Түркістан облысында 3 млн 131 мың гектар орман қоры жерлері бар, оның 50 % -дан астамы орманмен көмкерілген. Өткен жылы орманды молайту шаралары бойынша 11 610 гектар жерге мәдени орман екпелерін жүргізу жоспарланып, толығымен орындалды. ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында Республика аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 млрд ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылған болатын. Осыған орай биыл Түркістан облысында 30 млн дана тал егіледі деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту және тұрақтандыру мақсатында қала айналасынан 2019-2023 жылдары 7700 гектар аумаққа «Жасыл белдеу» құру жоспарланып, қазіргі таңда 4 жылға жоспарланған меже артығымен орындалды. Қазіргі таңда оның 7 700 гектары аяқталған. Дәл осы тұста әр талды егіп, баптаудың оңай соқпайтынын айтып өткім келеді. Түркістан облысының климатына байланысты көшеттердің жерсінуі 50 % -дан аспайды. Өзге өңірлерде 70% төңірегінде. Су тапшылығы кезең-кезеңмен шешілуде. Әр тал жеке-жеке суарылады. Алда облыс орталығының айналысындағы 20 мың гектар аумаққа жасыл белдеу қалыптасатын болады»,-деді облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев.
Облыс көлемінде 5 жылда 110 210 гектар жерге 170 млн. ағаш көшеттерін отырғызу бойынша Кешенді жоспар бекітіліп, жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Облыс әкімдігіне қарасты орман шаруашылығы мекемелеріндегі 21 питомникте бүгінде 8,6 млн. аса әртүрлі ағаш көшеттері өсірілуде. Олардың санын 30 млн-нан асыру жоспарланған.