159-ы бірінші тоқсанда тіркеліп, сотқа жолданған. «Жуырда жүргізілген жедел профилактикалық іс-шаралардың барысында Түркістан қаласының полицейлері кезекті алаяқтық қылмысын ашты. Нақтырақ айтсақ, полиция жедел әрекет етудің арқасында екі жергілікті тұрғынның атынан несие рәсімдеген 29 жастағы күдіктіні анықтады. Белгілі болғандай, әйел танысының сеніміне кіріп, одан қоңырау шалу үшін телефонын сұрап, содан кейін 700 мың теңгеге несие рәсімдеп жіберген. Ал жәбірленуші банкке қарызы барын несие төлеу туралы хабарлама келгенде бірақ білген.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары күдіктінің тағы бір осыған ұқсас алаяқтық фактісіне қатысы барын анықтады. Келтірілген шығын 1 300 000 теңгені құрады. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды» дейді қала прокуроры.

Қазіргі таңда Түркістан қаласында 8 ледэкранда алаяқтан сақтандыру үшін жасалған ескерту бейнежазбалары көрсетіліп, қала, аудандағы полиция қызметкерлерімен 3 тәулікте адамдар көп шоғырланатын аумақтарда екі тілде жазылған 10 мың дана үнпарақша, 3 мың дана жабыстырмалы жаднама таратылды.

- Еліміздің бас прокуроры Берік Асылов алқалы жиында алаяқтықпен күрес басты назарда болатынын айтты. Ол: Алаяқтыққа қарсы тұру да біздің назарымыздан тыс қалған емес. Өкінішке қарай, елдің жекелеген аумақтарында мұндай қылмыстардың саны, оның ішінде интернет-алаяқтық 4 пайызға (яғни 9545-тен 9936-ке), биыл 10,4 пайызға өсіп отыр (20,5 мыңнан 22,6 мыңға). Дей тұрғанмен мұндай қылмыстардың алдын алу және олармен күресу мақсатында күштеу органдары және басқа да уәкілетті органдар үздіксіз, кешенді, жоспарлы жұмыстар жасап жүр. Мысалы, тек кейінгі екі жыл ішінде 58 миллион телефон қоңыраулары, оның ішінде бұрмаланған номерлерден жасалған қоңыраулар бұғатталды. Одан басқа Бас прокуратураның үйлестіруімен өткен жылғы қыркүйекте күштеу органдары мен басқа да мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығымен бекітілген кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр. Заңнамаға бірқатар өзгеріс күтілуде, соның ішінде алаяқтық белгісі болған жағдайда клиенттердің шағымы бойынша оның ақшасын алуға тыйым салу бар» деді. Өкінішке орай алаяқтық деректері әлі де тыйылмай отыр. Мәселен,  Түркістан қалалық полиция басқармасына бірнеше тұрғын арызданып келіп, белгісіз әйел кісі сенімге кіріп, мүгедектікке шығарып беремін деп, жәбірленушілерден 50 мың теңге мен 200 мың теңге аралығында ақшаларын алып, алаяқтық жасап, бой тасалағанын айтқан еді. Тәртіп сақшылары алаяқтың ізіне түсіп, оны қаладағы жалдамалы пәтерлердің бірінде ұстады. Күдікті әйел еш жерде жұмыс істемейтіндігін, кәмелетке толмаған екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырғандығын жеткізген. Тергеушілер ұсталған әйелдің осындай 15 алаяқтық фактісіне қатысы бар екенін анықтады. Іс материалдары сотқа жіберілді. Осы сияқты оқиға қалада жиі орын алып отырғаны өкінішті. 

Сондай-ақ алаяқтық қылмысына қатысы бар деген күдікпен 51 жастағы күдікті әйелді ұстады. Анықталғандай, арызданушының айтуынша, таныс әйел кәсіпкерлікті қолдауға мемлекеттен берілетін қайтарымсыз ақша алып беремін деп, уәде берген. Қызметі үшін қомақты ақша алған соң, сөзінде тұрмай қашып жүрген. Тәртіп сақшылары күдіктінің дәл осыған ұқсас 5 жайтқа қатысы барын және бұрын алаяқтығы үшін сотты болғанын анықтады. Яғни, оларға да жалған уәде беріп, жәбірленушілерге 3,5 миллион теңгеге жуық шығын келтірген. Бұл іс те сотқа жолданып, үстінен қылмыстық іс қозғалып, жаза тағайындалды, - дейді Каукен Нәрікбаев. 

Бүгінгі күні алаяқтық жағдайлар тіркелгенімен қоймай, мұндай қылмыстық құқықбұзушылықтардың түрлі әдіс-тәсілдері пайда болды. Ол, атап айтсақ, «Кезексіз пәтер алып беремін», «банктен үлкен сомада несие алуға көмектесемін», «жер алуға жәрдемдесемін» деген секілді уәдені үйіп-төгетін алаяқтар азаматтарды оңай қақпанға түсіруде. Онсыз да үй алуға кезегі жетпей жүрген кейбір жандар мұндай ұсыныстан қалай бас тартсын?! Кейбірі еш ойланбастан, әлгі алаяқтардың сөзіне сеніп, қолына сұраған қаражатын ұстата салады. Олардан еш құжат та талап етпейді. Ал олардың алаяқ екендігін тек соңғы сәтте ғана ұғынып, құқық қорғау орындарынан көмек сұрап жатады.

Еліміздің азаматтарын алдап соғу деректерінің тағы бірі криптовалютаға қатысты алаяқтықтың пайда болуы. Мәселен, Астана қаласында азамат Б. 2017 жылы нарықтағы бағадан арзан бағамен орталықсыздандырылған виртуальды валюта – биткоин сатамын деп интернет желісіне хабарландыру берген. Ал мұндай мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысқан екі азамат өздері танымайтын азаматқа сұраған ақшасын беруге келіскен. Өзінің іс-әрекетін әшкерлемеу мақсатында алаяқ азамат өзінің ноутбугы арқылы биткоин криптовалютасын олардың интернет амиянына аударғанның алдап көрсетіп, ақшалай қаражаттарын жымқырып алған.

- Алаяқ адам алдау үшін түрлі айла-тәсілдер ойлап табады. Ығына жығылған кез келген кісінің қолындағысын қағып кетуге дайын тұрады.

Әдетте алаяқтар адамдардың жеңіл пайда табу, бір нәрсеге оңай әрі тез қол жеткізуді көздейтін қасиеттерін пайдаланады. Ал азаматтар мұндай алаяқтарға алданбаймын десе де, ондай алаяқтардың қармағына қалай түсіп қалғандарын байқамай қалады. Қалай десек те, қазір қоғамда алаяқтардың жолы болып-ақ тұр. Сондықтан азаматтардың алаяқтардың арбауына түспей қырағылық таныта білуі манызды. Осыған байланысты келесі кеңестерді ескере жүру қажет. Жылжымайтын мүлікті сату және сатып алу кезінде барлық іс-шараларды, сондай-ақ ақшалай қаражаттарды қарызға алуды тек нотариус арқылы рәсімдеу қажет. Келісім-шарттың барлық тармақтарын мұқият оқу керек. Келісімнің барлық ережелерімен келіскенше және түсінікті болғанша ешқайда қол қоймай, түсініксіз болса түсіндіруді өтініп, егер де келісім-шартың қандай да бір тармағы жазбаша көрсетілмесе, тек ауызша болса, онда сол тармақты жазбаша ендіруін сұрау, әрқашанда адамдар мен заңды тұлғалардың мекенжайын, телефонын және басқа да байланыс түрлерін нақтылау, ол туралы интернет ресурстары арқылы анықтама алу қажет. Алаяқтың арбауына түсіп, жиған дүние мүлкіңізден бір күннің ішінде айрылып қалғыңыз келмесе, өздеріңіздің әрекеттеріңізге жауапты болғандарыңыз абзал, - дейді Түркістан қаласының прокуроры Каукен Нәрікбаев.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер