Отаншылдық та өз еліңе, өз жеріңе, өз тарихыңа деген сыйластықтықтан басталады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейінгі Жолдауларында да биылғы Жолдауында да вандализмге тұсау салу туралы айтқан болатын. «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. 

Screenshot_13.jpg

Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың отырысында айттым. Елдің болашағына кесірін тигізетін бес кеселге тоқталдым. Содан бері біршама жұмыс атқарылды. Вандализмге, лудоманияға тосқауыл қоятын заңдар қабылданды. Вейпке, яғни электронды темекіге тыйым салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесі қазірдің өзінде көрініп жатыр. Әлеуметтік кеселдің бәрімен тұтас жұрт болып жұмыла күресу қажет», - дейді Президент.

Түркістан қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Алмас Мырзахметовтың айтуынша, Түркістан қалалық партиясы «Жастар рухы» жастар қанатымен бірге шаһарда вандализмге қарсы түрлі іс-шаралар мен дөңгелек үстелдер өткізіп келеді. Тәртіп сақшылары мен жастардың араласуымен қалада вандализмге біршама тоқтау салынған.

– Президентіміз Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында да вандализм мәселесін қозғап, әлем елдеріндегі мысалдарды тілге тиек етті. Тағы бір кесел, бұл – вандализм. Өкінішке қарай, қоғамдық мүліктен бастап, мыңжылдық мәдени мұраларға дейін – бәрін жаппай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналған. Бурабайдағы «Жұмбақтасты», Баянауылдағы «Кемпіртасты» қараңыздар. Ең жауһар жерлеріміздің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қандай қисыны бар?! Мұның бәрі – барып тұрған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік. Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек. Дүниежүзінде, нақты айтқанда, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Сингапурда жағымды мысалдар көп, осы елдер көпке үлгі болып отыр. Ал біз неге олардан кем болуымыз керек? – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы орайда алдымен «Вандализм дегеніміз не?» деген сауалға жауап іздеп көрелік. Жалпы вандализмнің шығу тарихы тым тереңде жатыр. Деректерге сүйенсек, 450-жылдары Рим империясында пайда болған. Вандализм сөзінің мағынасы «қиратушы», «сындырушы» дегенді білдіреді. Римнің архитектуралық құрылыстарын қиратқан мәдениеті осал тайпаларға қатысты айтылған термин. Одан бері де қаншама жыл, қаншама ғасыр өтті. Вандализм жойылудың орнына, керісінше уақыт өткен сайын тамырын тереңге жая түсуде. Қарапайым ғана мысал, Түркістан қаласындағы бірқатар аллеяларға бара қалсаңыз орындықтарға есімдерін ойып жазып, түрлі суреттер салып кеткен жағдайларды көресіз. Кейбірінің ағашын сындырып тастаған. Ұялы телефон қуаттау үшін орнатылған арнайы құрылғылардың бүгінде бүтіні қалмаған. Жарықшамдардың да бүлінгені аз емес. Көпқабатты үйлердің қабырғаларына жазылған жазуларды айтпақ түгіл, оқуға ауыз бармайды. Бұдан бөлек тарихи-мәдени ескерткіштерге жасалып жатқан «қастандықтар» қаншама?!, - дейді Алмас Мырзахметов.

Ежелгі ескерткіштерге де есімдерін ойып жазып кететіндер де тиылмай тұр. Түркістан қалалық мәден ескерткіштер мекемесінің қызметкерлерінің айтуынша, үнемі тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-жапсарын зерделеу мақсатында жыл сайын мониторинг жұмыстарын жүргізіліп тұрады екен. «Тарихи-мәдени нысандарға қатысты заңбұзушылықтар мен ескерткіштердің сақталуына әсер ететін факторлар болса дер кезінде анықтап, оған қатысты тиісті іс-шараларды қолданамыз. Кәсіпорын мамандары далалық экспедицияға шыққанда аудандар аумағындағы ескерткіштердің техникалық жай-жапсары мен қорғалу деңгейін анықтайды. Өкінішке қарай, аталмыш жұмыстар барысында тарихи-мәдени орындарға орнатылған темір қорғау тақтайшалар мен анықтамалық гранит тақталарды бүлдіріп, сындырып кету жағдайларын жиі кездестіреміз. Бұл – мәдениеттің төмендігінің көрінісі. Салдары тарих және мәдениет ескерткіштерінің сәнін қашырып, кәсіпорын бюджетіне салмақ түсіруді. Мониторинг нәтижелері бойынша кәсіпорын мен қалалық және аудандық инспекторлар бірлесіп, қалпына келтіру жұмыстарын атқарады. Мұндай әрекеттер берісі адамдық, әрісі құқықтық тұрғыдан да құптарлық іс емес. Амал қанша, айтудан ауыз шаршады, көпшіліктің құлқы солай қалыптасқан, – дейді сала мамандары. 

Ал Алмас Мырзахметов та бүтінді бүлдіретін бұзақылар азаймай тұрғанын қынжыла жеткізді. Сондай-ақ полиция маманы вандализммен ұсталғандар жазасыз қалмайтынын баса айтып өтті. 

– Президент тапсырмасымен былтырдан бастап вандализм актілері, қоғамдық және жеке мүлікті бүлдіргені үшін жаза қатаңдатылды. «Мүлдем төзбеушілік» қағидатын іске асыру аясында қоғамдық орындарда әдепсіз сөздер айтып, қорлау, ғимараттар мен өзге де құрылыстарды, қоғамдық орындарға нұқсан келтіру және қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын басқа да ұқсас әрекеттер үшін 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу немесе 15 күн есебіндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн 1 жыл iшiнде тағы да қайталанса, 30 тәулікке дейінгі мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеліп соғады. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны және бөтеннің мүлкін бүлдіргені туралы фактілер анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдау үшін «102» нөміріне хабарласу керек, – дейй келіп Алмас Мырзахметов вандалдармен қоғам болып күресу керектігін жеткізді. 

Бүтінді бүлдіріп, қоғам меншігіне атүсті қарайтындармен күресіп жүргендердің бірі волонтерлер. Олар биылдың өзінде 100-ден астам белсендімен қаладағы 100-ге жуық граффити жазуды өшіруге атсалысқан. «Қаладағы бірнеше шағын аудандағы көпқабатты үйлердің қабырғаларын граффити жазулардан тазалауға астсалыстық. Өз атын әр жерге қайталап жаза беретіндер аз емес. Солардың көбісін жасайтын оң-солын танып үлгермеген жастар. Арасында қызық көріп, рұқсат етілмеген жерлерге барып сурет салып, полиция қызметкерлерінен қашып, содан ерекше рақат алатындар да бар. Бұл – таза жабайылықтың, мәдениеттің төмендігінің көрінісі, нағыз вандализм», – дейді валонтердің бірі Мұрат Әбу.

Психологтардың айтуынша, вандализм адамның девиантты мінез-құлқынан туындайды. Салдарынан өнер, мәдениет объектілері мен мемлекеттік маңызды орындар бүлінеді немесе біржола жойылады. Вандализм терминінің мағынасы мәдени ортада және діни салада кеңінен қолданылады. Яғни мәдени ескерткіштер мен ғимараттарды бұзу ғана емес, рухани құндылықтарды жою, өнер, білім, мәдениеттегі ерекшеліктерге немқұрайды қарауды да білдіреді. Адам вандализм арқылы ішкі күйін, басқа адамдармен келіспей тұрғанын жеткізеді. Мысалы, бір жасөспірім ғимараттың сыртын бояп, сызып немесе сындырып кетсе, қоғамға деген наразылығын білдіреді. Ал қоғамға деген наразылығы – өмір сүру дағдысын, әлемді қабылдау деңгейіне байланысты. Кейбіреулер «іште сақтама, сыртқа шығарып таста» деген кеңесті дұрыс түсінбеуі мүмкін. «Агрессиямды сақтамай, шығарғым келеді» деп көшедегі көрінген затқа тиіседі. Сонымен қатар біреудің «сен оны істей алмайсың, қолыңнан келмейді» деген сөзіне еріп, батылдығын даладағы затты бүлдіру арқылы дәделдегісі келуі де мүмкін. Адам вандализмге неліктен баратынын нақты айту қиын. Бұл ауытқуға жатпайды. Себебі адам ғимаратты біреуге еліктеп, ашуланып немесе наразы болып бұзады. Осылайша ішкі жанайқайын білдіреді әрі осылайша өмірде өзін мойындатқысы келеді, қоғамдағы өз орнын дәлелдегісі келеді. 

Ресей психологі, ғылым кандидаты, доцент Людмила Ватова 11-23 жас аралығындағы адамдардың вандализм жасау себептерін зерттеген. Психолог осы жас аралығындағы адамдардың вандализмге баруын 4 деңгейге бөледі. Бірінші – бейсаналы деңгей. Себеп – ашу-ызаның сыртқа шығуы, алкоголь немесе есірткі әсері. Екінші – саналы деңгей. Себеп – ойын, сауық құру, еліктеу, ішкі «менін» жақтау. Үшінші – саналы әрі жеке психологиялық деңгей. Себеп – өзін-өзі ұстау, қорғау немесе кек алу. Төртінші – саналы әлеуметтік-психологиялық деңгей. Себеп – өзін-өзі растау, наразылық, қайғыға, ренішке назар аудару, жауап беру. Ал өзімнің тәжірибемнің барысында бала кезден келе жатқан жан жарасы вандализм жасауға негізгі себеп болатынын дәлелдеуде. 

Ресми деректерге сүйенсек, вандализмге көбіне 12-16 жас аралығындағы жасөспірімдер барады екен. «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан қалалық филиалыныңтөрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов вандализм жасайтын балалар емес, оларға дұрыс тәрбие бермеген ата-аналары кінәлі екенін айтады.

– Ата-аналар перзенттеріне күнделікті мүлікті қиратпау, кез келген жерге сурет салмау, шимайлауға болмайтынын құлақтарына құйып өсірген жөн. Әрбір дүниенің киесі бар екенін, әрбір заттың артында қанша адамның еңбегі жатқанын, оған мемлекеттен арнайы қаржы бөлінетінін түсіндіріп отыру керек. Құндылықтарды бағалауға дағдыландыру қажет. Үйде дұрыс тәрбие алған бала тәртіпсіздікке бармайды, – дейді ол. 

Осындайда Қадыр Мырза Әлінің: «Кімді аяйды есіргендер, Қызғандар?! Қасиетті ұғымдарды сызғандар. Бәрін, бәрін, Барлығын да бұзады Бақилардың тыныштығын бұзғандар!» – деген өлеңі еріксіз еске түседі. Қоршаған ортаға құрметпен қарау, құндылықтарды қадірлеу – адамның таным-түсінігі мен әдебі, ішкі мәдениетіне байланысты. Сайып келгенде, отаншылдық та өз еліңе, өз жеріңе сыйластықтықтан, жанашырлықтан басталатыны анық.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Отаншылдық та өз еліңе, өз жеріңе, өз тарихыңа деген сыйластықтықтан басталады
  • Әйелін ұрып, баласын жылатқанды заң басынан сипай қоймайды
  • Адамдардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет
  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер