Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев ел халқына жолданған жолдауында кәсіпкерлік саласын қолдауға арналған біршама игі бастамаларды атап өткен болатын.
- Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті. Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек – деген болатын мемлекет басшысы.
Бүгінде Түркістан облысында мелекеттің қолдаудың аясында кәсібін кеңейтіп, мол табыс тауып отырған жандар көп. Мәселен, Түлкібас ауданында балық шаруашылығы қарқынды түрде дамып келеді. Қазіргі таңда, онда балық өсірумен айналысатын 7 шаруа қожалық бар.
Соның бірі Жаскешу ауылдық окуругіндегі «Юлдуз-2» серіктестігі. Аталған қожалықтың балық өсіріп келе жатқанына 2 жыл болған. Алты гектар аумақты алып жатқан жасанды су тоғанға кәсіпкер бастапқыда 14,5 мың сазан, карп және дөңмаңдай (толстолоб) балықтарының шабақтарын жіберген. Бүгінде шаруашылық алғашқы жемісін бере бастаған. Мәселен, қожалық иесі орташа есеппен айына 300 келі балықты аудан және Шымкент қаласының сауда орталықтарына өткізіп келеді.
Айта кетейік, бұл бағыттағы жұмыстарды дамыта түсу үшін мемлекеттік бағдарлама аясында балық жемінің 30 пайыз шығындары субсидияланып, тиісті қолдаулар көрсетілуде.