Елімізде ауқымды реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Саяси жаңғырудың нәтижесінде азаматтарымыздың өз ойы мен пікірін ашық айтып, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне араласуына жол ашылды.
Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан терең өзгерістер жасалып жатыр. Дегенмен, соңғы кездері Қазақстанда қоғамдық орындар мен тарихи нысандардың бүлінуі жиілеп кетті. Тіпті тарихи тұлғалардың зираттарын, ескерткіштерін қорлау оқиғалары да, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды бүлдіру жағдайлары да көптеп тіркелуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуге міндетті» деп тапсырды. Жалпы Ішкі істер министрлігі таратқан мәліметке зер салсақ, 2023 жылы вандализмнің 3 мыңнан аса жағдайы тіркеліпті. Қазақстан қалаларында вандализмнің ең көп таралған түрлерінің бірі – ғимараттар мен ескерткіштердің қабырғаларына граффити салу. Вандализм мемлекетке де, жеке адамдарға да айтарлықтай экономикалық зиян келтіреді. Зақымдалған мүлікті қалпына келтіру қомақты қаржыны талап етеді. Бұзақылардың іс-әрекетінен келетін жыл сайынғы шығын шамамен 500 миллион теңгеден асады екен.
Жалпы алыстан мысал іздеудің қажеті жоқ. Вандализмнің көрінісін өзіңіз тұрып жатқан қаладан-ақ байқауға болады. Тұрғындар игілігі үшін пайдалануға берілген демалыс орындарындағы орындық, жарықшамдардың көп уақыт өтпей тас-талқаны шығып жатады. Қарапайым аялдамалардың өзі бейберекет сызылып, суретке толып тұрғанын талай көргенбіз. Тұрғын үйлердің алдындағы балалар ойын алаңшасының әткеншектері де «соғыс көргендей» аянышты халде тұрады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында вандализм мәселесін қозғай келе, әлем елдерінің тәжірибесін тілге тиек етті. Президент: «Тағы бір кесел – вандализм. Өкінішке қарай, қоғамдық мүліктен бастап мыңжылдық мәдени мұраларға дейін – бәрін жаппай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналған. Бурабайдағы Жұмбақтасты, Баянауылдағы Кемпіртасты қараңыздар. Ең жауһар жерлеріміздің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қандай қисыны бар?! Мұның бәрі – барып тұрған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік. Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек. Дүниежүзінде, нақты айтқанда, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Сингапурда жағымды мысалдар көп, осы елдер көпке үлгі болып отыр. Ал біз неге олардан кем болуымыз керек?» – деді.
Қоғам мүлкін, рухани-мәдени құндылықтарды бүлдіріп, қорлап, талан-тараж еткен вандалдардың тарихтағы ізі сонау V ғасырда Рим империясының кезеңінде де жатыр. Батысқа бет алған ежелгі шығыс германдық тайпалар қаланы тонап, ғажайып өнер туындыларының тас-талқанын шығарды. Құнды заттарды қолды етті. Есіріп, елірген вандалдар Римді басып өтіп, қазіргі Франция, Испания, одан әрі Гибралтар бұғазы арқылы Африкаға дейін сапар шегіп, жүріп өткен жолдарын тып-типыл етіп тонап отырғаны жайлы деректер кездеседі. Оларда мәдени мұраға, сәулет өнеріне деген құрмет, тіпті құндылықтарды түсінерлік сана да болмағаны анық. Оқушы кезімізде осы секілді әсем ғимараттарды қиратып, сұлулықты әп-сәтте жоқ қылған вандалдардың варварлық әрекеттері туралы оқиғалар бізге ескі заманның ертегісі секілді көрінетін. Бала көңіліміз жабайылық өткен ғасырлардың еншісінде қалды деп сенді. Алайда уақыт ұршықтай дөңгелеп, қанша ғасыр өткенімен, ұрпақтар алмасып, заман жаңғырса да осы бір ежелгі жабайы мінез адамзатпен бірге бүгінге дейін жетті. Өкінерлік, опынарлық жайт. Әлемде вандализм әрекеттері сирек кездесетін елдер де бар. Олар бұл жағдайға қатаң жаза тағайындап, қылмыспен күресті жүйелі жолға қойған. Өкінішке қарай, біздің елде әлі күнге мәдени ескерткіштерге шимай-шатпақ жазулар жазып, қоғамдық орындарды бүлдіріп кететіндер саны азаймай отыр, - дейді «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан қалалық филиалыныңтөрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов.
Елімізде тарихи-мәдени және табиғи мұраларымызды вандализмнен сақтауға бағытталған республикалық ауқымды акциялар өткізіліп, белсенді жастар ескерткіштерге салынған суреттер мен жазуларды өшіріп, айналасын тазалап, ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Жастардың бұл әрекеттері көңіл қуантады. Түркістан облысы Amanat партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты төрағасының орынбасары Еркебұлан Мадиярұлы мәдени орындарымызды вандализмнен қорғап, сақтауға халық болып жұмыла кіріссек, іс нәтижелі болады деген пікірде.
– Тарихы терең Түркістан – тарихи жәдігерлерге бай өлке. Бірақ қазір көненің көзіндей болған ескерткіштерімізді аялап жүрміз деп мақтана алмайтын жағдайдамыз. Қаншама ғасырдан бері сақталып келе жатқан, тарихтан сыр шертетін мұраларымыз бүгінде шимай-шатпақтан көз ашпайды. Жастар ел көлемінде өтіп жатқан акция аясында қаламыздағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесі, басқа да ескерткіштер мен керуен сарайлары сынды тарихи-мәдени орындардың айналасын тазаладық. Өкінішке орай кейбір ескерткіштердің қабырғасына жазылған жазулардан көз сүрінеді. Мән-мағынасыз сөздерді өшіріп жатып, ескерткіштерге жанымыз ашыды. Адамдардың туған жердің табиғаты мен тарихына жауапкершілікпен қарамайтынына қынжылдық. Әлбетте, акция өткізіп, бір топ жас бүкіл мұрамызды келеңсіз әрекеттерден қорғап қала алмаймыз. Мақсат – тарихи ескерткіштерді сақтауға қоғамның назарын аудару және бай мұрамызға көздің қарашығындай қарауға үндеу, яғни азаматтардың санасы мен жауапкершілігін аттыруды насихаттау. Жалпы мұндай жұмыстар науқандық сипат алмауға тиіс. Себебі туған өлкеміздің әрбір тасына, нысандарымыздың бүтіндігіне, айналамыздың тазалығына өзіміз ғана жауаптымыз, – дейді Еркебұлан Мадиярұлы.
Осылайша еліміздің барлық аймақтарында өтіп жатқан акцияға қатысушы жастар мәдени орындарды қоқыстан тазартып, жәдігерлеріміздегі шимайларды өшіріп, ел тұрғындарына үндеу тастап, дабыл қағуда. Белсенді жастар әр адамның вандализм әрекеттерінің алдын алып, таза әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға атсалысқаны дұрыс деп санайды.
– Көбіне жастар балалықпен өздерінің ойын, сезімін білдіріп немесе дос екенін сездіріп, түрлі жазу жазып кетеді. Оларда бүлдірейік деген теріс ой болмауы да мүмкін, бірақ әлгі өздері жеткізгісі келген «ізгі ойдың» шырмауынан шығып, бұл тарихи мұрамызға, тарихи мүлкімізге жасалған қастандық екенін жандарымен сезінулері тиіс. Вандализм әрекеттеріне тосқауыл қою үшін заң да қабылданды. Біз бұл әрекеттердің қылмыс екенін, дұрыс емес екенін насихаттау бағытында сондай жазуларды өшіріп, үздіксіз жұмыс істеудеміз. Ескерткіштердегі және тарихи ғимараттардың қабырғаларындағы шимай жазуларды өшіру қиынға соғуда. Себебі өшіру-қашау барысында мұраларымызға үлкен нұқсан келуі ықтимал. Соған жол бермеуіміз керек. Тазарту жұмыстары ептілікпен, сақтықпен жасалуы тиіс, – дейді Еркебұлан Мадиярұлы.
Мемлекет басшысы шілде айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заңда бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін жауапкершілік күшейтілді. Оны бір топ адам немесе бірнеше рет және қылмыстық топ болып жасағаны үшін жауапкершілік енгізілді. Дәл осындай қылмыстық жауапкершілік тарихи, мәдени ескерткіштерді, табиғи кешендерді немесе мемлекеттің қорғауына алынған нысандарды, сондай-ақ ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығы бар заттарды немесе құжаттарды қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін белгіленді. Осы тектес қылмыстарды жасағаны үшін бұдан былай қылмыстық жауапкершілікке 16 жастан емес, 14 жастан бастап тартылады. Енді вандализмге жол бергендер 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді немесе 160 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады. Жазаның тағы бір түрі – 50 тәулікке қамауға алу. Сондай-ақ «әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк немесе дiни араздық уәжі бойынша, пайдакүнемдiк ниетпен бiрнеше рет жасалған бұзақылық» үшін 200 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған. Қоғамдық жұмысқа 300 сағат беріледі, ал қатаң жаза ретінде 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.