Әйелге қолдау керек

Заң алдында барлық адамның құқығы тең. Кез келген әлді немесе ренішті адам біреуді кемсітіп, бопсаламастан бұрын осы нәрсені бірінші кезекте есте ұстауы тиіс. Әлімжеттікке барудың қылмыспен тең саналатынын білуі керек. 

Screenshot_40.jpg

Адамға бір немесе бірнеше адамның психологиялық және физикалық қысым көрсетуі, бір сөзбен айтқанда, Құдайдан қорықпау. Сондықтан да қоғамда біреудің құқығын таптап, әлімжеттік көрсету физикалық ұрып-соғу, күш көрсету деп айыпталады. Өкінішке қарай, адамдардың адамдарға озбырлық жасауының түрі көп. 

Ел болып қалыптасқан көне заманнан берi-ақ ата-бабаларымыз әйелдi, ананы, қыз баланы қатты қадiрлеп, құрмет тұтуды берiк дәстүрге айналдырған ұлттың бiрi. Оған ел аузындағы «Мейірімі мол ананың жүрегі жылы, қолы кең», «Ананың сүйген жері отқа күймейді, оқ та тимейді», «Сүйікті әйел – сұлу жар», «Қыз – елдің көркі, гүл-жердің көркі», сияқты даналық сөздер дәлел. Бейбiт тiрлiкте әйелдi отбасының киесі деп есептесе, ел басына күн туған қатерлi шақтарда батырдың бiр серiгi деп бiлген. Бiрақ қазiргi ұрпақтың әйел атаулыны мойынына тағдыр жүгiн артып «сахараның көнбiс түйесiнiң» орнына жұмсап, бесаспап роботқа айналдыратынын сезбеген шығар-ау... Шамамен, әрбір үшінші әйел өз отбасында қысым көреді екен. Әлемде әрбір үшінші әйел серігінің немесе басқа бір ер адамның физикалық немесе сексуалдық зорлық-зомбылығына душар болатынын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да мәлімдеп отыр. Отбасылық қысым қоғамымыздың барлық деңгейінде кездесіп отырады екен. Әйелдердің дені өз күйеулерінен, ұлдарынан, таныстарынан, көршілерінен, ауылдастарынан, қайын жұртынан қысым көреді. Жылына жүздеген әйел өз күйеулерінен таяқ жейді. Егер еркек ішімдікке әуес болса, онда ол араққұмар еркектің әйелінің ішпейтін еркектің әйеліне қарағанда маңдайының соры үш есе қалың... Иә, маскүнемдіктің кесірінен отбасының шырқы бұзылып, зардап шегіп жүрген әйелдер қаншама... 

Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Жанар Қалабаеваның айтуынша, бүгінгі таңда елімізде зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдер саны әлі де болсын азаймай тұр. Зорлық-зомбылыққа көбіне оқымайтын және жұмыссыз әйелдер ұшырайды екен. Сондай-ақ, 18 бен 50 жас аралығындағы әйелдерге күйеулері мен жақын туыстары тарапынан түрлі қысымдар жасалынатыны тіркелген.

Мәселен, өткен бірнеше жылға жүргізілген сараптама зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдердің жас ерекшелік сипаты төмендегідей көрсетіп отыр. Яғни, 18 жастан 29 жасқа дейін – 213, 30 жастан 39 жасқа дейін – 347, 40 жастан 49 жасқа дейін – 298, 50-ден жоғары – 296 адам. Бұл орташа көрсеткіш. Кей жылдары ол екі еселеніп отырған. Ал 306 жағдайда зорлық-зомбылықты әйелдерге таныстары жасаған. Атап айтсақ, әйелдер жағынан 254, жақын туыстарынан 41, күйеуі тарапынан 30, бірге тұратындар 4 зорлық-зомблық жасалған, мұнда да сандар әржылда әрқилы құбылып отырған. 

- Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес Түркістан өңірінде тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Жыл басында түркістандық әйел Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің аймақтағы өкіліне хабарласып, қызын күйеуі үнемі ұрып-соғатынын мәлімдеген. Нәтижесінде жергілікті полиция бөлімі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырып, сот-медициналық сараптама тағайындады. Сонымен қатар, жәбірленуші 30 күн мерзімге профилактикалық есепке алынып, оған қорғау туралы ұйғарым шығарылды.

Жиналған әкімшілік құқық бұзушылық материалдары шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Сол сияқты Түркістандық Жансұлу есімді әйел 17 жыл дегенде күйеуінің озбырлығынан әрең құтылған. Бірақ денсаулығы мен жүйекесі тозған. 

Бүгінгі күні Түркістан қаласында әйелдердің құқығы мен мүдделерін қорғаумен айналысатын 1 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, «Сенім-Ай» қоғамдық бірлестігінің «Көмек» дағдарыс орталығы бар. Мұндағы ерекшелік орталықтың баспанасы бар. Орталықта қыз-келіншектерге психологиялық, заңгерлік қызметтер және медициналық көмек ақысыз көрсетіледі. Жоғарыда айтқанымыздай тұрмыстық зорлық-зомбылыққа үшыраған әйелдер осы орталықтарға көмек сұрап келеді. Жалпы бұл орталыққа көмек сұрап алты жүзден аса адам жүгінген, олардың барлығына дерлік заңгерлік кеңес пен әлеуметтік көмек көрсетілді. Алайда олар орталықтарға орналастырылған жоқ. Себебі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары ретінде теңестірілмеген. Бұлар негізінен әл-ауқаты нашар, толық емес отбасынан болып келеді, - дейді Жанар Қалабаева.

Биыл қоғамдық бірлестіктер арқылы өңірде әр отбасында болып жататын түрлі тұрмыстық қарым-қатынастар аясындағы әйелдерге және балаларға жасалынатын зорлық-зомбылық мәселесін зерттейтін социологиялық сауалнама жүргізілген. Қоғамда қыз-келіншектер мен бүлдіршіндерге қатысты жасалынатын зомбылық пен күш көрсетудің тәсілін және әдісін, жанжалдың шығу себептері мен жағдайлары туралы оқып танысу үшін халық арасында социологиялық зерттеу жұмыстарына 1630 респондент қатысты. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, 378 жағдайда зорлық-зомбылық қызғаныштан, 265 жағдайда спирттік ішімдікті қолданғандықтан, 477 жағдайда ұрыс немесе жағымсыздықтан, 210 жағдайда мүліктік келіспеушіліктен, 300 басқа себептерден жасалынған.

Осыдан екі жыл бұрын Түркістан қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда да Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісі барысында да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысының тиімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлудің қажеттігін баса айтқан болатын. Өйткені, елдегі статистика көңіл көншітпейді. Соңғы екі жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмған. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 фактісі және орташа зиян келтірудің 808 фактісі тіркелген. Осындай құқық бұзушылықтар бойынша, 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайды жедел арада түзеу үшін алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізуге тапсырма берді. 

«Бұл жерде учаскелік инспекторлар шешуші рөл атқарады. Уақтылы шаралар қабылданса, отбасылық және тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді. Яғни, біреудің өмірі мен денсаулығын сақтап қалар едік. Мұны тәжірибе көрсетті. Қоғам сіздерден отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тиімді әрі жүйелі іс-әрекет күтеді», – деген Президент адамдардың құндылықтар жүйесі мен мінез-құлық моделін өзгертуде шешуші рөл атқара алатын құқық қоғау органдарына қатты басымдық берді. 

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жолдары жақында, тарихи өлке Атырау облысында өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында да кең сипат алды. Жақсылықтарға жол ашқан осы алқалы жиында терең тағылымды баяндама жасаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зорлық-зомбылық, буллинг және агрессия, вандализм туралы мәселелердің түйінін тарқатты. Мемлекет басшысының тікелей талабымен зорлық-зомбылықты болдырмауға қатысты заңдар қатаңдатылатын болды.

Құрылтайда «Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатыгездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргізушілеріне шабуыл жасалғанын білесіздер. Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. Сондықтан, біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек», – деген Мемлекет басшысы азаматтарымыздың үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс екендігін, заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиістігін, яғни қоғамда заң үстемдігі болуы қажеттігін, ең бастысы, мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керектігін баса айтты. Сонымен, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза дұрыстап күшейтілетін болды. Ішкі істер министрлігі отбасы және демогафиялық саясат, ана мен бала құқығын қорғау, балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдермен, сондай-ақ депутаттармен бірлесіп, заңнамаға бірнеше түзету әзірлеуде. 

Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторының мәлімдеуінше, 15 қол қойылған жаңа заңға байланысты енді әйеліне немесе бала-шағасына қол көтеріп, денсаулығына жеңіл зиян келтіргендер әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Әрі сотқа отбасының шырқын бұзатын азаматтарды тұрғын үйден уақытша шығарып, әлеуметтік бейімделу орталықтарына жіберу құқығы беріліп отыр. Бұдан бөлек, тұрмыстық жанжалдарды арнайы полицейлер тергемек. Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігінде отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған дербес бөлімше құрылатын болады. Ол бөлімшелер тек, осы тұрмыстық зорлық зомбылық күреспен ғана айналысатын болады. Алдағы уақытта қолға алынатын осы секілді кешенді шаралар расымен де тұрмыстағы төзімсіз шимайланған көп түйткілді шешпек. Басты мәселе – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түбінде не жатқанын қателеспей анықтау. 

Белгілі әлеуметтанушы, өнертану докторы, профессор Молдияр Ергебеков «Тұрмыстық зорлық-зомбылық немесе отбасындағы зорлық-зомбылық, әйелдер мен балаларға бағытталған зорлық-зомбылықтың түбінде жатқан негізгі проблемалардың бірі – қазақ қоғамының отарлануы» дейді. «Бұрынғы дастандардан, жазылған еңбектерден «әйелдерді, балаларды ұрыңдар» дегенді таппайсыз. Көптеген өзгеріс енгізілген «Қорқыт ата» кітабында әйел мен еркек тең екен, отбасында ер адам мен әйел адамның ортақтаса мәселелерді шеше алғанын көресіз. Патриархал көзқараспен жазылса да, өжет әйел, еркін әйел бейнесін көресіз. Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» кітабында «қыздар мен ұлдарыңды оқытыңдар» деп жазылған. Бұл ұран әлемде ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында пайда болды. Сондықтан отбасындағы, қоғамдағы зорлық-зомбылық астарында Қазақстанның Ресей тарапынан отарлануы жатыр деп айта аламын», – дегені кім-кімді болса да ойландыратын уәж. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Общественные деятели проявили активную гражданскую позицию
  • Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжінде АЭС-ке байлансты жиналыс өтті
  • «Қолынан іс келеді»: Президент Дархан Сатыбалдыға қандай баға берді?
  • АЭС энергетикалық тапшылықты шешеді
  • В Шымкенте проведена информационно-разъяснительная работа по вопросам религии
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер