Синтетикалық есірткімен күрес жалғасуда

Жыл сайын жер шарында 450 мыңнан астам адам есірткінің кесірінен ажал құшады екен. Сондай-ақ, 270 миллионнан астам әлем халқы тұрақты нашақорлар тізіміне алынған. Дүниежүзілік сарапшылар бұл сандарды «бүкіл әлемнің нашақорлықтың алдындағы жаппай жеңілісі» деп бағалады. 

Screenshot_36.jpg

Ал, денсаулық сақтау министрлігі елімізде есепте тұрған нашақорлардың 1,5 мыңнан астамы әйел, 43-і буыны қатпаған жасөспірім екенін мәлімдеді. Түсіне білгенге халқының саны 20 миллионнан енді ғана асқан ел үшін осы сандардың өзі ұлт денсаулығы мен ұлттық қауіпсіздікке төнген зор қауіп екені анық. Ал Түркістан өңірінде 400-ден астам нашақор есепке алынған екен.

Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Бауыржан Жанаевтың айтуынша, Түркістан қаласында нашақорлықпен күрес жүйелі түрде жүргізіліп келе жатыр екен. Бірақ есірткіге елітіп, тәуелді болып қалушылар аз емес көрінеді. «Бүгінде есірткінің синтетикалық түрлері көбейген. Бұл орайда өз міндетін мінсіз атқарып жүрген полиция қызметкерлері қырағылық танытып, есірткі саудасының алдын алуда. Есірткіге қарсы күресті бәсең¬детпеген тәртіп сақшылар қала тұрғындарын зиянды әдеттерден бас тартып, салауатты өмір салтын ұстануға шақыруда.  Сондай-ақ есірткі заттарын заңсыз сақ¬тағаны, өткізгені, өсіргені және контрабандасы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын үнемі ескертіп те келеді. Қазірде Түркістан қаласындағы өтіп жатқан іс шаралардың негізгі мақсаты есірткі құралдарының заңсыз айналымымымен байланысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу, күдіктілерді есірткіні сақтау мен өткізу кезінде ұстау бағытында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Бүгінде өңірде шамамен 400-ден астам нашақор есепте тұрады. Ал жыл басынан бері бес айда есірткінің заңсыз айналымына қатысты жүзден аса есірткімен байланысты дерек анықталған», дейді ол.

Өкінішке орай, бүгінгі таңда әлем елдерінің арасында синтетикалық есірткі кең көлемде таралу үстінде. Біздің ел өткен жылы 40-тан астам кәмелетке толмаған жасөспірім синтетикалық есірткіні таратқаны үшін ұсталса, осы жылдың бір айында төрт жасөспірім нақ осы санаттағы қылмысы үшін жауапқа тартылды. Ал, жыл басында полицейлермен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері синтетикалық есірткі жеткізудің ірі арнасының жолын кесті. Бұл күні күдіктінің автокөлігін тінту кезінде 4,8 килограмм мефедрон салынған 16 полиэтилен пакет, электронды таразы және 500 дана zip-пакет тәркіленген. Осыдан-ақ, аса қауіпті қоғамдық індеттің, әсіресе, жасөспірімдер арасында белең алып бара жатқанын анық аңғаруға болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында есірткінің ұлт денсаулығына үлкен зиянын тигізіп отырғанын айтқан еді. Президент жаһандық пандемиядан кейін пайда болған бұл дерттің алдын алуға қоғам болып жұмылу қажеттігін баса айтты. «Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеліп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуі тиіс. Сондықтан нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет», – деді өз сөзінде Мемлекет басшысы.

БҰҰ мәліметтеріне сүйенсек, соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адамдардың саны 22 пайызға өскен. Қазіргі таңда әлемде шамамен 275 миллион нашақор адам бар көрінеді. Ал, жыл сайын 500 мыңнан астам азамат есірткіден қайтыс болады екен. Ұйымның мәлімдемесінде соңғы 30 жылда есірткі заттарынан болатын өлім 134 пайызға артқаны да айтылады. 

Наркология және психотерапия орталығының тәжірибелі наркологы Тоқтар Қойшыбековтің айтуынша, нашақорлыққа тәуелді адамдар жасарып барады екен. Олардың жасы – 18-35 аралығында. Көбі жұмыссыз, отбасын құрмаған, орташа білімі бар азаматтар. Түрлі күйзеліске түсіп, кейін нашақорлыққа бет бұрғандардар жиі кездеседі екен.

– Есірткіге тәуелділіктің бастапқы кезінде тез арада ем алса, аурудан айығуға мүмкіндік бар. Нашақорлықтың екінші, үшінші сатысында емделу қиын. Тіпті өлімге әкелетін жайттар да кездеседі. Қазір синтетикалық есірткілерді қолданатындар көбейді. Адамдарды ақыл-есінен адастырып, ағзаға түрлі ауру туғызады. Себебі, есірткі сананы улап, психологиялық күйзеліске ұшыратады. Біз нашақорлықты емдесек те, адамда бейімділік қалады. Бірақ, емдеу курсы да ауруға сәйкес созылмалы түрде болады, – деді нарколог дәрігер Тоқтар Қойшыбеков.

Мамандардың айтуынша, елімізде «синтетикалық есірткі» осыдан он жылға жуық уақыт бұрын пайда болды. Алғашында Қазақстанға темекі қоспалары бар «спайс» келсе, уақыт өте түтіні жоқ темекі – «снюс» саудалана бастады. Ал, кейіннен есірткі әлемін «кристалл», «жылдамдық», «ваннаға арналған тұз» деген түрлі атау жамылған синтетикалық заттар тез жаулап алды. Ең сорақысы, бұл дерттің тырнағына ең бірінші болып жаны жаңалыққа құмар жалынды жастар ілінді.

Бір таңғаларлығы, күн өткен сайын синтетикалық есірткімен күресу құзырлы органдар үшін қаншалықты қиын болса, химиялық қоспаларға қол жеткізу соншалықты оңай болып барады. Мұны буыны бекіп үлгермеген жеткіншектердің дені бұл дерттің торына онлайн сауда арқылы ілігіп жатқанынан-ақ байқарсыз. Себебі, синтетикалық есірткілер, негізінен, ғаламтор арқылы саудаланады. Елімізде кез келген азамат үшін интернет дүкендері қолжетімді екені бесенеден белгілі. Яғни, сатып алушы мен саудагер бір-бірімен бетпе-бет кездеспейді. Тауар онлайн таңдалып, төлем де қашықтықтан жасалады. Кейіннен тұтынушы мен сатушы түрлі мессенджерлер арқылы байланыс орнатып, тауарды қай жерден, қай уақытта алып кете алатындығы жөніндегі нұсқаулықтармен алмасады. Осылайша барлық іс көзге көрінбейтін іс-әрекеттермен түйінделеді.

Бүгінде синтетикалық есірткінің тез таралуы бүкіл әлемнің ең үлкен қаупіне айналып отырғаны айтпаса да түсінікті. Себебі бұл есірткі түрінің еркін саудасы, жаңа түрлерінің тез пайда болуы, интернеттегі мәліметтердің ашықтығы, «синтетиканың» жарнамасы жалт-жұлт еткен сан түрлі сайттарға қатаң бақылаудың жоқтығы – онсыз да күрделі осы мәселені ушықтырып жіберді. Естеріңізде болса, бірер жыл бұрын сол кездегі Мәжіліс депутаты Қанат Мусин сайттарда есірткі жарнамасы ғана емес, оны дайындау жолдары да егжей-тегжей көрсетілетінін айтып, дабыл қаққан еді. «Интернетті шарлап жүрген түрлі сайттарда синтетикалық есірткіні саудалап қана қоймай, оны дайындайтын құрал-жабдығына дейін, тіпті жеке өндірісін ашуға үйрететін ашық бейнекурстар бар» деген мәжілісмен бұл кеселді жасырын таратуға жария түрде жастарды тартып жатқанын айтып, осы мәселеге құзырлы органдардың ғана емес, дүйім жұрттың назарын аудартқан болатын. Осыдан соң қара нарықта «синтетиканың» саудасын қыздырып жүрген сайттарға «соғыс» ашылды. Алайда, сол кездің өзінде-ақ әлгі сайттардың біреуі жабылғанымен, артынша сананы улайтын сайттар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптай түсті.

Есірткімен күресте алдыңғы шепте жүретін құзырлы орган өкілдері синтетикалық есірткі өндірісінің қарапайымдылығы мен қолжетімділігі оның кең таралуына жол ашып отырғанын айтады. Мамандардың сөзінше, аталған есірткіні қолдану әдістері ерекше дайындық пен дағдыны талап етпейді. Сондықтан дәл осы құмарлық жастар арасында үлкен сұранысқа ие.

«Синтетиканың барлық компоненті былай қарағанда заңды және қолжетімді. Мәселен, жеке органикалық қосылыстар, ацетон, этил спирті және сірке қышқылы арқылы есірткі қоспасын жасап шығаруға болады. Ал, бұдан туындайтын ең басты қауіп – мұндай химиялық қоспалар ұлттың гендік қорына үлкен зиянын тигізеді. «Синтетиканың» дәмін бір рет татып көрген жастардың болашағы ондаған жылдарға тәуелділік пен ауыр азапқа толы болмақ», – деген Ішкі істер министрлігінің өкілі Бақытжан Әмірханов есірткі қылмысы тек қара күш қолдану арқылы шешіле қоймайтынын алға тартты. Сөзінше, болары болып, бояуы сіңген қылмысты әшкерелегеннен гөрі, оның алдын алған, себеп-салдарын болдырмаған өте маңызды. Ол өз сөзінде синтетикалық нашақорлықтың таралуы, интернеттегі оның жарнамасы мен саудасына қоғам болып қарсы тұрып, профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын ұтымды ұйымдастыру аса маңызды екенін тілге тиек етті.

Бүгінгі таңда Түркістан облысында заңсыз есірткі айналымына қатысты құқық бұзушылықтар туралы анонимді хабарлама жіберетін Telegram-бот құрылған. Бұл өңірдегі есірткі бизнесіне тосқауыл болады деген сенімде түркістандық полицейлер.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Общественные деятели проявили активную гражданскую позицию
  • Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжінде АЭС-ке байлансты жиналыс өтті
  • «Қолынан іс келеді»: Президент Дархан Сатыбалдыға қандай баға берді?
  • АЭС энергетикалық тапшылықты шешеді
  • В Шымкенте проведена информационно-разъяснительная работа по вопросам религии
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер