Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Қарасора» профилактикалық іс-шарасы кезінде шекарадан есірткі алып өтпек болған шетелдікті ұстады. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Нақтырақ айтсақ, «Қапланбек» шекара бекетінен Қазақстаннан Өзбекстан Республикасына шетелдік жас жігіт өтер сәтте, «Малком» атты қызметтік ит белгі беріп тоқтатты.
Полиция қызметкерлері ақпарат түсісімен оқиға орнына жетті. Шетелдікті тінту кезінде оның шалбарының қалтасынан есірткі затына ұқсас зат табылып, нәтижесінде ол «кептірілген марихуана» болып шықты. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша тіркеуге алды. Қазіргі таңда күдікті ер адамды уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері есірткі заттарының заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Егер сізде, есірткіні заңсыз сақтау және өткізу жайттары туралы қандай да бір ақпарат болса, дереу полицияға хабарласыңыз.