Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет екенін атап өтті.
«Азаматтарымыздың құқығын қорғау саласында кешенді шараларды қолға алдық. Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан біз осы бағыттағы маңызды реформаларды жалғастырамыз, жүйелі жұмысты тоқтатпаймыз.
Тағы бір мәселе – азаматтардың қауіпсіздігі. Жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық» дейді Президент Жолдауында.
Президент тапсырмасымен бүгінгі таңда сот істері де заман ағымына бейімделіп, цифрландыру жүйесіне енгізілген. Ал Түркістан қалалық сот төрайымы Айгүл Жаңбырбаеваның айтуынша, Президенттің судьяларға қойып отырған мақсаты – сот жүйесін оңтайландыру, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін арттыру, халықтың сотқа деген сенімін күшейту.
- Сотта қаралатын мәселе, ол – дау, онда болатыны сот және жеңген-жеңілген екі тарап. Әлбетте, сотта жеңілген тарап жеңіс іздей бастайды, сот шешімімен келіспейді, шағымдану арқылы өз позициясын алға тартып, ақырына дейін барады. Бұл белгілі жағдай. Сот жүйесі практикаға байланысты қашанда өзгерістер қажет етуде. Ал оның себебі біреу-ақ. Сотқа халықтың сенімі болмайынша, алға жылжу мүмкін емес. Халық кімге сенеді? Сотқа ма, заңға ма? Ал заң талабы қандай және шығарылған сот шешімі қаншалықты заңды әрі дұрыс?
Сот процесі кезінде судьяның шығарған шешіміне риза болмайтындар көп. Дауға әділдік ету, тура төрелігін жасап, түйінді шешім шығару судья үшін оңай емес. Соған қарамастан тараптардың сотқа деген наразылықтары мен шағымдары аз емес. Мұның бәрі уақыт өткен сайын тәжірибеге айналып, соның салдарынан сот жүйесін тиімді жағына жақсарту үшін іргелі реформалар жүргізілуде, - дейді Айгүл Жаңбырбаева.
Естеріңізде болса, ертеректегі сот жүйесі бес сатыдан тұратын: сатылы сот, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау. Бұл жүйе уақыт өте келе тиімсіз болды. Яғни тараптар әділдікке жету мақсатымен бір дау-дамай үшін бес рет сотқа жүгінетін. Бұл дегеніміз, біріншіден, уақытты алады, екіншіден, істі қарауды созбалаңға салады. Бұдан кейін 2016 жылы еліміздің сот жүйесі бес сатылыдан үш сатылыға ауысты: бірінші саты – аудандық соттар, апелляциялық саты – облыстық соттар, кассациялық саты – Жоғарғы сот деген шешім қабылданды. Осылайша азаматтар сотқа жаңа жүйе бойынша үш рет жүгіне алатын болды. Қарапайым тілмен айтқанда, сотқа шағымданған адам облыстық деңгейдегі екі сотқа қатысып, ал одан кейін кассациялық сот оның заңдылығын тексереді.
-«Көш жүре түзеледі» дегендей, еліміздің сот жүйесін қайта реформалау қажеттігіне мемлекетіміз тағы көз жеткізіп отыр. Яғни заң талабы да, заман талабы да халыққа тиімді тұстарын көбірек қамту үшін жаңа жүйе құрып, заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет етті.
2024 жылғы 5 шілдедегі «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап елордамызда Жоғарғы сот құзырында әкімшілік, азаматтық және қылмыстық істер бойынша өз алдына жеке кассациялық сот құрылатын болады. Жаңа заң қабылданса, Жоғарғы соттың рөлі өзгереді. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында сот жүйесі объективті, ашық және жария түрде сот төрелігін жүзеге асырады. Сот жүйесіндегі барлық оң өзгерістер ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Кассациялық сатыда істі қарау қазір де бар. Ал бұл енгізілетін жаңа жүйе дербес кассациялық сатының жаңа моделі десек болады. Ерекшелігін айтатын болсақ, апелляциялық сатыларда қаралған істердің барлығы да кассациялық сатыда қарала беретін, алдағы уақытта да дәл солай бола бермек. Бірақ қазіргі таңда Жоғарғы соттың қадағалау сатысына бұған дейінгі бірінші және апелляциялық сатыда қаралған істердің басым көпшілігі бара бермейтін. Ал алдағы уақытта құрылатын жаңа кассациялық сотта бұдан былай жергілікті және облыстық соттарда қаралған істердің барлығы қаралады, - дейді Түркістан қалалық сот төрайымы Айгүл Жаңбырбаева.
Мемлекет басшысы айтып өткендей, бүгінде істердің тек бес пайызы кассациялық сатыға жетіп отыр. Яғни азаматтардың шырылдайтыны – кассацияға қолжетімділік жоқ. Сондықтан кассациялық кезеңге қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін бұдан былай азаматтардың шағымдары жаппай кассацияға жіберіледі. Кассациялық соттың қай санаттағы істер болсын өзіндік бағыттары мен тәртіптері көзделген және әрқайсысы өзінше тиімдірек. Ең бастысы, алдағы бұл жаңа жүйе бүрынғыдай кассациялық істерді шектеуге жол бермейді.
«Заң жобасы қабылданғаннан кейін сот шешімдеріне деген арыз-шағымдар азаяды деп айта алмаймыз. Себебі сотта ұтатын және ұтылатын тарап бар. Әлбетте, ұтылған тараптың міндетті түрде өз шындығы, өз ақиқаты бар. Сол үшін де ол өз мүддесін қорғау мақсатында ақырына дейін барады, шағымдана береді. Сондықтан шағымдар азаяды деп бірден кесіп айту мүмкін емес. Бірақ негізгі мақсат – тараптар үшін, халық үшін сот төрелігіне деген қолжетімділіктің арта түсетінінде және сол арқылы олардың әрбір іске көз жеткізіп, дауды әділ шешудегі сотқа деген сенімділіктің артатындығында», - дейді Түркістан қалалық сот төрайымы Айгүл Жаңбырбаева.