Түркістан қаласында түнгі рейд барысында бақылаусыз жүрген 235 жасөспірім анықталды

Түркістан қаласында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Түркістан қалалық жергілікті полиция қызметі басқарма басшысының орынбасары Ерлан Асқаровтың айтуынша, шаһарда бір тәулікте полиция 276 құқық бұзушылықты тіркеді. 

Screenshot_32.jpg

Оның 235 фактісі жасөспірімдер заңды өкілінсіз түнгі уақытта үйден тыс жерде жүрген. Бұдан басқа 25 ата-анаға балаларды тәрбиелеу талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылған. Сондай-ақ ұсақ бұзақылықтың 9 фактісі жойылған. 

- Осы рейд барысында 270-тен астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып отыр. Жасөспірімдер қылмысының жолын кесу мақсатында арнайы ұйымдастырылған жедел-профилактикалық іс-шараның нәтижесі бұл. Атап айтсақ, осы рейд кезінде қоғамдық орында мас күйде жүрген 5 азамат анықталды. Құқықбұзушылық жасауға бейім 14 жасөспірім мен қолайсыз 11 отбасы профилактикалық есепке алынды. Тұрғылықты жері бойынша профилактикалық есепте тұрған 100-ден аса кәмелетке толмағандар мен 120 қолайсыз отбасы тексеріліп, түсіндірме жүргізілді. Түнгі уақытта бейсауат жүрген жасөспірімдерді ұстауға арналған рейд әлі де жалғасады, - дейді Ерлан Асқаров.

Жалпы бала тәрбиесінің тізгінін босаңсытпау керек екенін барша жұрт біледі. Әйткенмен, өсіп келе жатқан жас өскіннің қателік жасауы жауапкершілікті сезінбеуден басталатынын шын түсінетін ата-ана аз. Мұны көне шаһарда түнделетіп жүретін жасөспірімдердің көптігінен анық байқауға болады. Жалпы, жасөспірімдердің сауық-сайран құрып, тұрғын үйлердің ауласында әңгіме-дүкен құруында тұрған ештеңе жоқ. Десе де, көптеген көңілді отырыстың соңы қайғылы аяқталып, қалыпты өмірдің бір бөлшегіне айналған көше кезбелігі қателікке ұрындырса, қайтпек керек?

Бірер күн бұрын түркістандық тәртіп сақшылары жеті түнде жортып жүретін жасөспірімдермен тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп қайтты. Дәлірек айтқанда, полицейлер кәмелетке толмағандар арасында қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында кезекті рет рейдтік іс-шараларды қолға алды. Бұл күні ойын-сауық орындары мен тұрғын үй-жайлардан тыс жерлерде жүрген кәмелетке толмағандарды анықтау, олардың алкогольдік, темекі және өзге де тыйым салынған заттар мен сусындарды тұтынуы, сондай-ақ, оларға алкогольдік және темекі бұйымдарын заңсыз сатуға қатысты профилактикалық жұмыстар жүргізілді.

Жоғарыда айтқанымыздай, рейдтік іс-шаралар жүргізілген бір тәуліктің ішінде полицейлер кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуының 235 дерегін тіркеді. Бұдан бөлек, 10 жасөспірімнің ойын-сауық орындарында болғандығы анықталды. Сәйкесінше, аталған бұзушылықтар үшін олардың заңды өкілдері тиісті жауапкершілікке тартылды. Атап өтейік, бұл күндері кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты бірнеше хаттама толтырылған. Бизнес өкілдері кәмелетке толмағандарды ойын-сауық орындарына жібергені үшін айыпталып отыр. Сондай-ақ, рейдтік іс-шара барысында жасөспірімдер тарапынан жасалған ұсақ бұзақылықтың 9 дерегі анықталса, заңды өкілдердің міндеттерін өз деңгейінде орындамауының ондаған фактісі тіркелген.

– Көптеген ата-ана бала-ларының бос уақыты мен өз ортасындағы байланыстарына тиісті назар аудармауы кәмелетке толмағандардың заңсыз ортаға тартылуына әкелуі мүмкін екендігін ескермейді. Егер тұтастай алғанда, отбасы мен жалпы қоғам тарапынан қалыптастырылған құқықтық сана болмаса, полицейлер жүргізген көптеген түсіндірме жұмыстары, дәрістер және басқа да алдын алу шаралары тиісті нәтиже бермейді, – дейді Түркістан қалалық жергілікті полиция қызметі басқарма басшысының орынбасары Ерлан Асқаров.

Жалпы жеті түнде жүгенсіз жүрген жасөспірімдерді жөнге салу, көңіл көтеру орындарына заң талабын орындату оңай шаруа емес. Бұл ретте ювеналдық полиция қызметкерлері жоспарға сай рейд жүргізіп, тиісті рұқсат қағаздарына қол жеткізуге талпынып келеді. Әйткенмен, құқық қорғау қызметкерлерінің қарасынан қаймықпайтын кәмелетке толмағандардың бар екенін ұмытпаған жөн. Осындай сәттерде ата-анасының бала тәрбиесінде олқылық жібергенін бірден ұғамыз. Өкінішке қарай, ұл-қызына қаталдық танытпайтын осындай жауапсыз әке-шешелердің кесірінен көше кезетін жасөспірімдердің қатары азамай отыр.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Общественные деятели проявили активную гражданскую позицию
  • Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжінде АЭС-ке байлансты жиналыс өтті
  • «Қолынан іс келеді»: Президент Дархан Сатыбалдыға қандай баға берді?
  • АЭС энергетикалық тапшылықты шешеді
  • В Шымкенте проведена информационно-разъяснительная работа по вопросам религии
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер