300-ден астам жүргізуші жауапқа тартылды

15073427_147_0_2629_1396_1920x0_80_0_0_4122ffdc237594de0ef1817d46b1656f.jpg

Түркістан облысының аумағында полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің тапсырмасымен жолдарда орын алатын апаттардың алдын алу мақсатында рейдтік-профилактикалық іс-шара өткізілді.  Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Аталмыш рейд кезінде Түркістан облысы Полиция департаменті Патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен облыс аумағында, республикалық маңызы бар тас жолдарда, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда тиісті құқықтық тәртіпті сақтау, қылмыстарды ескерту және жолын кесуге бағытталған біршама жұмыстар атқарылды. Негізгі мақсат - жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтау және жолын кесу, облыс жолдарында апаттылықты төмендету, жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру, әсіресе, құрылысы қайнаған облыс орталығында жүк көліктерінің заң бұзушылық жасауына жол бермеу болып табылады.Күшейтілген режимде ұйымдастырылған тексеру кезінде Түркістан облысында соңғы үш күнде жолға қатысты 3500-ге тарта құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде құрылыс заттарын тасымалдау кезінде қауіпсіздікті сақтамаған, тыйым салған аймаққа кіріп, жол белгілеріне бағынбаған жүк көлігінің жүргізушілері анықталды. Мәселен Келес ауданы «Жібек жолы-Гагарин-Жетісай-Сарыағаш» тас жолының 162-шақырымында құм артып алған, алайда құмның үстін арнайы жапқышпен жаппаған «Howo» маркалы көлігі тоқтатылды. Осылайша жүк тасымалдау қағидасын бұзған жүргізушіге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 593-бабы 1-бөлігімен «Жолаушыларды және жүктерді тасымалдау қағидаларын сақтамау» хаттама толтырылды.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары қала ішінде жүк көліктерімен жүріп, жол ережесін бұзғандарды анықтау мақсатында Түркістан қаласы Б.Жарылқапов көшесі бойында бірнеше құқық бұзушылықты анықтады. Құрылыс затын артып, алайда үстіне жапқыш жаппағаны үшін «Howo Sinotrik» маркалы жүк көлігінің иесі жауапқа тартылды. Дәл осы көшеде полицейлер, мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ жүк көлігін байқап, оны бірден тоқтатты. Анықталғандай көліктің нөмірі өз орнында емес, ішкі салонында тұрған. Осы үшін жүргізушісі ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 590-бабы 1-бөлігімен (мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) оқылмайтын немесе ұлттық стандарттың талаптарына сәйкес келмейтін немесе белгіленген орындардан тыс жерде орнатылған, тiркелген көлiк құралын басқару) жауапқа тартылды. Үшінші құқық бұзушының жүк көлігінен жүргізуші жақ бетіндегі әйнегінің жарылуы анықталып,  ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 5-бөлігімен «техникалық регламенттердің, ұлттық стандарттардың талаптарына сай келмейтiн, сондай-ақ көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын ақаулары мен жағдайлар бар көлiк құралдарын басқару» хаттама толтырылды.  Одан бөлек облыс орталығындағы Қызылорда көшесінде «Камаз» маркалы жүк көлігінің жүргізушісі көлікті куәліксіз басқарған, жол таңба белгілерін сақтамағаны анықталып, оған ҚР ӘҚБтК-нің екі бірдей бабымен, яғни 612-бабы 2-бөлігімен, 601-бабының 1-бөлігімен әкімшілік шарасы көрілді.

Түркістан облысының полицейлері, жүк көліктерінің жүргізушілеріне темір тұлпарларын қала ішінде тыйым салынған аумақта айдамауға, лас күйде жүрмеуге, қандай да бір жүк артқан сәтте заңға сәйкес қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Осы талаптар жүк көлігінің жүргізушілері тарапынан толық сақталмайынша, бұл рейдтік шаралар жалғаса бермек. Себебі бұл мәселе Түркістан облысы бас полицейінің қатаң бақылауында. 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • «Маяк» - cапалы қызмет көрсетеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер