"Егеменді еліміздің тірегі - білімді ұрпақ" десек, білім негізі бастауышта қаланатыны белгілі. Тәрбиенің сан салалы, күрделі мәселелеріне терең бойлауға бастайтын, күнделікті тұрмыста кездесетін дағдылар арқылы баланың жан дүниесіне әсер ететін білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағы – бастауыш мектеп. Бастауыш саты – білім мен дағды, іскерліктің қалыптасуының бастамасы болып табылады. Келешекте жалпы білім алу мен кез-келген арнаулы мамандықтарға талпынудың іргетасы осы бастауышта қаланбақ. Бастауыш білім – оқушының рухани күш қуаты мен ерік жігерінің, шығармашылық қабілетінің, жалпы мүмкіндіктерінің ашылар кезі. Бастауыш мектептің негізгі міндеті – жеке тұлғаны дамытып, оның алғашқы қалыптасуын қамтамасыз ету, білімне деген сенімін нығайту, іскерлігі мен дүниетанымын қалыптастыру, оқуға деген қызығушылығын оятып, ынтасын арттыру болып табылады. Ендеше осы міндеттерді жүзеге асыратын басты тұлға – Ұстаз. Тек мықты ұстаз ғана осындай ауыр жүкті алып жүре алады.
Бастауышта берілетін білімге ерекше көңіл бөлінеді. Яғни ғылыми білімдердің негізі осы бастауыштан басталады. Баланың оқу әрекетінің танымдық белсенділігі де осында қалыптасып, олар білімдерін өз беттерімен толықтыра алатындай деңгейге көтеріледі. Бастауышта алған білім мықты болса, оқушылардың жоғарғы сыныпқа барғанда да алатын білімдері сапалы деген сөз.
Мектеп табалдырығын аттаған жас бала ертеңгі ел тұтқасы десек, оларды парасатты, саналы азамат етіп тәрбиелеу – әрбір ұстаздың борышы. Бүгінгі мұғалім кіші мектеп оқушыларына тек білім беріп қана қоймай, оларды халықтық педагогиканың нәрлі қайнарымен сусындату, әрбір оқушы бойында ұлттық мінез-құлық, адамгершілік, сыпайылық пен кішіпейілділік қасиеттерін қалыптастыруға, баланың жан дүниесін рухани қазыналармен байытуға, қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін меңгертуге тиіс. Алдыңғы қатарлы тәжірибені жетілдіре отырып, оқу үрдісіне жаңа әдіс-тәсілдерді, оқытудың жаңа технологияларын енгізіп, оқушылардың жалпы дамуын қамтамасыз етуі керек. Бала жаны жаңалыққа құмар, білмегенін білгісі келіп, белгісіз нәрсені ашуға тырысатын болғандықтан бастауыш сынып мұғалімі олардың осы талпынысын дамытуға көңіл бөлуі тиіс. Оқушылардың сүйіспеншілігін арттыру мақсатында сабақ барысында тиімді әдіс-тәсілдерді енгізіп, оны ұйымдастыру формасын түрлендіріп отыру – мұғалімнің басты міндеті екені белгілі. Мұндай жағдайға мұғалімнің шеберлігі, ұйымдастырушылық қабілеті үлкен рөл атқарады.
Қазіргі таңда жаңа бағдарламаны әрбір мұғалімнің іс-тәжірибeсінe eнгізу мектебіміздің басты талабына айналып отыр. Осы орайда, бастауыш сыныпқа мектепалды даярлық сыныбы – алғашқы тәрбие, білім берудің баспалдағынан өткен бүлдіршіндер сынып өміріне бірден үйрене қоймайды. Оқу мақсаты – баладан мақсаттылықты, шығармашылықты, логикалық пайымдауды қажет еткен кезде бала қинала бастайды. Ойын іс-әрекетінен оқу іс-әрекетіне көшудің қиындығы қандай? Яғни, сабақтастық болу ¬керек. Біріншіден, екі буын арасындағы ортақ мақсат-міндеттер, ортақ мазмұндық жүйе, екіншіден, білім берудің әдістемелік жүйесінің әрбір компонентінің үйлесімділігі. Осының барлығы бір ғана түпкілікті мақсатқа – баланы жүйелі сатылы дамыту, бір буыннан екінші буынға неғұрлым сәтті өтуге бағытталуы тиіс.
Педагогикалық мамандықтардың ішінде бастауыш сынып мұғалімі мамандығы – ерекше мамандық. Өйткені кез – келген мамандық иегері бастауыш сынып мұғалімінен тәлім-тәрбие алады. Қазіргі жаһандану дәуірінде ғаламтор, әлеуметтік желілер, нана технологияның қарышты дамыған заманында оқушылар кез-келген ақпараттарды, кез-келген уақытта дем арада ала алады. Бұл- оқушылар білімінің қарқынды дамуларына ашылып отырған негізгі жол. Осы дәуірде мұғалімге қойылатын талаптардың өзі орасан зор. Өйткені, заман талабының өзі соған итермелеп тұр. Заман талабынан қалып қалса, мұғалім білімінің кенжелеп қалатынында дау жоқ. Соған сәйкес мұғалім өз білімін үнемі жетілдіріп отырғаны абзал.
Қорыта келгенде, бала бойына білімнің нәрін сеуіп, кеуделеріне адамдықтың дәнін себетін, білімнің бастауы бастауыштан басталатындығы ол шынайы факт.
Айнұр ОҢҒАРБАЕВА, Төлеби ауданы Қаратөбе жалпы білім беретін мектебі бастауыш сынып мұғалімі