Мал ұрлығына қатысты жаза қатаңдатылды

Түркістан қаласында бұған дейін полиция қызметкерлері «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында мал ұрлығымен айналысқан адамдар тобының қылмыстық әрекетін тоқтатқан болатын.

Screenshot_49.jpg

Нақтырақ айтсақ, криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері мал ұрлығын ашуға, күдіктілерді ұстауға бағытталған арнайы шаралар кешенін жүзеге асырды. Жедел уәкілдер қабылданған шаралардың нәтижесінде ірі қара малды ұрлаумен айналысқан екі тұрғынынан тұратын адамдар тобын ұстап, іс сотқа өткізілді. 

Түркістан қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Әдрахман Тоқбергеновтың айтуынша, өткен «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталғандай, күдіктілер қылмыстық әрекеттерді алдын ала жоспарлап, жайылымдарда адамдардың жоқтығына көз жеткізіп, малдарды ұрлап, «ГАЗель» көлігіне тиеген. Содан кейін ұрланған малдарды Сайрам, Сарыағаш ауданы және Тараз қаласының мал базарларында өткерген. Мал ұрылары қылмыстық жолмен тапқан пайдаларын өзара бөліскен.  

Полицейлер күдіктілердің Түркістан қаласынан бөлек, облыстың Қазығұрт ауданында жасалған мал ұрлығының бірнеше фактісіне қатысы барын дәлелдеді. Заттай дәлелдемелер ретінде ГАЗель автокөлігі мен 3 бас мал тәркіленді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, ұсталған адамдардың Түркістан облысының аумағында жасалған басқа да осындай қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.

- Мал ұрлығына тиым болмай тұр. Қорасындағы малынан бір күнде айырылып қалу да кім-кімге болса да оңай емес. Сақтықты ұмытқан мал иелері күннің аманында төрт түлігінен айырылып қалуда. Сол себепті мал ұрлығы бүгінгі таңда өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Арқаны кеңге салған кейбір тұрғындар ірі қарасын қараусыз жайылымға жіберіп, оның өрістен қолды болуына сеп болуда. Бұрын мал ұрлау – Қылмыстық Кодекстің 188-бабы ұрлық, яғни, бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру қылмысы бойынша қаралатын. Бұл баппен мал ұрлаған адам ұсталып, қылмыстық жауаптылыққа тартылу кезінде малдың иесіне жымқырған малын қайтарып немесе келген шығынды ақшалай орнын толтырса не жәбірленушімен татуласса ҚК-нің 68-ба бының талаптарына сәйкес, қылмыстық жауаптылықтан босатылатын. Алайда, кейін осы мал ұрлаған адамдар, қылмыстық заңның осы осал тұсын біліп алып, әрекеттерін қайта кірісетін болды. Осындай жағдайлар қайталана бергендіктен жаңа заң Қылмыстық Кодекстің 188-1-бабымен мал ұрлау, яғни, бөтеннің малын жымқыру қылмысымен толықтырылып, жазалары қатаңдатылды, - дейді Әдрахман Тоқбергенов.

Сонымен 188-1 бабының 1-бөлігі бойынша мал ұрлау орташа ауыр қылмысқа жатады. Бұл бап бойынша, мал ұрлаған кезде малдың иесіне жымқырған малдарын қайтарып, немесе келген шығынды ақшалай төлесе де жәбірленуші малдың иесімен татуласса да ол енді заң бойынша жазаланады. Себебі, «ҚК-нің 68-бабының 4-бөлігі 8-тармақшасына сәйкес, бұрын жасаған қылмысы үшін тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылғаннан кейін, осы кодекстің 71-бабының бірінші бөлігінде белгіленген қылмыстық жауаптылыққа тарту ескіргендіктен қасақана қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды», делінген. Ал, 188-1-баптың 2,3,4-бөліктері бойынша мал ұрлау ауыр қылмыстар қатарына жататындықтан, ешқандай да малдың иесімен татуласуға жол берілмейді және ҚК-нің 68-бабының талаптары қолданылмайды, сәйкесінше, адам қылмыстық жауаптылықтан босатылмайды, керісінше заңға сәйкес, тиісті жазасын алады. 

ҚК-нің 188-1-бабының ескертпесінде, мыналар: ірі қара мал  жылқылар мен есектер, түйелер, ұсақ мал  қой, ешкі, шошқалар  жалпы мал деп түсініледі. Мал ұрлығы қылмысының жасалу сипатына қарай және оған тағайындалатын жаза түрі келесідей: ҚК-нің 188-1-бабының 1-бөлігі бойынша мал ұрлау, яғни, бөтеннің малын жасырын жымқыру  мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

- Бүгінде қоғамда мал ұрлығы әрбір шаруаның мазасын алған мәселеге айналып отыр. Қыс айларында соғым уақыты таяғанда мал ұрлығының тіпті жиілеп кететіні де рас. Ал сол мал ұрлығының өңірлерде ашылу көрсеткіші қандай деген мәселе де бар. Сонымен қатар адамдарды еңбекке заңсыз жегу сияқты мәселелер де күн тәртібінде өте өзекті. Яғни, ел арасында кейбір шаруалардың шетелдік азаматтарға малын бақтырып қою әрекеті де толастамай отыр. Айтар ойымның түйiнi, бүгiн болмаса ертең әр нәрсенi сұрауы болады. Ұрлық жасап олжаға батамын деп жүріп, қолға түсіп, сотталған қылмыскерлердің «Ұрлық түбі қорлық» деген халық даналығының ақиқаттығына ой тастап, ақыл тоқтатар деген ойдамын, -  дейді Әдрахман Тоқбергенов.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мал ұрлығына қатысты жаза қатаңдатылды
  • Жол – қателікті кешірмейді
  • Студент есірткі заттарына қарсы акцияға қатысты
  • Ойын құмарлыққа көз жұма қарауға болмайды
  • Өтірік айтып ақпарат тарату оңай, бірақ жазасы ауыр
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер