Мүгедектігі бар жандардың өмір сүру жағдайын жақсарту – «АМАНАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басты міндеттердің бірі.
Себебі, осы талап орындалса, демек – қоғам да дамудың жаңа сатысына шыққан болып саналады. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға құрметпен қарау, олар үшін кедергісіз орта құру, әлеуметтік қызметтердің стандарттарын жоғарылату – партия осындай мақсат-міндеттерді қойып, соған жету жолында жүйелі жұмыс атқарылуда.
Соған дәлел болатын жағымды жаңалықтың бірі - Көксәйек елді мекеніндегі №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының мәселесінің оң шешімін табуы. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Төлеби ауданында елге есеп беру жиынын өткізгенде осы орталықтың мәселесі де көтерілген болатын. Бұл өзекті мәселені "Amanat" партиясынан сайланған облыстық мәслихат депутаты ретінде бұған дейін де Түркістандағы түрлі алқалы жиында бірнеше дүркін дабыл қаққан едім. Мүмкіншілігі шектеулі жандарға тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек және мәдени бағыттағы қызметтерді көрсетіп келе жатқан бұл орталықтың атқарып отырған еңбегі орасан. Әлеуметтік маңызы зор мекеменің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі біраз жылдан бері жыр болып жүрген еді. Екі корпустан тұратын ғимарат ширек ғасырдан бері күрделі жөндеуді көрмегендіктен әбден тозығы жеткен.
Мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтер көрсетілетін кабинеттер ғана емес, монша және кір жуу бөлмелерінің де жағдайы мүшкіл. Күрделі жөндеуді қажет етіп отырған жалпы алаң 4870 шаршы метрді құрайды.
Көздеген тірлігін жүзеге асырғанша тынбайтын іскер басшы Шәрбат Оразалықызы басшылық жасайтын арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығын толық күрделі жөндеуден өткізуге смета бойынша 600 миллион теңге шамасында қаржы қажет болатын.
Сол елге есеп беру жиынында өңір басшысы бұл мәселенің тиісті шемімін табатынына, күрделі жөндеуге қажетті қаржының бюджеттен бөлінетініне уәде берген болатын. Міне, Нұралхан Оралбайұлы көпшіліктің алдында берген сол уәденің үдесінен шығып отыр. Алдағы облыстық мәслихаттың сессиясында №3 Көксәйек арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығын күрделі жөндеуден өткізуге қажетті қаражатты бөлу жайлы ұсыныс тұрақты комиссиялардың жиынында талқыланып, депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Бұған дейін әлеуметтік маңызы бар орталықты сапалы күрделі жөндеуге қаралған қаражаттың 100 милиион теңгесі бөлінген болса, енді осы жолы негізгі бөлігі - 500 миллион теңгені бюджеттен бөлуге шешім қабылданды.
Депутат ретінде өзім дабыл қаққан бұл мәселенің қаржысы тиімді жұмсалуын, жұмыс сапалы атқарылуын бақылауда ұстайтын боламын.
Ғалымжан Елшібай,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты