Әйелін ұрып, баласын жылатқанды заң басынан сипай қоймайды

Бүгінде отбасылық-тұрмыс¬тық қиянат-қысым қоғамда кеңінен орын алып жатқанын жасыра алмаймыз. 2022-2023 жылдар аралығында тұрмыстық бағытта күш көрсету жиі тіркелетін өңірлерден келіп түскен ақпараттарға қарағанда, зорлық-зомбылыққа байланысты полицияға 120501 тұрғын хабарласып, шағым айтқан. Оның ішінде ең көп қоңырау түсетін өңірлердің қатарында Түркістан облысы да бар. 

Screenshot_12.jpg

Нақтырақ айтсақ, Түркістан қаласында бір жыл ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 6606 хабарлама түскен. Оның ішінде 3304 адам арыз жазудан бас тартыпты. Сотқа 3302 іс жолданып,1605 іс тараптардың татуласуы бойынша тоқтатылған. Расында, соңғы жылдары отбасылық зорлық-зомбылықтың күшейе түскені байқалады. Отбасындағы озбырлыққа жол берілмесін деп ұрандатсақ та, жыл сайын құқық қорғау органдарына араша сұрап келетіндердің қатары азаймай тұр. Сол себепті отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл әрекеті әлеуметтік маңызы бар мәселе. Өркениетті заманда өмір сүріп жатқан әрбір ел азаматтардың амандығы мен денсаулығын бірінші орынға қояды. Отбасында орын алған зорлық-зомбылық оқиғалары мемлекеттің қорғауындағы және бақылауындағы маңызды жәйт.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, қоғамдағы буллинг, агрессия мәселесіне айрықша назар аударды. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатігездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес... Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда заң үстемдігі болуы қажет. Ең бастысы, біз мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керек», деген Президент бірқатар тапсырма жүктеді. Ал биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет екенін тапсырды.

Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі Мемлекет басшысының назарынан бір сәтке де тыс қалған емес. Мысалы, Президент халыққа арнаған Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту туралы Үкіметке арнайы тапсырма беріп, нәтижесінде былтыр шілде айынан бастап тиісті заңға құқықбұзушылықтарды декларациялаудан анықтауға көшуді көздейтін өзгерістер енгізілді. Содан бері елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша жәбірленуші полицияға арызданбай-ақ әйеліне әлімжеттік жасаушыларға қатысты әкімшілік іс қозғала беретін мүмкіндік пайда болды. 

Қазіргі заң бойынша бір отбасында айқай-шу шықса, полиция оқиғаны өз бетінше анықтап, күйеуінің әйеліне қол көтергені белгілі болса, іс бірден сотқа өтеді. Одан бөлек жәбірленуші тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамға шара қолдану үшін «102» нөміріне хабарласып, полиция қызметкерлерін оқиға орнына шақыра алады. Әйел арызданудан бас тартқаныман медициналық көмекке жүгінген болса, жедел жәрдем бригадасы полиция шақыруға міндетті. Сонымен қатар күйеуінің әйеліне күн көрсетпейтінін көршісі сезіп, полицияға хабарласса, әкімшілік іс қозғалады.

Яғни қазір әйелдің «өзімнен де кінә бар» деп болған істі жылы жабуына жол берілмейді. Әйелі күйеуін қанша жерден қорғаштаса да кешірім сотта бір-ақ мәрте беріледі. Осыған қарамастан, бүгінде отбасылық дау-дамай, зорлық-зомбылық тыйылар емес, - дейді Түркістан қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Әдрахман Тоқбергенов.

 «Әйелді ұрма, сағы сынады, баланы ұрма, бағы сынады» деген ата-бабамыз әйелді де, баланы да ұрмай-соқпай, ақылмен басқара білген. Әр отбасында шаңырақтың берекесі әйел екенін, ал әйелге ер адамның қамқоршы болуы керектігін әркім жадында ұстауы тиіс. Отағасы жұдырыққа сеніп емес, Абай атамыз айтқандай, «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің» пәрменімен әрекет еткені абзал. Отбасындағы кикілжіңнің арты күш қолдануға ұласса, бұл «тұрмыстық зорлық-зомбылық» деп аталады.

Ең өкініштісі, көп жағдайда зорлық-зомбылықтың құрбаны нәзікжандылар мен балалар екені белгілі. Өйткені әйел – әлсіз, бала – қорғансыз. Зорлық-зомбылық жасау әрекетінің сипаттамасына заңда «Бір адамның екінші бір адамға, оның жеке басына тиіспеушілік құқығын бұзатын және психикалық ықпал жасауы» деп құқықтық баға берілген.

- Қаладағы әлеуметтік-психологиялық кеңес беру кабинеті әйелдерді аптаның дүйсенбі және жұма күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін қабылдап, тегін консультативті-психологиялық кеңес береді. Сонымен қатар біздің «Сенім» телефондарымыз тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Бір қарағанда қаладағы барлық отбасы бақытты өмір сүріп жатыр деп айта алмаймыз. Бірақ кей отбасының сырт көзге салтанаты жарасымды болып көрінуі мүмкін. Ал шындығында, екі жұп өздері оңаша қалғанда бірінің сөзін бірі құптамай, жоқ жерден ілінісіп қала беруі  немесе «Үй артында кісі бар» деген сөзді қаперге алмай, көршіден де, басқадан да ұят болады демей ашық айқасқа кетуі мүмкін. Іс ұрыс-керіспен бітіп жатса, мейлі. Бүгінде бірін-бірі құрметтеудің орнына әлі жеткен әлсізді сабайтын оқиғалар жиілей түсті. Негізі қыз бен жігіт отбасын құрмастан бұрын бірінің сырына бірі қанық болуы керек. Бірі ашуға берілсе, екіншісі басу айтқанда ғана отбасылық дау-дамай ушықпайды. Мұны қазақ «Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деп тап басып айтқан, –  деді ол Әдрахман Тоқбергенов.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың неше түрі бар. Әйелдердің бірі қаржы жағынан отағасына тәуелді болып, яғни экономикалық зорлық-зомбылыққа, келесісі жыныстық зорлық-зомбылыққа тап болса, ал енді бірі күйеуінен психологиялық қысым көруі мүмкін. Тағы бірі физикалық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Егер ер-азамат осылардың қай-қайсысын қолданса да заң оның басынан сипай қоймайды. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Отаншылдық та өз еліңе, өз жеріңе, өз тарихыңа деген сыйластықтықтан басталады
  • Әйелін ұрып, баласын жылатқанды заң басынан сипай қоймайды
  • Адамдардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет
  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер