Қаржы пирамидасы – елдің алаңдаушылығын тудырдыҚаржы пирамидасы – елдің алаңдаушылығын тудырды

Бүгінгі таңда қаржы пирамидалары – қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Олар заңсыз қаржылық схемалар арқылы азаматтардың сенімін теріс пайдаланып, олардың ақшасын иемденеді. 

Screenshot_10.jpg

Қаржы пирамидаларының зардаптары көбінесе халықтың әлсіз топтарына тиіп, олардың қаржылық жағдайына елеулі зиян келтіреді.

Түркістан қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Алмас Мырзахметовтың айтуынша, бүгінгі күні Түркістан қаласында қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қарсы күрес күшейді. Оған себеп былтырлары ішкі істер органдарына қаржы пирамидасының құрбаны болған азаматтардан түскен арыздар. Түркістан қаласында жәбірленушілер саны оннан асты. Жедел қолға алынған жұмыстар нәтижесінде қаржы пирамидасын құруға және оны басқаруға қатысы бар деген күдікпен полиция қызметкерлері бірнеше адамды анықтап, ұстады. Олар Алматы, Астана, Шымкент қалалары секілді үш мегаполистің және Түркістан қаласының тұрғындары болып шықты. Олардан компьютерлік техника, жылжымалы және жылжымайтын мүліктер тәркіленді. Тағы бір күдіктіге іздеу жарияланды. 

- Жасалған қылмыстың ауқымы ескеріліп Түркістан облысы полиция департаментінің базасында еліміздің 5 облысының 30 тергеушісінен құралған тергеуші бар тергеу тобы құрылды. Топты Түркістан облысының тәжірибелі тергеушілерінің бірі полиция майоры Алтынай Жолымбекова басқарды. Сонымен бірге тергеуге 7 арнайы прокурор, жедел уәкілдермен бірге сарапшылар және аудармашылар тартылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бір жылдан астам уақыт бойы жалғасты. Осы уақыт ішінде полицейлер мен прокурорлар күдіктілердің кінәсінің дәлелдерін жинау бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Сараптаманың 15 түрі тағайындалды. Тергеушілер қылмыстық топтың 2018 жылдың ақпаны мен 2020 жылдың тамыз айы аралығында салымшыларға кепілді жүз пайыздық пайда беруге уәде етіп, тұрғындардан алаяқтық жолмен 3 миллиард теңгеден астам қаражатты иемденгенін анықтады. Күдіктілер алаяқтық жолмен түскен ақшаны өзара бөлісіп отырған. Азаматтардың басым бөлігі қаржы пирамидасына кіру үшін өздерінің үйлерін кепілге қойып, несие алған. Сотқа дейінгі тергеу барысында тергеушілер қылмыстық топтың ұйымдасқан сипатта болғанын, жоспарланған түрде әрекет еткенін және әр қатысушының рөлдері нақты бөлінгенін дәлелдей алды, - дейді ол.

Дегенмен мұндай алаяқтықпен күрес Түркістан қаласында тоқтаусыз жүргізілуде. Жалпы облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті биылғы 9 айда өңірдегі экономикалық құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар атқарған. Бұл жұмыстардың басым бағыттарының бірі – «көлеңкелі» экономикамен күрес. Соның ішінде акцизделетін және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына, заңсыз ойын бизнесіне, қаржы пирамидаларына қарсы іс-шаралар белсенді түрде жүргізілді.

«Көлеңкелі» экономика – әлемнің көптеген елінде кездесетін құбылыс. Ол заңсыз экономикалық қызметтерден тұрады және елдің экономикалық жүйесіне зиян келтіреді. «Көлеңкелі» экономиканың көлемі неғұрлым үлкен болса, соғұрлым заңсыз қызметтердің дамуына мүмкіндік туып, экономикаға бақылау жасау қиындай түседі. Бұл тұрғыда мемлекет салықтан, ал халық денсаулық пен құқықтық қорғаныстан айырылады.

«Көлеңкелі» экономикаға қарсы күрес тек қылмыстарды анықтау мен оның жолын кесуден тұрмайды. Бұл күрестің ауқымы кеңірек және ол қоғамның әрбір мүшесіне қатысты маңызды мәселе. «Көлеңкелі» экономикаға байланысты экономикалық қылмыстар елдегі қаржылық тұрақтылыққа, кәсіпкерлердің адал бәсекелестігіне, халықтың тұрмыс деңгейіне кері әсер етеді.

– Мемлекет «көлеңкелі» экономиканы қысқарту үшін тұрақты түрде тиісті шаралар қабылдап отырады. Мысалы, 2023 жылғы 14 шілдеде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2023-2025 жылдарға арналған «көлеңкелі» экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Бұл жоспар «көлеңкелі» экономиканың барлық салаларында төлем және қаржылық операциялардың ашықтығын арттыруға бағытталған. Осы шаралар арқылы елдің сауда-саттық, құрылыс, көлік, қаржы және басқа да секторларында экономикалық процестердің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2022 жылы облыстағы «көлеңкелі» экономиканың үлесі 25,2 пайызды құраған. Бұл аймақтағы заңсыз экономикалық әрекеттердің елеулі үлесін көрсетеді. Дегенмен 2023 жылы бұл көрсеткіш 23,1 пайызға дейін азайған. Мұндай оң өзгерістер, ең алдымен, қаржылық мониторинг департаменті мен басқа да мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының нәтижесі екені белгілі. «Көлеңкелі» экономикаға қарсы күрес тек мемлекеттік деңгейде ғана атқарылатын шаруа емес, сонымен қатар қоғамның әрбір мүшесінің де міндеті. Заңды қызмет атқаратын кәсіпкерлер, қарапайым азаматтар барлығы заңсыз әрекеттерге қарсы күресте бірігіп жұмыс атқаруы тиіс, – дейді Түркістан қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Алмас Мырзахметов.

Акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымы – «көлеңкелі» экономиканың ең зиянды түрлерінің бірі. Мұндай өнімдерге әсіресе контрафактілі шылым және алкоголь өнімдері жатады. Бұл тауарлар заңсыз жолмен айналымға түсу арқылы адал кәсіпкерлерге зор экономикалық шығын келтіреді. Сонымен қатар халықтың денсаулығына төнетін қауіп те орасан зор. Сапасыз немесе заңсыз өндірілген өнімдерден пайда көрген кәсіпкерлер ел экономикасына да залал келтіреді, себебі олар салық төлемей, заңды түрде жұмыс істейтін кәсіпорындарға бәсекелес болады.

– Елімізде пирамида ұйымдастырушыларына қарсы күрес тек қылмыстық істермен шектелмей, алдын алу және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы жүзеге асады. Мысалы, 2024 жылы қаржы пирамидасына қатысты 1 821 сілтеме бұғатталған. Заңсыз ойын бизнесі қоғамның әлеуметтік және психологиялық денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді. Лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік адамдардың қаржылық жағдайын қиындатып қана қоймай, отбасылық қарым-қатынастарды бұзады, қылмысқа баруға итермелейді. 2024 жылдың 9 айында Түркістан қаласында заңсыз ойын бизнесінің 1 дерегі анықталып, қылмыстық істер тіркелді. Бұл істердің нәтижесінде ондаған заңсыз сайт сілтемесі бұғатталған. Заңсыз ойын бизнесін жою мақсатында профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. «Көлеңкелі» экономикаға, қаржы пирамидаларына және заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес – бұл мемлекет пен қоғамның бірлескен іс-қимылы. Әрбір азамат заңды түрде жұмыс істеп, салықты адал төлеуге, заңсыз әрекеттерге қарсы белсенді күрес жүргізуге міндетті. Экономикалық құқықбұзушылық фактілерін анықтау үшін Қаржылық мониторинг агенттігіне хабарлау мүмкіндігі бар екенін еске сала отырып, барлық азаматтарды экономикалық қауіпсіздікке өз үлестерін қосуға шақырамыз, – деді Алмас Мырзахметов.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер