Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында қоғадық тәртіпті құқық қорғау органдарына күшейтуді тапсырды. «Көптеген елде, тіпті кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршіп тұрғанына қарамастан, біз соңғы жылдары қауіпсіз қоғам құру жолында едәуір жетістікке жеттік.
Көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келеді. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру», - дейді Мемлекет басшысы.
Жалпы адам баласына алкоголь өнімі мен темекі өнімдерінің тигізер зияны көп. Олардың қоғам үшін көптеген қауіп-қатер тудыратыны белгілі. Қоғамдық орындарда ішімдік ішу және көлікті масаң күйде басқару, сондай-ақ темекі бұйымдарын тыйым салынған жерлерде тұтыну туралы статистика бұл проблемалармен күрестің қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді.
Түркістан қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Әдрахман Тоқбергеновтың айтуынша, Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шараларды өткізіп тұрады.
- Жалпы жылбасынан бері 40-қа тарта көлік құралын мас күйінде басқарған адам заң аясында жауап берген. Біраз бұрын кезекті рейдтік іс-шаралар барысында түркістандық полицейлер кешкі 20:00 шамасында қала көшелерін патрульдеп келе жатып, ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабында (көлiк құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу) көрсетілген заңды бұзып, «Мерседес Бенц» маркалы автокөлігін жолдың қақ ортасына заңсыз қойып қойған жүргізушіні анықтады. «Полицейлер автокөлік иесінің құжаттарын тексере келе, оның бірер жыл бұрын Түркістан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотымен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша кінәлі деп танылып, үш жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылғанын анықтады. Соған қарамастан жол ережесін бұзған жүргізуші заңсыз әрекетін қайталап, екінші рет мас халде көлік басқарған. Яғни жүргізушіге жүргізілген медициналық зерттеудің қорытындысына сәйкес, оның мас халде екені расталды», - делінген хабарламада. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 346-бабы (көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша тіркелді. Жүргізуші қамауға алынды, - дейді ол.
Алкогольді шамадан тыс тұтыну адамның денсаулығына елеулі зиян келтіріп қана қоймай, қоғамда әлеуметтік мәселелердің пайда болуына ықпал етеді. Мәселен, алкоголь бауыр, жүрек-қантамыр ауруларының, жүйке жүйесінің бұзылуының негізгі себебі. Ішімдікті көп ішетін адамдардың өмір сүру ұзақтығы айтарлықтай қысқарады, өйткені организм ұзақ уақыт бойы улану жағдайында болады. Сонымен қатар алкоголь – адам ағзасындағы барлық мүшелерге кері әсерін тигізетін ең қауіпті заттардың бірі. Одан бөлек, ішімдікті артық тұтыну қылмыстардың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және жол-көлік оқиғаларының өсуіне алып келеді. Мысалы, көлікті мас күйінде басқару салдарынан жол апаттары жиілейді. Сонымен қатар ішімдікке тәуелділік адамдардың жұмыстағы тиімділігіне де әсер етеді. Тәуелділікке ұшыраған адамдар жиі жұмысқа кешігіп келеді немесе жұмысқа мүлдем шықпай қалады.
«Қоғамдағы ішімдікке байланысты мәселелерді тек заңнамалық шаралармен шешу мүмкін емес. Түркістан қалалық полиция басқармасы жүргізіп жатқан профилактикалық іс-шаралар ішімдікті қолданудың алдын алуға бағытталған қадамдардың бірі ғана. Алайда бұл бағыттағы шаралар кешенді болуы керек. Оған отбасы, білім беру мекемелері, жұмыс орындары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары қатысуы қажет. Мектептер мен колледждерде оқушыларға ішімдіктің зияны туралы дәрістер, тренингтер ұйымдастырылуы тиіс. Бала кезден дұрыс тәрбие алып, салауатты өмір салтын ұстануды үйренген жастар зиян әдеттерден аулақ болады. Қоғамның әрбір мүшесі ішімдікке қарсы күреске өз үлесін қосуы қажет. Жергілікті билік органдары, қоғамдық ұйымдар және құқық қорғау органдары бірлесе ішімдікті қолданудың алдын алу шараларын жүргізсе, оң нәтижеге қол жеткізетініміз анық», - дейді «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан қалалық филиалыныңтөрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов.
Соңғы жылдары танымал болған электрондық темекілер зиянсыз деген пікір қалыптасқанымен ғылыми зерттеулер олардың да адам ағзасына қауіпті екенін дәлелдеп отыр. «Мемлекетіміздің заңнамасы бойынша, темекі өнімдерін, қорқор қоспаларын және электрондық темекіні белгілі бір орындарда тұтынуға қатаң тыйым салынады. Қалада мұндай бұзушылықтардың жүзге жуық жағдайы тіркелген. Бұл көрсеткіш темекі өнімдерінің тұтыну мәдениетінің төмен екендігін және бұл бағытта да кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілу керектігін көрсетеді» дейді Түркістан қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Әдрахман Тоқбергенов.
Қорыта айтқанда, ішімдіктен бас тарту, темекі өнімдерінен аулақ болу – бұл тек жеке адамның денсаулығын сақтау ғана емес, қоғамның қауіпсіздігіне де үлес қосу.