Полиция пәтер мен қалта ұрлығынан сақ болуды ескертеді

Елде жасалатын ұрлықтың 80 пайызы қалта ұрлығы болса, жоғалған мүліктердің 17 пайызын қалта телефондары құрайды екен. Полиция қызметкерлері мобильдік телефон ұрлығының көбею себептерін олардың қымбаттығымен, оңай ұрлануымен және заңсыз телефондарға сұраныстың азаймай отырғанымен байланыстырады. 

Screenshot_41.jpg

Ал, ұялы телефонын жоғалтқан иесі көп жағдайда оны қайтара алмайды екен. Ресми мәліметке сүйенсек, бұл саладағы ұрлықтардың тек 26 пайызы ғана ашылатын көрінеді. Дегенмен, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті былтыр елімізде ұрлық саны 28,2 пайызға төмендегенін мәлімдеді. Соның ішінде ұялы телефон ұрлығы 11,3 пайызға азайған. 

Түркістанда қалта ұрлығы өршіп тұр. Жыл басынан бері мұндай құқықбұзушылықтың 30-ға тарта дерегі тіркеліпті. Бұл өткен 3 жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Қалта ұрыларын құрықтау мақсатында қалалық прокуратура, полиция, қоғамдық даму басқармасы өкілдері мен қоғамдық кеңес мүшелері күш біріктірген. «Облыстық әкімдік жанынан құрылған арнайы ведомствоаралық топ дәл осындай әдіспен қалта ұрыларымен күресті күшейтуде. Олар «сақтықта қорлық жоқ» деген ұстаныммен халықты алдын ала сақтандыру үшін топ мүшелері қоғамдық көліктер мен халық көп шоғырланған орындарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бүгінгі күні ведомствоаралық топ мүшелері Түркістан қаласының тұрғындарына қоғамдық көлікке мінген кезде өздеріңіздің бағалы, құнды ақша, заттарыңызға, әмияндарыңызға еге болу керектігін ескертіп келедә», - дейді Түркістан қалалық жергілікті полиция қызметі басқарма басшысының орынбасары Ерлан Асқаров.

Облыстық полиция департаменті ұсынған мәлімет те қалта ұрлығы алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр едәуір төмендегенін растап отыр. Яғни, облыста 2022 жылы екі жүзге жуық қалта ұрлығы тіркелген болса, 2023 жылы осындай 50-ге тарта қылмыс орын алған. Ал, қылмыстардың ашылуы 27,4 пайыздан 39,7 пайызға өскен. Иә, бұл статистикалық мәліметтер қалта ұрлығының айтарлықтай азайғанын көрсеткенімен, іс жүзінде бәрі ойдағыдай деуге мүлдем келмейді. «Ақшасы немесе ұялы телефоны ұрланған азаматтардың барлығы бірдей құқық қорғау органдарының көмегіне жүгіне бермейді. Мұның бір себебі, олар жоғалған мүлкінің табыла қоятынына күмәнмен қарайды. Расында да, мұндай жағдайда кәнігі ұрылардың табыла қоюы неғайбыл. Осылайша, кейбір ұрлықтар тіркелмеген күйі қалып қалады.

Тәжірибе көрсеткендей, бөтен мүлікті ұрлаудың басым бөлігі азаматтардың өздерінің бейқамсыздығынан болады. Көп жағдайда жәбірленушілер қылмыскерлерге пәтер немесе өзге де ұрлық жасауға мүмкіндік беріп қояды. Олардың басым бөлігі, әдетте, қолайлы жағдай туындаған кезде, мысалы, үй иелері болмаған кезде, қоғамдық көлікке отырғызу немесе қоғамдық орындарда қараусыз бағалы заттар мен телефондарды қалдыратын жәбірленушілердің бейқамсыздығы кезінде жасалады. Мәселен, осы жылдың 10 ақпанында Түркістан қалалық полиция бөлімінің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Аталған жайт ҚР ҚК 188-бабы «Ұрлық» бабы бойынша СДТБТ-ға тіркелді.

Түркістан қаласының полицейлері қалташаларды ұстау мақсатында барлық қажетті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Қабылданған шаралар нәтижесінде, жедел уәкілдер ұялы телефон ұрлаған күдіктіні құрықтады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. 

Сол сияқты жуырда Түркістан қаласының полициясына қаланың тағы бір тұрғыны пәтер ұрлығы туралы арызданған. Жәбірленуші оқиға болған күні түнде оның үйіне белгісіз тұлғалар кіріп, «Самсунг» маркалы екі теледидарды ұрлап кеткенін хабарлады. Келтірілген шығынның жалпы көлемі 1 миллионға жуық теңгені құрады. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында, Түркістан қалалық полиция басқармасының полиция қызметкерлері күдікті ретінде екі жергілікті тұрғынды ұстады. Анықталғандай, жас жігіттер жәбірленушінің үйіне сыртқы есік арқылы заңсыз кіріп, тұрмыстық техниканы ұрлап кеткен. Тергеу барысында үй ұрыларының басқада осындай 2 қылмысқа қатыстылығы анықталды. Тағы жеңіл жолмен ақша тапқысы келген екі күдіктіні Түркістан полицейлері көшедегі бейнебақылау камераларының көмегімен қолға түсірген. 

Жалпы полиция қызметкерлері қалта ұрылары қоғамдық көліктердің белгілі бір бағыттарында және жолаушылар көп мінетін мезгілдерде жүретінін айтады. Олардың сөзінше, автобус салонының ортасында, шығар есіктің маңында ұрлық көбірек болатын көрінеді. Бұл ұрының бірден жалтаруына қолайлы орын. Тәртіп сақшылары сол себепті автобусқа мінер және түсер уақытта абай болуға кеңес береді. Өз кезегінде департамент қызметкерлері қалта ұрлығының алдын алу мақсатында жүйелі түрде Түркістан қаласының аумағындағы базарларда, қоғамдық көліктерде және өзге де қоғамдық орындарда тұрақты түрде дыбыс ұлғайтқышпен ескерту жұмыстары жүргізіліп келе жатқанын айтады. Сонымен қатар, былтыр білім беру мекемелерінде 150-дей түрлі семинарлар мен 3200-ден астам сабақтар өткізілген. Бұған қоса, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде көптеген мақалалар мен бейнесюжеттер жарияланып келеді. Өткен жылы автопарк өкілдерімен бірнеше кездесу өткізіліп, онда ақпараттық кеңістікті нығайту бойынша ынтымақтастыққа қол жеткізу үшін қоғамдық пайдаланудағы 330 автобуста қалта ұрлығының алдын алу бойынша ақпараттық плакаттар жабыстырылды. Түркістан қаласының әкімдігіне маршруттық автобустар мен аялдамаларды бейнебақылау камераларымен жабдықтау жөнінде бірқатар ұсыныстар жолданған. Бұл шаралар тұрғындарды әккі ұрылардан сақтануға шақырады.

 – Әдетте, аялдамаларда және жиі жүретін автобустарда таңертең және кешке жолаушылардың саны көбейген уақытта қалта ұрылары іске кіріседі. Олардың құрбандары, негізінен жақсы киінген немесе бағалы заттары бар адамдар. Көбіне әйел адамдар, жас қыздар жиі тоналады. Сондықтан, қалалық жергілікті полиция қызметкерлері тұрғындарға сақ болу керектігін және қылмысты ашудың сәтті болуы – полиция органдарына уақтылы жүгіну екендігін ескертеді, – дейді Ерлан Асқаров.

Полиция қызметкерінің айтуынша, ұрланған немесе жоғалған телефонды іздестірудің бірқатар жолдары бар. Оның ішінде, ең жиі қолданылатыны IMEI-код арқылы іздестіру, ол телефон қорапшасының сыртында жазылған. Сондықтан, телефон алғанда қорапшаны лақтырып тастамай, сақтап қойған жөн. Түркістан қаласының әкімдігі де қоғамдық көліктерде орын алатын қалта ұрлығының жолын кесу бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіліп отырғанын айтады. Қалалық жолаушы тасымалдаушы мекемелердің басшыларымен өткізілетін әр апталық кеңесте қоғамдық көліктерде көптеп орын алатын қалта ұрлығы мәселесі тұрақты қаралып отырады. Автобустарда кездесетін қалта ұрлығынан сақтану және алдын алу бойынша бірнеше мәрте қалта ұрлығы үшін істі болған азаматтардың түрлі түсті суреттері бейнеленген ақпараттық қағаздар барлық қалалық қоғамдық бағыттардағы автобустардың салондарына ілінген. Сондай-ақ, қоғамдық көліктерде қылмыстарды бұлтартпау және алдын алу мақсатында қалта ұрлығы көптеп орын алатын автобус бағыттарына тасымалдаушылардың есебінен бейнебақылау құрылғыларын орнату жұмыстары жүргізілуде. 

Әрине, жеке мүлкіне ықтиятты қарау әуелі әр азаматтың өз жауапкершілігінде екені түсінікті. Сондықтан да Түркістан қалалық жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері қала тұрғындарына сақтық шараларын ескертіп отырады. Тұрғындарға жеке мүліктеріне қылмыстық қол сұғушылықты болдырмау мақсатында мұқият болып, есіктерді ашық қалдырмауға, есіктерге сенімді құлыптарды орнатуға, сондай-ақ пәтер кілттерін кілемше астында немесе басқа жерлерде қалдырмауға кеңес береді. Үйден шыққан кезде балкон есіктерін, барлық терезелер мен желдеткіштерді мұқият жабуды, ал ұзақ уақыт болмайтын жағдайда көршілерден пәтерді қарап тұруды сұрауын айтады. Сондай-ақ қоғамдық көлікке отырған кезде бағалы заттар мен ұялы телефондарды киімнің ішкі қалтасында сақтау қажеттігін, қалта немесе пәтер ұрлығы болған жағдайда жедел түрде «102» телефоны бойынша полицияға хабарласуды ескертеді. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Общественные деятели проявили активную гражданскую позицию
  • Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжінде АЭС-ке байлансты жиналыс өтті
  • «Қолынан іс келеді»: Президент Дархан Сатыбалдыға қандай баға берді?
  • АЭС энергетикалық тапшылықты шешеді
  • В Шымкенте проведена информационно-разъяснительная работа по вопросам религии
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер