Жасөспірімдер қылмысы көбеймесе, азаяр түрі жоқ

Бүгінгі таңда жасөспірімдер қылмысы көбеймесе, азаяр түрі көрінбейді. Бұл мәселенің оңтайлы шешімін табу, шалыс басқан жастарды түзу жолға салу – барша қоғамның міндеті. Дегенмен, жыл өткен сайын елімізде жасөспірімдер қылмысы көбейіп бара жатқаны алаңдатпай қоймайды. 

Screenshot_37.jpg

Мәселен, өткен жылы кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар саны жиырма болса, биыл нақ осы санаттағы заңбұзушылықтар 3,8 пайызға өскен. Атап өтерлігі, бозбала мен бойжеткендер арасындағы теріс қылықтың басым бөлігі ұрып-соғу, ұрлық және өз-өзіне қол салу секілді фактілерден құралған. 

Түркістан қалалық жергілікті полиция қызметі басқарма басшысының орынбасары Ерлан Асқаровтың айтуынша, қалада кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім және жауапкершілік» атты жедел профилактикалық іс-шаралары өткізілуде.  Нәтижесінде жыл басынан бері өңірдегі жасөспірімдермен жасалған қылмыстар 11,6 пайызға төмендеген. 

– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықпен тиімді күресу үшін балаларды қорғау мекемелерін, медицина қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдарды және басқа да профилактикалық субъектілерді тарта отырып, кешенді тәсілді қалыптастыру қажет. Жауапсыз ата-аналарға жаза күшейтіледі. Республика бойынша алатын болсақ, ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Әсет Оспановтың айтуынша, жыл басынан бері балалардың түнгі уақытта көшеде қараусыз жүргені үшін 28 мыңнан астам ата-ана жауапкершілікке тартылған. Ал, бала тәрбиесіне қатысты өз міндеттерін орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған ата-аналардың саны 3 есе артқан. Яғни, бұл тізім 7-ден 23-ке дейін өскенін көрсетті. Ал бізде жыл басынан бері жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 198 кәмелетке толмаған және тұрғын үйден тыс жерде жүрген 4358 жасөспірім анықталып, олардың ата-аналары мен заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жасы кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін 104 мекеме иесіне хаттама толтырылды. Құқық бұзушылыққа бейім 427 кәмелетке толмаған жасөспірім және бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 268 отбасы полицияның есебіне алынды, - деді Ерлан Асқаров.

Жалпы, өткен жылдан бастап әр білім беру мекемесіне барлығы 6,6 мың ювеналды полиция қызметкері, учаскелік инспектор мен жедел уәкіл бөлінгені белгілі. Әйтсе де, осы жылы жасөспірімдер арасындағы бопсалау дерегі екі есеге өскен. Нақтылай түссек, нақ осы заңбұзушылық фактісі 11-ден 19-ға дейін ұлғайған. Бүгінде мектептерде қоғамға жат әрекеттерге бейім бейресми 1,5 мың топ басшы бар екені анықталып отыр. Тоқтала кететін бір жайт, Ішкі істер министрлігі балалар мен жасөспірімдерге қатысты заңнамаларды күшейту бойынша жұмыстарды белсенді жүргізуде. Соның бір дәлелі – жақында қоғамың өтініші ескеріліп, осы жылдың 15 сәуірінде балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген нысандары үшін жауапкершілікті қатайтатын заңнамалық түзетулердің қабылдануы. Жаңа заңнамалық түзетулерде балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасағаны үшін татуласу мүмкіндігі жоқ. Ендігі кезекте кәмелетке толмағандарды суицидке итермелегендер мен жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткендер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оларды өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген.

Жасыратыны жоқ, білім ұясындағы құқыққа қайшы талай жағдайларға қанық кейбір мектеп басшылығының алдын ала тиісті шара қабылдамайтыны шындық. Оның үстіне, көптеген мектеп директорлары мұндайды жария етпеуге барын салады. Яғни, ол мектеп оқушылары арасындағы төбелес, сыныптастар арасындағы кикілжіңдер, жоғары сынып оқушыларының өзінен кішілерді бопсалауы көп жағдайда жасырылып қалады. Соңынан әлімжеттікке ұшыраған жасөспірімнің пышақ салуы, суицитке баруы көптеген жасырып келген оқиғалардың ашылуына алып келеді. Осы заңбұзушылықтардың алдын алу үшін Түркістан қаласы мен облыс көлеміндегі барлық білім мекемелері оқушы қозғалысын, балалардың ортасында әлімжеттікті болдырмау мақсатында 100 пайыз бейнекамералармен қамтылған. Бүгінде құзырлы органдар мен білім беру мекемелері тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, туындаған мәселелерді шешуде тың тәсілдерді қолданылуда. Соның нәтижесінде қалада еш себепсіз сабаққа бармауды әдетке айналдырған оқушылар анықталған. Айта кетейік, бүгінгі таңда шаһарда кәмелетке толмаған 427 бала тәрбиеленіп отырған 268 жайсыз отбасы бар. Ең сорақысы, мектеп жасындағы балалар тұратын дәл осы жайсыз отбасыларға қатысты істер тек қағаз жүзінде жүргізіліп келеді. 

Мамандар ата-аналардың көпшілігі жұмысбастылық салдарынан балаларына көңіл бөлуге мүмкіндігі жоқ екенін айтады. Осы орайда, бала тағдырына жауапты ата-ананың салғырттығы балалар қылмысына жол ашқанын аңғару қиын емес. «Қылмысқа баратын жасөспірімдер – отбасының жағдайы нашар, тәрбие көрмеген, жүгенсіз кеткен балалар. Әр балаға әке-шешесі тиісті дәрежеде көңіл бөлсе, балалар тарапынан орын алатын қылмыстық істердің алдын алуға болады. Өйткені, отбасындағы келеңсіз жағдайлар балаға теріс әсерін тигізбей қоймайды. Әсіресе, маскүнемдікке салынып кеткен отбасының баласы қандай өмірге тап болатынын елестетудің өзі қиын», – дейді Ерлан Асқаров.

Бүгінгі таңда балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу және болдырмау тәртіп сақшыларының басты міндеттерінің біріне айналған. Кәмелетке толмаған жас¬өспірімдерге түнгі уақытта компьютерлік клубтарда отыруға және көшеде ата-анасыз жүрудің қауіптілігі қаншалықты ескертіліп жатса да, ережелерді сақтай бермейтіндер саны азаяр емес.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Общественные деятели проявили активную гражданскую позицию
  • Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжінде АЭС-ке байлансты жиналыс өтті
  • «Қолынан іс келеді»: Президент Дархан Сатыбалдыға қандай баға берді?
  • АЭС энергетикалық тапшылықты шешеді
  • В Шымкенте проведена информационно-разъяснительная работа по вопросам религии
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер