Жаңа заңға енген өзгерістер балаларды қорғауға бағытталған

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 15 сәуірде отбасы институтын, балалар мен әйелдерді қорғауға бағытталған заңдарға қол қойды. Түзетулер бүкіл азаматтық қоғамның белсене қатысып, түрлі алаңдарда алдын ала кеңінен талқыланған мәселелердің нәтижесі бойынша әзірленген. 

Screenshot_38.jpg

Заңдар мемлекеттік отбасы саясатының құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және өзге де негіздерін жетілдіруге, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге бағытталған.

Сонымен бірге, заң әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуды, отбасылық- тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықтың алдын алуды көздейді. Түркістан қаласының прокуроры Каукен Нәрікбаевтың айтуынша, біріншіден, бұл заң отбасын қорғауға бағытталған. Атап айтқанда, «Неке және отбасы туралы» кодекстің 2-бабына дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау, сақтау, нығайту және ілгерілету туралы толықтырулар енгізілген. «Балаларды адамгершілік және рухани тұрғыда тәрбиелеу ұлттық және дәстүрлі құндылықтарды құрметтеу рухында жүргізілуі тиіс. Жаңа заңда басқа да түзетулер бар, бірақ дәл осы ережелер стратегиялық мемлекеттік бағдар береді деп санаймын. Екіншіден, жаңа заң балаларымызды педофильдерден қорғайды. Бәлкім, бұл кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық- зомбылық туралы хабарламалар пайда болғаннан соң барша қауымды дүрліктірген, көптен күттірген шара шығар. Десе де, енді педофильдер өмір бойы түрмеге тоғытылады. Кішкентай балаларды өлтіргені үшін де дәл осылай жазаланады. Сонымен қатар, өз-өзіне қол жұмсауды насихаттағаны үшін қылмыстың жаңа құрамы енгізілді. Бұл шара өз-өзіне қол жұмсауды насихаттайтын көптеген сайттарды, арналарды, чаттарды заң жүзінде бұғаттап қана қоймай, олардың ұйымдастырушылары мен сыбайластарын 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруға мүмкіндік береді» дейді ол. Сонымен қатар, жаңа заңда әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мақсатында ақпараттық-анықтамалық және психологиялық көмек көрсету жөніндегі «111» байланыс орталығын құру, әрбір қала мен ауданда Отбасын қолдау орталықтарын ашу, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды ерте анықтау бойынша мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыру туралы нормалар да бекітілген.  

– Бұрын ұрып-соққаны үшін әкімшілік жаза, ескерту не 10 тәулікке қамауға алу қолданылатын. Енді ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапкершілік 25 тәулікке қамауға алу, 80 сағат қоғамдық жұмысқа тарту немесе 80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу көзделген. Денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін бұрын әкімшілік жаза ескерту жасауға немесе 15 тәулікке қамауға алу қолданылатын. Енді бұл қылмыстық жауапкершілікке ауысты. 50 тәулікке қамауға алу, 200 сағат қоғамдық жұмысқа тарту немесе 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу көзделген. Сонымен қатар, жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, - дейді Каукен Нәрікбаев.

Бір атап өтерлігі заңға кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді. Яғни, кәмелетке толмаған баланы жәбірлегені үшін ескерту не 10 айлық есептік көрсеткіштен 30 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Сонымен бірге, кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 16 жасқа дейінгі баланы автобустан немесе басқа да қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіргені үшін 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Баланы автобустан мәжбүрлі түрде түсіріп жіберсе, ол бала жаяу жүремін деп адасып кетуі, басқа да қауіптерге душар болуы мүмкін. Сондықтан баланың қауіпсіздігі үшін осындай шаралар енгізіліп отыр. 

– Жаңа заңға енген өзгерісте кәмелетке толмаған балаларға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген. Яғни, кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды. Педофильдің баланы өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру, кәмелетке толмаған 16 жасқа дейінгі балаларды жыныстық қудалау үшін 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. Кәмелетке толмағанды заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал кәмелетке толмаған баланы ұрлау 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру шарасы қолданылады. Қылмыстық Кодекстің 105-бабы өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу, өз-өзiне қол жұмсауға итермелеу немесе өз-өзiне қол жұмсауға көмектесу деп өзгеріп, бұрын кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған іс-әрекеттер – үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделсе, өзгерістен кейін бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сонымен қатар, жаңа құрам суицидті насихаттағаны үшін 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады, ал үгіт-насихат өз-өзiне қол жұмсауға оқталуға әкелсе бір жыл бас бостандығынан айыру, өз-өзiне қол жұмсауға алып келсе 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген, - дейді Түркістан қаласының прокуроры Каукен Нәрікбаев.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Общественные деятели проявили активную гражданскую позицию
  • Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжінде АЭС-ке байлансты жиналыс өтті
  • «Қолынан іс келеді»: Президент Дархан Сатыбалдыға қандай баға берді?
  • АЭС энергетикалық тапшылықты шешеді
  • В Шымкенте проведена информационно-разъяснительная работа по вопросам религии
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер