Түркістан облысы Түлкібас ауданында 54 гектар аумаққа шиенің (чирешня) ерте пісетін сорты отырғызылуда. Оның 50 гектары Мичурин ауылдық округінде орналасқан «Мөлдір» ЖШС-не тиесілі. Серіктестік директоры Қ.Үсембаев көшетті әзірге 30 гектарға егіп, қалған 20 гектарын күз айларында егуді жоспарлап отыр.
- Біз көшетті арнайы Түркиядан алдыртып отырмыз. «Американка» деп аталатын шиенің бұл түрін ерте өнім беретіндіктен және өте жоғары сұранысқа ие болғандықтан таңдап алдық. Қазіргі таңда, арнайы мамандардың көмегімен көшеттерді талапқа сай етіп отырғызып жатырмыз, – деді мекеме басшысы.
Сондай-ақ, 4 гектар аумаққа шиенің тап осы түрін егуді Ақбиік ауылдық округіндегі «Нұрсәуле Фрутс» ЖШС де қолға алған. Сондай-ақ, аталған серіктестік ерте көктемде 50 гектар алқапқа «Гала», «Голден Делишес», «Старкримсон» сортты алма көшеттерін де отырғызған. Мекеме басшысы өнімге деген сұраныс арта түссе баудың көлемін де кеңейтуді көздеп отыр. Екі шаруа қожалық та баудан мол өнім алу үшін израилдік технологияны қолдануда.
Аудан әкімі Нұрлан Байғұт шие бауын баптап отырған серіктестіктерде арнайы болып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Кәсіпкерлердің бастамаларына сәттілік тілеп, әкімшілік тарапынан тиісті қолдау болатынын айтты.
Айта кетейік, қазіргі таңда жалпы ауданда ерте пісетін шиенің сорты 33 гектар жерге отырғызылған. Жоғарыда аталған серіктестіктердің жоспары жүзеге асса баудың көлемі 87 гектарға дейін ұлғаймақ.